АҚЖАРМАНЫҢ АБЗАЛ АЗАМАТЫ

Туып өскен ауылының халқына қолдау көрсетіп, тұрмысы төмен отбасыларға қаржылай да, азық-түлік өнімдерімен де көмек көрсетіп келе жатқан Қайрат Нұрсейтовтың игі ісі көпке үлгі. Ауылдағы тұрмысы төмен отбасылар мен батыр аналарға түрлі мерекелер қарсаңында сыйлықтар үлестіріп келеді. Сонымен қатар бұл отбасылардағы балалардың жазғы демалысында оларды тынығу лагерьлеріне баруына қаржылай көмек көрсетті. Сондай-ақ ауыл ардагерлерінің шипажайда демалуына жағдай жасап, үлкендердің ақ батасын алған. Білім күніне орай «Мектепке жол» акциясына да қолдау білдіріп, қайырымдылық жасады. Қайрат Нұрсейтов ауыл тұрғындарына жасаған қолдауларымен қатар, елді мекеннің абаттануына да үлес қосуда. Ол ауыл поштасы мен мешіттің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарына және орталық алаңның абаттануына қаржылай көмектесті.
Қайрат Нұрсейтов 2013 жылдан бері «Ақжарма и К» ЖШС төрағасы. Мектеп бітіргеннен соң ауылда жұмысшы болған серіктестік басшысы бірнеше қызметтік сатыдан өткен. 90-жылдардың қиын қыстау кезеңдерінде кәсіпкерлік саласында жұмыс жасап, сол уақыттарда Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін бітірген. 2007-2008 жылдары Ақжарма ауылының әкімі лауазымында болып, мұнан соң Сырдария ауданы әкімінің ауыл шаруашылығы саласы жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарды. 2013 жылдан бастап қазіргі төраға қызметінде.
Қайрат Нұрсейтов 2013-2014 жылдары екі мәрте әлеуметтік сала номинациясы бойынша «Парыз» сыйлығының иегері.