СҮЙІНШІ, ШАШУ, КӨРІМДІК, АҒАЙЫНДЫҚҚА МҰРЫНДЫҚ
Бір кісі басқа біреудің қуанышын көріп, оған ортақтаса білсе, ол адамға тән кісілік парасаттың үздік үлгісі емей немене? Ал, осындай құнды қасиетті қанына сіңіре білген қазақ жұртындай ел жоқ шығар, сірә! Неге десеңіз, дара халқымыз қай заманда болсын жақын-жуығының қайғысына шын жүрегімен ортақтасып, қуанышын бірге тойласқан. Аралас-құралас досына қонған бақытқа, жеке басына қонғандай қуана білген қазақ атамыз өзінің тілектес, ниеттестігінің жаршысы болатын «Шашу», «Сүйінші», «Көрімдік» сияқты салт-дәстүрлерді қалыптастырып кеткен. Ендеше, осы құндылықтарға тоқтала кетсек.
Этнограф ғалымдар «Шашу» қуаныштың айғағы ретінде жасалатын өте сұлу да салтанатты дәстүр деп сипаттайды. Бұл көрегенді тұжырыммен келіспеске амал жоқ. Өйткені, қайсы бір қазақ шаңырағында дүниеге сәби келсе, оны сүндетке отырғызып тұсауын кессе де, үйге келін түсіріп, отау көтерер болса да, жалпы, кез келген қуанышты жағдайларда ақ жаулықты аналарымыз шашуды ұмыт қалдырған емес. Қолын ақ дорбаға малып, ақтан жасалған құрт, ірімшік, өрік, миіз сияқты тағамдарды қуанышқа кенеліп жатқан шаңыраққа ізгі тілектерін айта отырып шашу ұлы даланың жазылмаған заңдары іспеттес. Себебі, шашу – қазақ нанымында біріншіден, қуанышқа ортақтасқан ағайын-туыстың арасын одан әрі жақындата түссе, екіншіден, оның астарында жақсылыққа жиналған қауымға жұғысты болсын деген мән-мағына жатыр.
Биыл, ел тәуелсіздігінің 26 жылдығы қарсаңында Ұлттық Банк «Шашу» атты 100 және 500 теңгелік монеталар жасап шығарды. Монетада қазақ халқының жас-кәрісі бірдей шашудан алып жатқаны суреттелген. 10 мың тиражбен шыққан бұл монеталар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында тарихымызға қатысты мәселелердің оң нәтижеде орындалып жатқанын айғақтайды десек артық айтқанымыз болмас.
Қазақ халқының тағы бір дәстүрі – сүйінші сұрау. Бұл дәстүр де тек қуанышты жағдайда орындалады. Ғұрып бойынша, алыстан жақын туысы келе жатқанын немесе жоғалған зат табылғандығы сияқты көңіл көншітерлік хабарды алдын ала естірте келген адам «сүйінші, сүйінші» деп үйге кіреді. Ал, мұндай сөзді естіген үй иесі «қалағаныңды ал» дейді. Сүйінші сұрағанның да, бергеннің де еш сөкеттігі жоқ. Сондықтан, хабар әкелуші адам қалағанын сұрай алады, немесе, үй иесі оған риза болатындай сыйлық ұсынады.
«Салт-дәстүр сөйлейді» кітабында сүйінші туралы мынадай аңыз-деректер келтірілген: Ыбырайым пайғамбар көпке дейін бала сүймейді. Бір күні Бибіажар анамыз ұл босаныпты. Пайғамбардың қуанышы қойнына сыймай, жұрттан сүйінші сұрапты. Ұлық Алла да оның қуанышын бөлісіп:
– Мендей мәрт Құдайға жомарттық қана жарасады. Сүйіншіңе атағаным болсын. Ақырдың соңында шығатын досым Мұхамбеттің нұры осы ұлыңның белінен тарайды, – депті. Осыдан бастап ел ішінде біреудің шаңырағында қуаныш болса, ол жұртпен бөлісіп, сүйінші сұрайды. Ел-жұрт та оның қуанышымен бөлісіп, байғазы береді екен. Бұл үрдіс барлық пайғамбардың тұсында жалғасып отырған.
Сипаты мен орындалуы жағынан сүйіншіге ұқсас келетін «Көрімдіктің» де салт-дәстүр сахнасынан алатын орны ерекше. Мұның маңызы алып, беруде ғана емес, жақын-жуықтың адамгершілігін, ниетін, ашыққолдығын да танытудың белгісі ретінде қаралады.
Көрімдік алатын адам келін түсіргенінде «құтты болсын» айта келгендерден сәбиді, келінді көрсетпей тұрып «көрімдігін бермесеңдер көрсетпейміз» деп кәдесін сұрайды. Қыз ұзатыларда ұл жағынан келген құдаларға болашақ келіндерінің жасауын көрсетіп те көрімдік сұрайтын әдет-ғұрып бар. Бұл дәстүр адам жанын қуанышқа бөлейтін дүниеге айтарлықтай мән беріп, ынтызар ететіндіктен әлі күнге дейін ел арасында қолданыста жүр.
Қазіргі уақытта көп жағдайда көрімдік пен байғазы қатар қолданылады. Бүкіл түр-сипаты бір дегенмен, бұл дәстүрлердің де атап қойған орындары бар. Мәселен, көрімдік – жаңа туған сәбиді, жаңа түскен келінді көрген сәтте берілетін кәде болса, байғазы тек жансыз заттарға беріледі.
Қазақ халқының барлық салт-дәстүрі дерлік көрегенділік пен даналықтан тұратындығына көзіміз сан мәрте жетіп жүр. Жоғарыда әңгіме қылған ұлы қазақ ғұрыптары сан ғасыр бойы ағайын-туыс, дос-жарандар арасындағы татулық пен бірлікке дәнекер екендігіне ешкім дауласа қоймас. Қай заманда да қызметінің маңызын жоғалтпайтын осындай дәстүрлеріміз одан әрі жандандып, келер ұрпаққа да қызмет етуі тікелей сіз бен бізге байланысты. Ендеше, бөтеннің қайғысы мен қуанышына бірдей ортақтаса білуді үйрететін дана дәстүрлеріміздің тынысын кеңейтіп, қайта жаңғыртуда қалыс қалмайық, ардақты әлеумет.
Р.ӘБДІҚАЛЫҚ.