«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ»: ГҮЛМИРА ҚОҢЫРБАЕВА

Гүлмира Қоңырбаева – №140 қазақ орта мектебінің директоры. Өзі басқарып отырған білім ұясын гүлдендіріп, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге белсене атсалысып келеді. Ауылдағы кәсіпкерлерді тарта отырып, бірнеше кабинеттерді қазіргі үлгіде жаңартып, шеберханалар ашты. Сол сияқты мұғалімдердің жаңартылған білім беру мазмұны бойынша тәжірибе алмасуына ерекше көңіл бөліп келеді.
Еңбек жолын Алматы қаласындағы «Дубок» балабақшасында тәрбиеші көмекшісі қызметінен бастаған. Әр жылдары Қызылорда қаласындағы «Раушан» балабақшасында тәрбиеші, №5 И.В.Панфилов атындағы мектепте бастауыш сынып мұғалімі, №264 мектеп–лицейінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болды.
Гүлмира Қоңырбаеваның 1-4 сынып үшін мұғалімдерге, ата-аналарға, оқушыларға арналған «Дүниетану пәнінен тест тапсырмалары», «Жаңа білім беру мазмұнына сай оқушылардың математикадан есеп шығару дағдыларын қалыптастыру» атты әдістемелік көмекші құралдары жарыққа шыққан. Білікті басшы ретінде Г.Қоңырбаева мектептегі тәрбие және білім беру ісіне, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлуде. Қазіргі таңда демеушілер көмегімен мұғалімдер бөлмесі, тарих, қазақ тілі, шет тілі, физика кабинеттері жаңартылды. 2016-2017 жылдары бастауыш сынып және математика, химия кабинеттеріне интерактивті тақталар алынды. Жанашыр азаматтар көмегімен мектеп ауласына жаңа үлгідегі спорт алаңы салынды. 2017-2018 оқу жылында мектеп демеушілері физика кабинетінің заманауи үлгідегі құрылғылармен толықтай жабдықталуына қолдау білдірді. Қазіргі таңда мектеп оқушылары үшін тігін, хореография үйірмелері жұмыс жасайды. Гүлмира Рәсілқызы Қоңырбаева облыстық, қалалық білім басқармасының, облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтының, «Нұр Отан» партиясының алғыс хат, Құрмет грамоталарымен және Ы.Алтынсарин медалімен марапатталған. Ұстаздың білім беру саласына байланысты мақалалары мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген.