«КӨЗ ТИЮ» СОҚЫР СЕНІМ БЕ?
Сәби дүниеге келгеннен, оны қырық күн елдің назарынан қорғап, көз тиюден сақтайтыны белгілі. Дегенмен қазіргі күні бұл тыйымды көпшілігіміздің сақтап жүргеніміз жоқ. «Ойыңа алмасаң болды» деп бәле-жаланың алдын осы бір ауыз сөзбен-ақ қайтарып жүргеніміз рас. Шын мәнінде, осы «көз тию» дегенге сенуге бола ма? Бұл сұрақтың көптің көкейінде жүргені анық. Олай болса қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарынан мол мағлұмат бере алатын Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» кітабынан көз тиюге байланысты түсіндірмесінен үзінді келтіреміз.
«Тіліміздегі «көз тию» «сұқ өту» «аш кіру» деген ұғымдар көбінесе жас балаларға қатысты секілді көрінеді. Алайда бұл үлкендер де ұрынатын құбылыс. Тек ересектерге қарағанда сәбилерде жиірек, әрі ауыр тиеді, қаупі де күштірек. «Көз тию» әлдебіреулер айтып жүргендей «соқыр сенім емес». Негізі бар шындық. Ол дегеніміз әр адамның бойында белгілі бір мөлшерде қуат күші, қазіргі тілмен айтсақ, энергиясы, биоөрісі болатындығы. Сол қуат-күш сыртқа көз арқылы таралады екен. Ол біреуде жұмсақ, солғын болса, біреуде тым күшті дегендей. Әрине, адамдар сәбиге әдейілеп көзінің сұғын өткізейін демейді, жамандық ойына кірмесе де балаға кесірі тиетінін білмейді. Себебі ол өзінің бойында қаншалықты қаут күші барын, көзінен қаншалықты отты уыт таралатынын ұқпауы әбден мүмкін. Балаға сүйсініп, қызығып қадалғанда көздегі назар бірден беріліп, бала оны көтере алмай ауырып қалады. Оның белгілері әртүрлі болады, айтайық, сәби қолды-аяққа тұрмай шырылдап жылайды не сұлқ түсіп жатып қалады, құсады іші өтеді. Тәжірибелі әжелер мұндайда не болғанын бірден түсінеді, уақыт өткізбей баланы таза сумен ұшықтайды, тұзбен аштайды, адыраспен, аршамен аластайды. Онда да бұл әдістерді бойын таза ұстайтын, бес уақ намаз оқитын адамдар атқарады. Таңғаларлығы сол, осындай ем-дом ырымдардан кейін баланың халі бірден жеңілдейді.
Әжелеріміз немересінің маңдайына күйені білгендіктен жаққан, көпшілік ішіне барғанда біреу болмаса біреудің көзі балаға телміре қараса, алдымен күйені көреді, назар күйеге түсіп көз өту қаупі тоқырайды. Үлкен аталар мен әжелер сәбиге таңданып-тамсануға, өте еміреніп-сүйсінуге тыйым салған. Әлдекім балаға сұқтана қараса «Көзің тиеді, түкір» деп иықтан асырып түкіртеді. Өздері немерелерін қанша елжіреп жақсы көрсе де: «Ой, жаман, сұрың бар болсын!» -деп еркелетіп жатады. Жақын демей, жат демей жас балаларға: «Алла тіл-көзден сақтасын» – деп тілек тілейді.
Исі қазаққа ортақ, алты алаштың ардақтысы болған менің қайынатам ешқашан балаларды сүймейтін, көзіне тура қарамайтын. Өте бір еркелеткенде «Жақсы бала екен ғой өзі, адам бол» деп арқасынан қағып не басынан сипайтын. Тіпті жалғыз немересі Ержанды құлшынып сүйген емес, тек маңдайынан иіскеп, бауырына қысып ғана қоятын. Бұл атаның қаталдығынан немесе ұнатпағанынан емес, «ауыртып алмайын, зияным тимесін» деген аталық мейірімі мен парасаты еді. Өйткені атаның көзінің отына, жанарының тым өткірлігіне бала түгілі үлкен адамдар шыдай алмайтын, тура қарауға тайсалатын. Жарқ еткен жалын жанарымен талай кеуде кергендерді жерге қағып, мысын басып жіберетін.
«Тіл-көз» дегенге немқұрайлы қарап салғырттануға әсте болмайды, орны толмас өкінішке қалдыратын ақиқаттан алыс емес. Мысалы, көз қатты өткенде жас баланың екі жауырынының арасы қарайып кетеді. Мұндайда дереу ем қолданбаса, аман қалуы екіталай. Егер осындай ауыр жағдайға душар болса, уақыт өткізбей, арқалы, қолы шипалы дәстүрлі халық емшісіне көрсетіп, бала бойындағы «бөтен», «жат» энергияны тазалату қажет. Тәжірибелі емшілер не істеу керек екенін жақсы біледі. Ал кәдімгі дәрі-дәрмек бұл жерде көмектесе алмайды.
Білместік пе, әлде «өзім білем» дейтін кеуде ме, кішкентай балаларын жалаңбас көтеріп базар аралап жүрген жастарды көргенде жүрегім сыздап кетеді. Олар тым болмаса қарапайым сақтық шарасын жасамай бейқам жүреді. Құдайым-ау, Алматының «барахолкасы» мен көк базарында кімдер жоқ дейсіз?! Бұл жерлерде алуан ниет-пиғылды, сан түрлі мінез-құлықты, биоөрісі әр деңгейдегі пенделер қаптап жүреді ғой. Адамдар көп жиналған ортаға амалсыздан баламен баруға тура келген жағдайда үйге қайтқан замат оны міндетті түрде суға түсіріп, жуындырып алу қажет. Әлдебір себептермен шомылдыру мүмкіндігі болмаса, тым құрығанда беті-қолын жуып, киімін ауыстырған жөн. «Таза болсаң судай бол, бәрін жуып кетірген» деп халқымыз тегін айтпаған, тіршіліктің төрт негізінің бірі саналатын судың қасиетін тәптіштеп айтпасақ та түсінікті»…