ЖАСТАРДЫҢ БӘСЕКЕЛІК ҚАБІЛЕТІ – БІЛІМДЕ
Шетелде білім алу қазақ тарихында ХІХ ғасырдың аяғынан бастап дамып келеді. Ұлт көшбасшылары Шоқан, Ыбырай, Абай орыс тілін үйреніп, әдебиеті мен мәдениетін қазақ тіліне аударып, орыс басылымдарына қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі жайлы бірнеше мақалалар жазған. Алаш қайраткерлерінің көпшілігі Ресейде білім алып, алған білімдерін елді ағартуға жұмсады. 1916 жылы Уфадағы «Ғалия» медресесін 930 шәкірт бітірсе, соның 154-і қазақ жастары болған. Олар елдегі қоғамдық-саяси жағдайларға белсене араласып, елдің санасын оятуды мақсат етті. Демек өзгенің білімін үйреніп, мәдениетімен танысу бар да, бойға жиғаныңды елдің дамуына жұмсау, жұрттың пайдасына қызмет қылу бөлек әңгіме. Бұл – бүгінгі жастар алдындағы маңызды міндет.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын талаптар негізінен алты принципке бағынады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталып, аталған алты принцип бойынша жүзеге асуда. Өркениетті елдермен тереземіз тең болу үшін бәсекелік қабілетімізді дамыту қажет. Бәсекелік қабілет – өзгеден озық болу. Қазіргі уақытта басқадан біліміңмен алда жүру маңызды. Өйткені білімді адам әрқашан сұранысқа ие.
Жастардың бәсекелік қабілетін арттыру, заманауи білім алуына мүмкіндік беретін «Болашақ» бағдарламасы бойынша бүгінде 10 мыңнан астам шәкірт әлемнің беделді жоғару оқу орындарында оқып, елге қызмет етуде.
Соңғы жылдары облыс әкімінің бастамасымен Ресейдің бірнеше жоғары оқу орындарында аймақ дамуына қажетті мамандар даярлау мақсатында 642 мектеп түлегі білім алуда. Ресейде білім алған 30 жас қазіргі таңда өңірімізде әр салада өз еңбек жолдарын бастап кетті.
Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы «Тәрбие және білім» бөлімінің басшысы Ә.Әбдіхалықова Ресейде білім алып, елде еңбек етіп жүрген жастарды көпшілікке таныстыру мақсатында Qyzylorda телеарнасының редакторы Т.Қабылшамен бірлесіп «Ұлттың бәсекелік қабілеті – жастардың заманауи білімінде» атты арнайы хабар ұйымдастырды. Телехабарда білім алудың брендке, шетелде оқудың трендке айналуы, озық білім мен мәдениетті игерудің мүмкіндіктерін айта келіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жайлы ой қозғады.
Елбасының «Рухани жаңғыру», «Болашақ» бағдарламалары мен Қазақстан халқына жолдауларында айтылатын білім беру, бәсекелік қабілетті арттыру – ең өзекті мәселелердің қатарында. Өркениетке ұмтылған дамушы мемлекет үшін бұл ұстаным өте маңызды. Мен бүгінгі басқосуға жиналған жастарды бүгінгі заманның келбеті дер едім. Өйткені уақыт талабына сай озық ғылымды игеруге деген бетбұрыс пен құлшынысы қатты қуантады. Бәсекелік қабілетімізді арттыратын осындай білімді жастар деп білемін. Сондықтан да шетелде оқыған азаматтар елдің дамуына өз үлестерін қосуы тиіс. Оған қоса жастар өз замандастарына үлгі болуға лайық, - деді Ә.Әбдіхалықова.
Соңғы жылдары Ресейдің ақпараттық жүйелер саласы бойынша бірнеше жоғары оқу орындарында білім жетілдіріп, ғылыми жұмыстарын табысты қорғаған жастардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. Атап айтқанда, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары Н.Құлмырза, Қ.Дәуренбеков, С.Ибадулла шетте оқудың қиындықтары мен мүмкіндіктері туралы пікір білдірсе, Жапонияда атомдық физика саласы бойынша магистратура бітіріп, Назарбаев зияткерлік мектебінде мұғалімдік қызметте жүрген А.Іскендір білім беру саласындағы айырмашылықтарды айқындап айтып берді. Биыл ғана көрші елде оқуын тәмамдап, индустриалды-инновациялық даму басқармасында маман қызметін атқарып жүрген А.Тобжан аймақ басшының грантына ие болған 75 баланың бірі екендігін мақтанышпен жеткізді. Оның айтуынша, көрші елде білім алуда айтарлықтай қиындық болмаған. Ең бастысы – тіл меңгеру, - дейді. Өзімен бірге оқыған замандастарының көпшілігі Ресейде әрі қарай оқуын жалғастырса, Ақниет елге келіп, қызмет етуді жөн санапты. Э.Еркебұлан мен Е.Меңдіқұлов та Ресейде білім алып, қазіргі таңда аймақтағы ірі компанияларда еңбек жолдарын бастаған.
Кездесуге жиылған жастар өзге елде білім алу, мәдениетін, тарихын білу ғана емес, өз еліміздің жетістіктерін де мақтанышпен таныстырған. Мәселен, А.Іскендір екінші баласының тұсауын Жапониядағы қарт ұстазына кестіргенде, қазақ халқының тамаша дәстүріне таң қалыпты. Қазан қаласында аспирантурада білім алған Э.Байниязова ұлттық мерекелік шараларды ұйымдастыруға белсене қатысқанын жеткізді.
С.Ибадулла «менің ойымда кандидаттық диссертацияны қорғау ғана болды. Нәтижеге қалай жетемін деген ой мені үнемі мазалайтын. Жауапкершілікті сезіну мен түсінудің арқасында мақсатыма жеттім», - дейді ағынан жарылып.
Бір сөзбен айтқанда, шет елде білім алған жастар өздеріне артылған жауапкершілік пен міндетті сезініп, тынымсыз ізденіске, нақты нәтижеге жеткен. Соңғы жылдары жастар арасында шетелде оқуға қызығушылар қатары артуда. Тіл меңгерген жастардың шетелдік білімге деген сұранысы артпаса, кемімейді. Ең бастысы – сол жастардың ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, өз еліне қызмет етуге деген құлшынысы. Сонда ғана біздің өзгеден ойымыз да, бойымыз да озық болары сөзсіз.
Гүлмира ӘШІРБЕКОВА,
Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының
бөлім басшысы