ЕРЕКШЕ ЖАНРДА «ЛЯ-ЛЯ-ФА» БАЛАЛАР МЮЗИКЛІ СТУДИЯСЫ ШЫМЫЛДЫҒЫН АШТЫ
Студия Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы негізінде облыстық филармония жанынан ашылды. Жоба авторы – филармония директорының орынбасары Әзиза Іздіқұлова.
Бұл қойылымның жарыққа шығуына «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару жөніндегі жобалық кеңсе қаржылай қолдау көрсеткен. Кішкентай көрермендерге арналған алғашқы мюзиклдің атауы – «Таусылмасын ертегім». Режиссері – ҚР Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов.
Балаларға арналған мюзиклдің негізгі әртістері – балалардың өзі. Бұл туындыдағы 54 кейіпкердің 41-ін балалар сомдады. Осы кезге дейін бірқатар балалар шарасында өнер көрсеткен «Әдемі» балалар музыкалық студиясының артистері де рөлдерді сомдады. Сондай-ақ, «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылының оқушыларын да қойылымға қатыстырылды. Қойылымдағы кішкентай артистердің төртеуі осы балалар ауылынан.
Бұл туындыда сондай-ақ, «Томирис» би ансамблі, «Сыр сандуғаштары» балалар вокалды тобы, «Ай-ару» би тобы, «Балбұлақ» халықтық балалар би ансамблі, Қызылорда қалалық оқу-әдістемелік орталығының би үйірмесі өнер көрсетті.