ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ – ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында латын қарпіне көшу мәселесі көтеріліп, оны орындау үшін тиісті шаралар қолға алыну болатын. Зиялы қауым өкілдері мен бұқара халық Елбасының бұл бастамасына қос қолдап қолдау көрсетіп, оңтайлы шешім деп қабылдады. Бағдарламаны орындаудың алғашқы көрінісі болып табылатын жаңа латын әліпбиінің нұсқасы жасалды. Жыл соңына дейін емле – ережелерін бекіту де жоспарда бар.
Бағдарламалық мақалада «…Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді. Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады. Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері экологиялық апат аймақтарына айналды» деп Елбасы санамалай отырып, өткен ғасырға баға беріп, орны толмас өкініштерді көрсетеді.
Қазіргі қазақ тілін дамытудың бір жолы – оның төл табиғатына сай келетін әліпби таңдау. Тіліміздің заңдылықтарына сай әліпби таңдауымыз өзге елдің құқығына қол сұғу емес, бұл қазақ тілінің өзінің ішкі мәселесі, еліміздің өзіндік тіл саясатының бағыты болып табылады.
«Латын қарпіне көшу не үшін қажет?» деген сауалдың жауабын жергілікті ғалымдарымыз былай деп түсіндіруде: біріншіден, қазақ тілінің басқа да ұлттардың тілі тәрізді дербес тіл екендігін және мемлекетіміздің де әлемдегі кез келген тәуелсіз мемлекеттердің бірі екендігін айғақтау үшін; екіншіден, Қазақстанның әлемдік дамудан өз орнын алуы үшін; үшіншіден, туыстас түркі әлемімен барынша жақын қарым-қатынас жасау үшін; төртіншіден еліміздегі түрлі ұлт өкілдерін мемлекеттік тілді үйрену арқылы топтастыра түсу үшін; бесіншіден, ғылым мен техниканы терең меңгерген, тілін, елін сүйетін, қазақ мемлекетінің келешек тірегі болатын қазіргі жас ұрпақтың болашағы үшін қажет.
Шынында, бір ғасыр бойы пайдаланылып келе жатқан кириллица қазақ халқының дыбыстау жүйесін мүлдем өзгертіп жіберді. Сол дыбыстау аппараттарын да біртіндеп қалыпқа келтіруде латын әліпбиінің әсері болары анық. Әрине, жаңалық болған жерде түрлі сұрақтардың, күмәнді мәселелердің, тіпті, қарсы пікірлердің болуы да заңды. Олардың бірсыпырасы әріп пен тілді шатастырудан пайда болған. Мұның барлығы қоғамға ортақ мәселе. Латын әліпбиі ғылым мен техникада, әсіресе, компьютер тілі ретінде де кеңінен қолданылады. Сондықтан, латын графикасына негізделген қазақ жазуын жасау – заман талабы, уақыт сұранысы.
Тілдің қоғаммен бірге дамып, ғылым мен техника дамыған сайын көршілес елдерден және басқа да шетелдерден жаңа сөздер кіруі арқылы да толығып отыратыны табиғи заңдылық. Қазіргідей басқа елдермен арада барыс-келіс жиілеген замандағы күнделікті тіршілікте өзге тіл сөздерінің енуі де, әсері де күшейе түспесе, баяуламайды. Ал, кірме сөздердің барлығын дер кезінде қазақы айтылымға икемдеп отыру да оңай шаруа емес. Әрбір оқыған сауатты адам өзге тілден келген сөздің де қазіргі кирилл әріптерімен өзгеше жазылып тұрғанын оғаш көріп, тез қабылдай қоймауы мүмкін. Ал, латын әліпбиі бұл қиындықты өзі реттеп, осындай келеңсіздіктердің алдын алуға біршама көмегін тигізеді. Сондықтан, тіліміздің табиғи айтылымына қайшы келетін кемшіліктерімізден арылатын кез келді. Әр сөзді бабалар салған жолмен ұлттық үндесіміне қарай айтуымыз үшін жарыса қапталдап кедіргі келтіретін ескі әліпбиімізді латын әліпбиіне ештеңеден қорықпай алмастыруға мүмкіндік туды. Демек, ұрпақ келешегін ойласақ, ұлттығымыздың негізгі белгісінің бірі тілімізді сақтап қаламыз десек, бірден-бір дұрыс жол – латынға көшу.
Мемлекет басшысы өз сөзінде: “Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады” – деп латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін атап өткен болатын.
Жаңа әліпбиді игеру бүгін басталып, ертең аяқталатын мәселе емес. Ол арнайы бекітілгеннен кейін өзіндік емле ережелері жасалып, кезең-кезеңмен жүзеге асатын кешенді үдеріс. Жалпы, жаңа әліпби ешқандай дау туғызбауы керек. Абайша айтсақ тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін, Һәм айналасы теп-тегіс жұмыр болғаны дұрыс. Жан-жақты ойланып жасалған осындай мүлтіксіз әліпби ғана қазақ тілін дамытып, қолданыс аясын кеңейтіп, әлем тілдерінің қатарына қосады.
Е.СОЗАҚБАЕВ.