АУЫЛДАСТАР ҚАМЫН ОЙЛАҒАН ЖОМАРТ ЖАН
Ауыл десе, ең алдымен көз алдымызға ауылдың ақжарқын адамдарының бейнесі келетіні белгілі. Олардың ақпейілдері, өзгелерге жанашырлық қасиеттері ерекше екені сөзсіз. Осындай ақкөңіл жандардың бірі қармақшылық Пернеш Өтепова. Ол өз ауылдастарының тұрмыс-тіршілігіне немқұрайлылық танытпай, өзінің игі ісі арқылы туған өлкесінің дамуына сүбелі үлес қосып келеді.
Пернеш Әбләкімқызы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған республикалық «Жомарт жүрек» байқауы бойынша «Ерен еріктілік» номинациясымен марапатталған. Ол Қармақшы ауданы Жосалы кентінен «Әлеуметтік мейірім орталығы» атты дүкен арқылы аз қамтамасыз етілген, тұрмысы төмен отбасыларды киім-кешек, аяқ киім және тұрмысқа қажет басқа да заттармен қамтамасыз етіп келеді.
Пернеш Өтепова 1954 жылы 15 желтоқсанда Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде дүниеге келген. Өз туған ауылында білім алып, мектеп бітіргеннен соң еңбекке араласа бастаған. Көбіне құрылыс саласы бойынша жұмыс жасаған Пернеш Әбләкімқызы Қорқыт ата кесенесіндегі мешіттің құрылысына да атсалысып, 2012 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққан.
Зейнет жасына жетсе де елге игі іс жасауды міндет етіп алып, ауылдастарының тұрмыс-тіршілігіне көмек қолын созуды жөн санаған. Сөйтіп, 2016 жылдан бастап Қармақшы ауданында «Әлеуметтік мейірім орталығы» дүкенін ашып, ерікті ретінде жұмыс жасауда.
Пернеш Өтепованың жасап жатқан қайырымдылығына ауыл тұрғындары да атсалысады. Яғни, аудан тұрғындары өздерінің таза киім-кешектерін әкеліп өткізеді. Орталықта ересектер мен балаларға киімдер, аяқ-киімдер, сөмкелер, ойыншықтар және тағы да басқа заттар бар.
Тұрмысқа қажет заттарды ауданда, елді-мекенде тұратын көп балалы отбасы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға кішкене болса да көмек ретінде үлестіріледі. Қазіргі таңда осындай қайырымдылық істердің арқасында көптеген тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетіп келе жатқан Пернеш Әбләкімқызы нағыз жомарт жүректі жан.