ИГІ ІСІ КӨПКЕ ҮЛГІ
Адам баласының киелі мекені ол, әрине, туған өлкесі. Қазақ «Туған жерің - тұғырың» деп бекер айтпаса керек. Кіндік қаны тамған осы бір киелі мекеннің гүлденуіне, оның дамуына үлес қосу әрбір адамның парызы. Туған жер алдындағы парызын өтеп, ауылының көркеюіне сүбелі үлес қосып келе жатқан жанның бірі Қармақшы ауданының тумасы, «Ақтөбе и К» ЖШС-нің директоры Нұрлан Іздібаев.
Серіктестік директоры «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған республикалық «Жомарт жүрек» байқауы бойынша Қармақшы ауданынан жеңімпаз атанған. Оның ауыл келбетін көріктендіруге көрсеткен көмегі ауыз толтырып айтарлықтай. Атап айтар болсақ, Ақтөбе ауылының кіре берісіне ауыл атауы жазылған арка орнатып, ауыл ішіне аяқ су тарту, ауылдық мәдениет үйінің фасадын жасауға және ипподром құрылысына да қаржылай көмек көрсеткен. Сондай-ақ ауыл саябағы мен біршама көшелердің абаттануына атсалысқан. Көркейту көгалдандыру жұмыстары бойынша да қаржылай көмек көрсеткен. Кәсіпкер Нұрлан Іздібаев туған ауылы Ақтөбе жайында сыр шертетін «Туған жер тұнған шежіре» атты кітаптың жарыққа шығуына да көмек қолын созған.
Елу жасты еңсерген Нұрлан Іздібаев Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Алғашқыда колхозға қарапайым жұмысшы болып орналасқан ол тоқсаныншы жылдардың қиын қыстау кезеңдерінде жеке кәсіппен айналыса бастайды. Кәсіппен айналыса жүріп Алматы қаласындағы қазақ мемлекеттік аграрлық университетінде менеджер-экономист мамандығы бойынша білім алады. Мұнан соң заңгер мамандығы бойынша білімін жалғастырған. 2001 жылы Қызылорда облыстық соттар әкімшісінің бас маманы ретінде қызмет сатысын бастайды. Бірнеше қызмет сатысынан өткен ол 2006 жылы Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы қызметіне тағайындалған.
Қызмет атқарған 1992-1995 жылдар аралығында егін жинау науқанында комбайн штурвалына отырып үш жыл қатарынан егін жинау көрсеткіштерімен ауданның ең үздік комбайнері, 1999-2000 жылдары ауданның ең үздік кәсіпкері атанған. Сонымен қатар заң саласында қызмет атқарған уақытта Қызылорда облыстық соттар әкімшісінің, Қызылорда облыстық сотының, ҚР Жоғарғы сотының құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталған. Сондай-ақ еселі еңбегінің арқасында «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» медалімен және «Құрмет» орденімен марапатталған.
2010 жылдан Қармақшы ауданындағы «Дөйт» шаруа қожалығының басшысының орынбасары, 2015 жылдан қазіргі уақытқа дейін «Ақтөбе и К» ЖШС-нің директоры қызметін атқаруда.
Білікті басшы Нұрлан Іздібаев осы күні өз ұжымымен жұмыла жұмыс жасауда. Оның шаруашылықтағы біліктілігі де, ел алдындағы игі істері де көпке үлгі.