ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ – ПЕРЗЕНТТІК ПАРЫЗ
Туған жердің өсіп-өркендеуіне үлес қосып келе жатқан атымтай жомарт жандардың елге еткен еңбегін бағалап, олардың белсенділігін арттыра отырып, өзгелерге үлгі-өнеге ретінде насихаттау негізінде үстіміздегі жылдан бастап «Жомарт жүрек» жобасы жұмысын бастады. Аталған жоба ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында жүзеге асуда.
Жобаның мақсаты ел арасында меценаттар жұмысын насихаттай отырып, туған жердің дамуына ықпал ететін жастарды қалыптастыру болып табылады. Сонымен қатар кәсіпкерлер мен меценаттарды, үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілерді ынталандыра отырып, Отанын дамытуға өз үлес қосуға насихаттау. Сондай-ақ, отансүйгіш азаматтардың белсенділігінің үздік тәжірибесін тарату, қайырымдылық қызмет, меценаттық пен мейірбандық идеяларын танымал ету болып табылады. Жоба жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, бәсекелік қабілеті мен сананың ашықтығын қамтамасыз ету арқылы табысты болуға, еліне қызмет етуге үндейді. Осыған орай «oldkaz.kyzylorda-news.kz» ақпараттық агенттігі аймақ дамуына үлесін қосып, туған жерді түлетуге зор еңбек сіңіріп жүрген қайырымды жандармен таныстыратын болады. Бүгінгі кейіпкеріміз «Қармақшы аудандық кәсіпкерлер қоғамдық бірлестігінің» төрағасы Алмасбек Қаржаубаев.
Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған республикалық «Жомарт жүрек» байқауында Қармақшы ауданының «Жыл тұлғасы» аталымы бойынша жеңімпаз атанған.
Түлеп ұшқан туған жерінің өсіп-өркендеуіне үлес қосуды басты парызы санайтын кәсіпкер тұрмысы төмен, көп балалы, жалғыз басты аналарға үздіксіз көмектесіп тұрады. Түрлі мерекелік іс-шараларға демеушілік жасап, қыста ауыл мешіттерін отынмен қамтамассыз етіп отыр.
Алғашқы еңбек жолын аудандық ауруханада жедел-жәрдем көлігінің жүргізушісі болып бастаған Алмасбек Жұбанұлы 1980 жылы Қызылорда медициналық училищесінің «Тіс дәрігері» факультетіне оқуға түседі. 1983-1986 жылдары аудандық ауруханада тіс дәрігері болып жұмыс істейді. Мұнан кейін жұбайымен бірге арман қала Алматыға жол тартады. Білімін арттырып, біліктілігін шыңдау мақсатында Алматы мемлекеттік медицина институтының «Стомотология» факультетіне оқуға түседі. Жоғарғы оқуын ойдағыдай аяқтап, 1992 жылдан 1999 жылға дейін Қармақшы ауданы ауруханасында стомотолог-хирург, стомотолог-ортопед қызметін атқарады.
Алмасбек Жұбанұлы Қармақшы ауданында алғаш болып жеке тіс емханасын ашып, елге қызмет ете бастайды. Бүгінде кәсіпкердің «Сымбат» атты тіс емханасы жұмыс жасауда.
Кәсіпкер 2007 жылы «Абылай» шаруа қожалығын құрып, отбасымен бірге мал шаруашылығымен айналыса бастайды. Сол «Қармақшы аудандық кәсіпкерлер қоғамдық бірлестігі» құрылып, осы бірлестікке төраға болып сайланған.
Көп жылдан бері елге елеулі қызмет етіп келе жатқан қармақшылық Алмасбек Қаржаубаевтың бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері аз емес. Ол 2011 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мереке медалімен, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл мерекелік медалімен мараптталған. Сонымен қатар 2011 жылы Елбасын сайлау науқанындағы көрсеткен еңбегі үшін Н.Назарбаевтың «Алғыс хатына» ие болған. Сондай-ақ әр жылдары Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының құрмет грамоталарынмен және өткен жылы «Денсаулық сақтау қызметкерлері күні» мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Стоматологтар Ассоциациясының «Еңбек сіңірген дәрігер-стоматолог» төс белгісімен мараптталған. Оған қоса, Қызылорда қаласының 190 жылдық мерекелік меделімен наградталған. 2016 жылы Қармақшы аудандық маслихат депутаттығына сайланған.