УЫЗ ЕРЕКШЕ ҚАСИЕТКЕ ИЕ

Қатырған уызды әзірлеу үшін уызды бүйенге, ащы ішекке немесе металл ыдысқа кұйып, қайнап жатқан судың ішіне салып пісіреді. Бір бұрқ етіп қайнағанда ыдысқа құйылған уыз шеміршектеніп қата бастайды. Одан соң оны ыдысымен бірге ыстық судан алып, салқын суға салады. Сонда уыз қайнап піскен жұмыртқадай болып шығады. Қатырған уызды сүр еттің үстіне турап салады. Төлбасы, яғни алғашқы төл туған күні соғымның етінен, шұжық асып, уыз қатырып, көрші-қолаңды шақыратын дәстүр болған. Ал пісірілген уызды дайындау үшін уызға сүт қосып сұйылтып пісіреді. Уыз іріп кетпеу үшін оны ожаумен сапырып отыру керек.
