ОБЛЫС ИНФОРМАТИКТЕРІ МОБИЛЬДЫ ҚОСЫМША ҚҰРАСТЫРУДЫ ҮЙРЕНДІ
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес елімізде «Бағдарламалау, робот техникасы және 3D-принтинг» педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасын әзірленген болатын. Осы бағдарлама бойынша республикадағы орта мектептер мен қосымша білім беру ұйымдарының информатика пәнінің мұғалімдері 2 апталық курстарға қатысып, бағдарламалау, робот техникасы және үшөлшемді баспа технологияларын оқытудағы педагогикалық тәсілдерін меңгеруде.
Бүгінде Қызылорда облысының информатиктері қаладағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында өткен курстарды сәтті аяқтады. 10 күн бойы Зияткерлік мектептің IT мамандары Дидархан Иманбеков және Айбек Қиянбеков ауыл және қала мектептерінен келген 50 ұстазға оқушылардың ақпараттық құзыреттілігін қалыптастыратын бағдарламалау, роботты техника және 3D-принтинг негіздері бойынша дәріс оқып, бірлескен тәжірибелік жұмыстарын жасады. Оның ішінде түрлі бағдарламалау орталарын меңгеріп, анимациялар жасау, сурет салу, ойындар мен өмірде қажетті мобильды қосымшалар құрастыруды үйренді.
Робот техникасын оқыту ерекшеліктері мен үшөлшемді баспаны пайдалану жолдары және оны білім беруде қолдану бағыттары талданып, мұғалімдерде ақпараттық-коммуникация технологияларын қолдану дағдылары қалыптасты.
Курс барысында тыңдаушыларға педагогикалық шеберлік орталығы дайындаған "Мұғалімдерге арналған нұсқаулық" атты әдістемелікқұрал таратылды. Нұсқаулық мұғалімдерге бағдарламалау, робот техникасы және үшөлшемді баспа ықпалдастырылған сабақтарды жоспарлап өткізуге көмектесетін болады.