ӨМІР ЖОЛЫ ӨРІЛГЕН ӨНЕГЕМЕН
«Cырымды айтам. Иә, сырымды айтам». Бұл – «Мырзабай ахун» ауылының ардагер-ақсақалы Сұлтан Ізтаевтың сөзі.
– Апыр-ай, деймін іштей, сонда не айтар екен,– деп.
Әңгіме кездейсоқ кездесуден басталған еді.
Кездейсоқтық. 2017 жылдың мамыр айында кент орталығындағы мейрамханада «Таң» ауылының азаматы Болатбек Жәнібеков өзінің 80 жылдық мерейтойын жасады. Сол жиында ауыл- аймақтан бірталай замандас бас қостық. Өткен- кеткенді айтып, әңгіме жасадық. Алыста қалған күндердің қиыншылығы мен қызықшылығы еске алынды. Күн де бүгін басқаша, салқын самалын соғып тұр. Аспандағы ала бұлттар да күн көзін бүркемелеп алған. Қау-қауласып әңгіме айтып тұрған біздерге табиғат та жағдай жасап тұрғандай. Әңгімеміз одан әрі жалғасты.
Әсіресе, Сұлтекеңнің:
– Шәке, өткен кезеңнен жазған естеліктеріңе менің де қосарым бар еді.
Соған да назар аударып қойсаңыз дегені мені ойландырып тастады.
Сол жерде әңгімемізді одан тереңдетпей кейін бір кездесейік, сонда сырыңды асықпай отырып айтарсың, – деп уәделестік.
Уәдеміз орындалып кездестік. Сондағы айтқандары:
– Шүкір, біраз өмір кешіп келеміз. Сексен деген, пенде үшін аз жас емес. Пенденің бұл жалғандағы тірлігі де бір құпия сыр. Мен де сонымды айтсам деймін.
Бәрінде басынан бастайын.
Мен 1938 жылдың қаңтар айында «Мырзабай ахун» ауылында дүниеге келгенмін. Әкем Ізтай оқымаған шаруаның адамы еді. Еңбек жолын колхозшылықтан бастап, қолы жеткен табыстары үшін екі рет Москва қаласындағы Бүкілодақтық көрмеге қатысқан. Мен болсам орта мектептен кейін Қызылорда қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумын бітірдім. Еңбек ете жүріп, сырттай Қазақтың ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетінде оқып, ғалым-агроном деген мамандық алдым.
Ауыл шаруашылығы техникумын бітіргеннен кейінгі зейнеткерлікке шыққанға дейінгі барлық өмір жолым да өзімнің туған ауылымда еңбек етуіме тура келді.
Колхозда жұмысты қарапайым механизатор болып бастаған менің өмір жолым одан әрі жалғасын тауып, механик, инженер, сосын колхозда бас инженер қызметтеріне көтерілдім. Бұл уақыт Қазақстанның XX жылдығы колхозында еңбек еткен 1957-1969 жылдардың үлесіне тиеді. Еңбек жолымдағы есте қалған үлкен бір белес – 1969 жыл болды. Бұл жылы «Қазақстанның XX жылдығы» мен «Жамбыл» атындағы колхоз біріктіріліп, «Мәдениет» атындағы совхоз құрылды. Алғашқы директоры болып Ұзақ Еспанов ағамыз бекітілді.
Совхоз құрылған 1969 жылдан 1978 жыл аралығында, әуелі өндіріс бригадирі, сосын №1 бөлімшенің меңгерушісі қызметін атқардым. Осы жылдар ішінде есте сақталып қалған бір жәйтті айтайын.
«Жақсының жақсылығын айт» демекші, 1972 жылдың күз айы еді, ол кезде совхозда өндіріс бригадирі болып жұмыс істейтінмін. Астымда «ИЖ- 49» мотоциклі, күріш аралап жүргенмін. Егіс басына УАЗ машинасы келіп тоқтап, ішінен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Исекең, Исатай Әбдікәрімов түсті. Аман-саулықтан кейін хатшысы маған қарап:
– Сен баланы жұмысына мығым, техниканы жақсы біледі, – деп естіп жүрмін. Сен мына мотоциклді қой, одан да жеңіл машина «Москвич- 412-і» алсайшы, – деді.
Сонымен ойда жоқта хатшы ықыласы түсуінің арқасында жеңіл машиналы болдым. Сол сәттегі қуанышымды тілмен жеткізіп айта алмаймын. Бұл да бір есте сақталып қалған ұмытылмас күндер еді.
II
1978 жылы совхоз директоры Ұзақ Еспанов ағамыз Қазақстанның Ленин комсомолы атындағы совхозға директор болып ауысты. Совхозға жаңа басшы тағайындау мәселесі аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде арнайы қаралып, менің кандидатурама тоқтау жасалынды. Әрине, бұл директор болдың деген шешім емес. Алда әлі талай асулардан өту керектігін сонда білдім. Соларды бастан-аяқ айтқанды жөн санап отырмын. Себеп, әр қоғамның, әр заманның басшылық қызметке тағайындаудың өзіне тән жүйесі болатындығын айтудың артықшылығы бола қоймас.
Аудандық партия комитетінің мені совхозға директор етіп қою жөніндегі таңдауын облыстық партия комитеті мақұлдады. Іс мұнымен бітпеді. Алматыға баратын болдым. Онда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ауыл шаруашылығы жөніндегі хатшысы Трофимов қабылдады. Хатшының алдында «Мәдениет» совхозы жайлы барлық экономикалық көрсеткіштер бар екен. Соларға қарап отырып:
– Совхоздың егін саласындағы жетістіктері айтуға тұрарлықтай екен де, мал шаруашылығы саласында атқарылуға тиісті жұмыстар әлі баршылық екен, – деді.
Мен ештеңе дей алмай үнсіз айтқандарын тыңдай бердім. Тоқ етері: – Жұмысты уақыт талабына сай ұйымдастыру керек, – деп міндет қойды.
Содан соң республиканың Ауыл шаруашылығы министрі Мельниктің қабылдауында болып, қызметке тағайындаудың соңғы нүктесін министр бұйрық шығарып, Сұлтан Ізтаев «Мәдениет» совхозының директоры деген куәлікті табыс етті.
III
Совхозды қабылдау жұмысы басталды. Алдымен назарымыз мал шаруашылығына бағытталды. Есепке 3780 бас мүйізді ірі қара алынды. Мал басы майдаланғаны бар. Ол жайлы ауданның бірінші басшысына айтқанымда «Сен директорсың, малға жауапты адамдар арқылы түгендеу сенің жұмысың» деді. Әңгіме сонымен аяқталды.
IV
Директор жұмысқа кіріскеннен кейін механизаторлардың жұмысқа қатысуларына, техниканы жетік меңгерулеріне, күтіп ұстауларына, еңбек өнімділігін арттыруларына басты назар аударылды. Жайбасарлыққа жол берілмеді. Агротехникалық талаптардың орындалуына, ауыспалы егістің мүлтіксіз сақталуы күн тәртібінің басты мәселесіне айналды. Диқан қауымының өнімді еңбек етуіне жан-жақты жағдай жасалынды. Соған дейін де егіншілік саласы бойынша күріш өндіруден республикаға танымал шаруашылық еді. Осы атақты ұстап тұру менің міндетіме айналды. Бұл бағыттағы жұмысты уақыт талабына сай жүргізу күн тәртібінен түскен емес. Совхоз үш бөлімшеден тұратын.
Бірінші бөлімшені Камитбек Тәуіпбаев, екінші бөлімшені Қырбай Ермаханов, үшінші бөлімшені Рахымтай Сәдуов басқарды. Егіншілік саласында 9 өндіріс бригадасы жұмыс жасады. Олар №1 өндіріс бригадасын Тұрлыбай Әбдіқалықов, №2 өндіріс бригадасын С.Сүйіндіков, №3 өндіріс бригадасын Қарлыққан Нұрымбетов, №4 өндіріс бригадасын Қалдыбек Ідірісов, №5 өндіріс бригадасын Ерділда Қыпшақбаев, №6 өндіріс бригадасын Мұратбек Тұрмаханов, №7 өндіріс бригадасын Мұхамедияр Қабылтаев, №8 өндіріс бригадасын Амангелді Түйекешов, №9 өндіріс бригадасын Қуаныш Сақтағанов басқарды.
Сонымен қатар, бір бригада жүгері, бір бригада бақша егумен айналысты. Оларды Кенішбай Әлшоразов пен Сәлима Торғаева басқарды. Совхозға жетекшілік жасаған 1978-1982 жылдары ішінде күріштің әр гектарынан жоспарлы өнім 47.7 центнерден болды. Атқарылған жүйелі жұмыстың және де агротехникалық шаралардың қатаң сақталуы нәтижесінде жыл сайын гектарынан 50 центнердің үстінде өнім алынып, мемлекетке төрт жыл ішінде 520 мың центнер күріш тапсырылды.
