«ЖОМАРТ ЖҮРЕК»: ҰЖЫМНЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ
Қай кезеңде болмасын қазақ халқы үлкенге құрметін, кішіге ізеттілігін көрсетуден аянып қалған емес. Қазіргі уақытта да иманды, көркем мінезді жастар аз емес. Мұндай жастар өз қатарластары мен өзінен кейінгілерге үлгі болып, аға буынның ілтипатына бөленіп келеді. Әрине, халықтың кең пейіл ықыласына бөленген жанды көпшілікке танытқан жөн. Осы орайда «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында «Жомарт жүрек» жобасы жұмыс жасауда. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған бұл жоба бойынша Қармақшы ауданының жеңімпаздары қатарында «Жылдың үздік ұйымы» номинациясымен Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасы «Қармақшы Ата» мешітінің бас имамы Асхат Жарқынбеков те бар.
Көңілі жарымжан, көмек сұрай келген жанға қол ұшын беруге даяр тұратын ауыл имамы бүгінде ауылдың біршама әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға және ауыр сырқатқа шалдыққан балалардың ата-аналарына көмек көрсетуде. Ұжымның ұйытқысы болған бас имам бұған қоса, кәсіпкерлермен бірлесіп қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып келеді. Мәселен, көп отбасыларға азық-түлік пен қыстық отын, көмір жеткізіп берген. Сондай-ақ асыраушысынан айрылған оқушының арнаулы орта оқу орнына түсуге қаржылай көмек көрсеткен. Ауыл ішінде өрт болған үйдің құрылыс жұмыстарын қайта қалпына келтіруге мешіт жамағатымен атсалысқан.
Асхат Жарқынбеков аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетумен қатар түрлі мерекелер қарсаңында облыстық, аудандық көлемде сайыстар ұйымдастырып келеді. Өз білгенін өзгелерге үйретуден жалықпаған бас имам жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, үлкенге, ата-анаға құрмет көрсету сынды түсіндірме жұмыстарын тиянақты жүргізіп келеді.
Айта кетейік, 1991 жылы Қызылорда облысы, Тасбөгет кентінде дүниге келген имам мектеп бітірген соң, аймақтағы Ақмешіт – Сырдария мешітінде 1 жыл білім алған. Содан соң, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданындағы «Қамар» медресесінен білім алған. Медреседе алған білімін өзгелерге үйрету үшін туған өлкесіне қайта оралып, Ақмешіт – Сырдария мешітінде ұстаздық қызметін атқарады. Білімін арттырып, біліктілік жинаған Асхат Батырханұлы аймақтың бірнеше ауылдарында бас имам қызметін атқарады. Өткен жылдан бастап Қармақшы ауданы «Қармақшы ата» мешітіне бас имам болып тағайындалған.