ПРАГМАТИЗМ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАР ЖОЛ
Қазір қоғамда прагматик болу қажет деген пікір бар. Яки прагматик ахуалға қарай ұтымды әрекет етеді. Алайда, дәл осы арада прагматик сөзінің мағынасына тоқтала кетсек. Прагматизм ұғымы – іс-әрекет дегенді білдіреді. Оның басты қағидасы: тиімді әрекет ету, тәжірибе барлығынан да маңызды, жетістікке жету үшін күмәнді сейілтіп, сенімге кіру т.б.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев рухани саланың маңыздылығын пайымдап өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласында прагматизм ұғымына кеңінен тоқталды. «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді», - деді Мемлекет басшысы.
Шынымен де, ақылға тоқтамай, өмірді жоспарламай, елесті арманмен күн кешсең жетістіктіктің болмайтыны анық. Өкініштісі сол, қазір кез-келген адам өзін прагматик дей алмайлы. Несиені мақсатсыз алу, қымбат көлік міну, дүркіретіп той жасау – соның жарқын мысалы. Сүйте тұра не тұрақты жұмыс, не бизнес, не өмірлік жоспар жоқ. Бұл өзімізді ғана емес, еліміздің дамуын тежейтін басты мәселе. Яғни, прагматизмнің жетіспеуі ресурстың босқа ысырап болуына, жетістік жолын кесетін кеселге әкеп соғады. Нақты прагматикалық әдістердің болмауы ешқашан нәтижеге бастамайды. Мәселен, тіл үйрену курсына қатысқан уақыт емес, нәтиже маңызды.
Демек, прагматикалық ойлау қажет. «Уықты басқұр сақтайды, ұлтты дәстүр сақтайды» деген. Әрине, ұлттық салт-сананы сақтай отыра мақсатқа жету үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып, нәтиже шығару қажет. Атаққұмарлық, мақтаншақтық, ысырапшылдық – прагматик тұлғаға жат қылық. Бұған Елбасы да үнемі ерекше мән беріп отыр. «Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді».
Прагматик адам ешқашан үйренуден жалықпайды, өзін-өзі тәрбиелейді. Барлық шаруаны ақылмен жасап, тиімді тұсын зерттейді. Қолдағы ресурспен барынша жетістікке жетеді. Үнемді, тиімді және тәжірибелік сана иесі ретінде прагматик тұлған экономика мен нарық талабын тап баса біледі. Бір сөзбен айтқанда, бізге еліміздің тасын өрге сүйрейтін прагматик мамандар қажет.