V
1981 жылдың күз айы болатын. Шаруашылыққа іс-сапармен облыстық Кеңес атқару комитетінің төрағасы Сағидулла Құбашев келді. Қасында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қонысбек Қазантаев бар. Совхоздың мал шаруашылығын аралап көрді. Бақташылармен, сауыншылармен кездесті. Олардың талап-тілектерін тыңдады. Кешкілік біздің үйге қонатын болды. Ол кезде ауылдық жерде қонақ үй, кафе дегендер болмайтын. Ертемен тұрып кеңсеге келдік. Әңгімені Сағидулла Құбашев бастады.
Сендерде өлген мал түгел шыға ма? – деді. – Мал өлгендігі туралы актімен айма-ай шығады, – деді бірінші хатшы.
Қонеке, мен сізден сұрап отырғаным жоқ, ди- ректордан сұрап отырмын, – деді төраға. Мұнан кейін мен қысыла бастадым. Шындықты айтсам, бәзбіреулерге жақпай қалам ба деген ой келді. Айтпасам тағы болмайды. – Сен ойланып қалдың ғой, – деді ол. – Қысылма, шындықты айта бер. – Иә, кейде өлген малдың шықпайтыны да бар. – Ендеше, сол өлген малдың, бірақ шығыс етілмеген актісін көрсетші.
Содан соң өлген малдың шығыс етілмеген бірнеше актісін бас мал дәрігерінен алдырып, алдына қойдым. Актілерді асықпай көріп шыққан төраға аудан басшысына қарап:
– Мына акті бойынша көрсетілген малдар есептен шығуы тиіс. Мал шаруашылығын мұндай әдіспен жөндей алмаймыз. Директор жолдас, бұдан былай жасаған актілеріңді ауыл шаруашылық басқармасына апарып көрсетпей, бірден аудандық стат бөліміне апарып тапсыр. Мәлімет керек адам, керек мекеме содан алатын болсын, – деп тапсырма берді. Кейін солай жасайтын болдық. Сөйтіп, бұл мәселе оңынан шешілген еді.
1982 жылдың екінші жартысынан бастап денсаулығыма байланысты басқа жұмысқа ауысуыма тура келді. Содан зейнеткерлікке шыққанымша совхозда бас агроном болып жұмыс жасадым, – деп Сұлтекең әңгімесін аяқтады.
VI
Ауыл шаруашылығы саласында үзбестен қырық жылдан астам еңбек еткен Сұлтан Ізтаевтың өмір жолы өнегелі істерге толы. Қызметті үлкен-кіші деп бөлмеді. Қай жұмыста болса да жақсы жағынан танылды. Сұлтанға тапсырылған жұмыс оңынан оңғарылады деген атаққа ие болды. Еткен еңбегі мемлекет тарапынан оң бағасын алып, «Лениннің 100 жылдығы» медалімен, «Еңбек Қызыл Ту» және «Еңбек Даңқы» ордендерімен, ВДНХ-ның күміс және алтын медалімен марапатталды. Аудандық партия комитетінің пленум мүшесі және аудандық Кеңестің депутаты болып сайланды. Облыстың «Ең үздік агрономы» деген атаққа ие болды. Егемендік алған жылдары Президенттің екі рет «Алғыс хатын» алды. Бір адам үшін бұл аталған марапаттарды аз дүние деуге болмайды. Оның үстіне «Мырзабай ахун» ауылындағы бастауыш ардагерлер ұйымына 12 жыл жетекшілік жасады.
VII
Сұлтекеңнің әке-шешесі де ауыл шаруашылығында еңбек еткен адамдар. Әкесі Ізтай 81 жаста, шешесі Тәжігүл 96 жасында дүниеден озды. Әкесі ауылының қазыналы қариясы болса, анасы ауыл-аймағының айтулы батагөй әжесі атанды.
Өнегелі отбасынан шыққан Сұлтекең жан-жары, батыр ана Тынымкүл екеуі өмірге сегіз бала әкеліп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған айтулы шаңырақ иесі.
VIII
Содан бері талай жылдар өтті, талай су ақты, қоғамда әлеуметтік өзгерістер болды. Еліміз егемендік алып, әлемге танылды. Өмірдің ащысы мен тұщысын басынан өткізген, бүгінде сексеннің жалынан ұстаған Сұлтан Ізтаев қазіргі өміріне дән риза. Шіркін, үлкен кісілер алтын қазына ғой.
Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.