«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ»: ӨНЕРІМЕН ӨРГЕ ЖҮЗГЕН
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жалпыұлттық жобасының екінші кезеңіне үміткерлер қатарында мұң бұралған биші, Сыр өңіріндегі беделді оқу орындарының көшін бастап тұрған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы Гүлбану Мырзабаева да бар.
Еңбекқорлығы мен талантының арқасында шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық етіп, қазіргі таңда хореография бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келеді.
Өзінің меңгерген саласында мол тәжірибесі бар Гүлбану Мырзабаева Шымкент қаласындағы Әл-Фараби мәдениет институтын, Жезқазған қаласындағы мәдениет мектебін бітірген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Дидар» би ансамблінде өнер көрсеткен.
Жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен талантының нәтижесінде бүгінде түрлі байқауларда топ жарып жүрген облыстық филармонияның «Томирис» би ансамблінің бас хореографы әрі, көркемдік жетекшісі. Өнер саласында өзіндік орны бар Гүлбану Мырзабаева көптеген халықаралық, республикалық және аймақтық жарыстардың жеңімпазы. Ол университет қабырғасында шәкірт тәрбиелеумен қатар аймақтың беделін асқақтатып жүрген «Томирис» би тобына да жалықпай еңбек етуде.
Аталған би ансамбльдің 17 жылдық тарихы бар. Осы жылдар аралығында топтың жеткен жетістіктер көп. Облыс көлемінде ұйымдастырылып келе жатқан іс-шараларға атсалысып жүр. «Томирис» би ансамблі 2002 жылы «Шабыт» халықаралық конкурсының лауреаты атанды. Қазіргі таңда топ көптеген ұлттық және халықаралық жарыстарға белсене қатысады.
Өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын Гүлбану Мырзабаева әрбір шығармасын мұқият дайындап, оны жан-жақты етуге тырысады. Талғамы жоғары талант иесі тек би ғана емес, сонымен бірге бишілердің кастюмдарына да аса мән береді.
Бүгінде Гүлбану Мырзабаевадан тәлім алған шәкірттер және «Томирис» би ансамблінің бұрынғы өнерпаздары еліміздің түкпір-түкпірінде, оның ішінде Астана, Алматы қалаларының мемлекеттік ансамбльдерінде өнер көрсетеді.