«ЖАМИҒАТ-АТ ТАУАРИХ» КІТАБЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ АУДАРЫЛДЫ
Елбасы кітапханасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Жамиғат-ат тауарих» және «Зикзал» кітаптарының тұсаукесері өтті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған 5 томнан тұратын Рашид ад-Диннің «Жамиғат-ат тауарих» атты кітабы алғаш рет қазақ тіліне аударылып, танымал қазақстандық ғалымдардың пікірлерімен қамтылған. «Жамиғат-ат тауарих» - парсы тілінде жазылған ортағасырлық тарихи әдебиеттің аса маңызды ескерткіштерінің бірі. Бұл үлкен тарихи энциклопедия. Бұл «Жылнама жинағы» әртүрлі тайпалар мен халықтар туралы тарихи деректерді қамтиды, онда ертедегі Моңғолия, Шығыс Түркістан, Иран, Орталық Азия, күнгей Кавказ, Поволжье мемлекеттері мен халықтары туралы құнды тарихи мәліметтер бар.
«Аталған еңбектердің ана тілімізге аударылуын шын мәніндегі тарихи оқиға деп қабылдаймыз. Аталған еңбектің рухани өмірімізде алатын орны ерекше, өйткені «Жамиғат-ат тауарихы» сол ортағасырларда Қазақстан территориясын мекендеген түркі тілдес халықтардың тілі, діні және тұрмыс-тіршілігі туралы баяндайтын бірден-бір туынды. Бұл тектес шаралардың түп мақсаты- терең тарих қойнауын шертетін құнды жазбаларды өз тілімізге аударып, ұлттық кодымызды сақтау арқылы рухани жаңғыру», - деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев.
Тарих білгірлерінен алынған ауызша ақпараттан басқа «Жамиғат-ат тауарих» еңбегінде төмендегідей дереккөздер қолданылған: XI ғасырдың түрік энциклопедияшысы Махмұд Қашғаридің «Диуани лұғат ат-түрік» (Түркі тілдерінің сөздігі); парсы тарихшысы Жувейнидің «Тарих-и жаһангушай» (Әлемді бағындырушының тарихы); моңғол тілінде жазылған Шыңғыс хан және оның ата-бабалары мен мұрагерлерінің ресми тарихы баяндалған Алтан дэбтэр (Алтын шежіре) кітабының бөлігі.
Ал екінші еңбек XIX ғасырдағы танымал ғалым-энциклопедист Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты кітабы, ол арқылы ислам дінінің қағидаларымен, Құран тәпсірлерінің мағынасы мен астарындағы құпияларымен, хадис ілімдерінің қасиеттерімен және пайғамбарлар тарихына қатысты деректермен танысуға болады.
«Жамиғат-ат тауарихы» кітабын Рашид ад-Дин 1300-1316 жылдар аралығында жазып шыққан,еңбекті жазуға бір емес бірнеше яғни араб, парсы, қытай, үнді елдерінің тарихшы, жылнамашы, шежірешілері жұмылдырылған. Бұл туындылар тек қана қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл түркі тілдес халықтардың өмір салты мен дәстүрін баяндайды. Сондықтан іргелі еңбектерді қазақ тіліне аударып өз үлесімізді қосқананымызға қуаныштымыз», - деді Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.
Оның айтуынша, бұл басылымдардың ең басты ерекшелігі - парсы тілінде жазылған түпнұсқадан тікелей қазақ тіліне аударылған. Аталған еңбектерді М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің Түркітану ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, араб, парсы тілдерінің маманы Сәріпбай Жұманұлы аударған.
Шараға ҚР Парламентінің депутаттары, қоғам қайраткерлері және ғалымдар, мемлекеттік органдардың өкілдері мен студенттер қатысты.
Комментарии 1