«КЕЛ, САҚИНА, КЕЛ!»

Ақшамшық – қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан дәстүрлі ойыны. Оны сақина салу, сақина тастау деп те айтады. Ойынға он-он бес адам қатысып, ортаға бір жігітті немесе бір қызды шығарып, қолына сақина ұстатады. Ойын ережесі бойынша қыз-жігіттер үйде дөңгелене отырып, екі алақанын бір-біріне қабыстырып алға созады. Ойын жүргізуші алақанындағы сақинаны кімге салса да өз еркі. Ол барлық адамдардың алақанына сақина салған болып шығысымен, «Тұр сақинам, тұр», - деп, немесе «Ақшамшығымды бер!» деп дауыстайды. Сол сәт сақина тасталған адам орнынан атып тұрып, «Сақина менде», - деп айтуы керек. Алақанына сақина тиген адам жанындағы көршісіне ұсталып қалмауы тиіс. Ұсталған жағдайда жұрт алдында өз өнерін көрсетеді. Қазақтың бұл дәстүрлі ойыны адамды байқампаздыққа тәрбиелейді.
Кейбір кітаптарда сақина тастау ақшамшық емес, ақшымшық деп те жазылып жүр.
