ТАРИХИ ОРЫНДАРҒА САЯХАТ
“Тарихи және қасиетті жерлерге туристік сапарлар ұйымдастыру” әлеуметтік жобасы аясында “Қазалы ынтымағы” қоғамдық бірлестігі Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата кешеніне туристік сапар ұйымдастырды.
Қазалыдағы №165, 234 мектептің аз қамтамасыз етілген отбасыларының балалары, сондай-ақ, №94, №16 және №216 мектеп оқушылары Қорқыт ата кешеніне сапарлап, тарихи орынды тамашалады.
Тарихи орында Қорқыт ата мемориалдық мұражайының ғылыми қызметкері М.Әлиев мұндағы жәдігерлермен таныстырып, құнды мағлұматтармен бөлісті. Кешен басында аудандық мәдениет бөлімінің драма әртістері “Қорқыт аңызы” қойылымын сахналады.
Сондай-ақ, “Тарихи және қасиетті жерлерге туристік сапарлар ұйымдастыру” жобасының аясында аудандағы колледж студенттері Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейіндегі жәдігерлермен танысты. Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі, Қазалы аграрлы-техникалық колледжі және Қазалы гуманитарлық-техникалық колледжінің 60 студенті Шығыстың жарық жұлдызы атанған даңқты жерлесіміз туралы тың ақпараттарға қанығып, мұражайға қойылған құнды жәдігерлерді көзбен көрді. Сонымен қатар, №170, №226, №204, №216 мектептің оқушылары да Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық мұражайын аралап көрді.