«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ»: АҚМАРАЛ АБЫЛАЕВА

Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасы аса сындарлы кезеңнен өткені белгілі. Сол кезеңде әлеуметтік саланың ауқымды бір бөлігі – денсаулық сақтау саласының алдында тұрған көптеген күрмеулі мәселелерді шешудің оңайға соқпағаны анық. Десек те, өтпелі қиындықтарға дес бермей, елімізде медицина саласының әлемдік стандарттарға сай жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізіп, халыққа жоғары сапада қызмет көрсету ісін жолға қойған жерлесіміз Ақмарал Абылаеваның еңбегін ел-жұрт ерекше бағалайды.
Ол Қызылорда облыстық балалар ауруханасының пульмонология бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер.
Астана мемлекеттік медициналық академиясының педиатрия факультетін аяқтаған соң, осы академияда 1 жылдық интернатураны бітірді.
Еңбек жолын Жаңақорған аудандық ауруханасында дәрігер фтизиатр қызметінен бастады. Қызылорда қалалық темір жол ауруханасында иммунолог-инфекцианист дәрігері, облыстық балалар ауруханасы және кеңес беру диагностикалық емханасының иммунолог-дәрігері, 2-балалар соматикалық бөлімшесіне ординатор-дәрігер қызметтерін атқарды. 2012 жылдан бері пульмонология бөлімшесінің меңгерушісі болып қызмет атқарып келеді. Ол «Педиатрияның таңдаулы сұрақтары», «Инфекциялық ісіп-қызару және аллергиялық аурулардағы иммунологиялық сауықтыру» тақырыптары бойынша білімін жоғарлатқан.
Ақмарал Абылаева – тәжірибесі мен білімі терең дәрігер. Жас дәрігерлрге тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін беріп отырады. Әріптестер арасында беделі мол қызметкер. Педиатрия саласына тиісті ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, баяндамалар жасаған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының және аурухана әкімшілігінің атынан алғыс хаттармен марапатталған.