«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ»: НҰРМҰХАММЕД ӘБІЛҚАСЫМ
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында жастардың үлгі алуына, заманауи Қазақстанның келбетін танытуға мүмкіндік беретін «100 жаңа есім» жобасының ІІ кезеңіне келесі үміткер қызылордалық Нұрмұхаммед Әбілқасым.
Тағдырдың қиын сынағына мойынсұмбаған талантты ақын, бірнеше кітаптың авторы. Көптеген республикалық байқауларда үздіктер қатарынан көрініп жүр.
Ол 1978 жылы 19 желтоқсанда Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылында дүниеге келген. Нұрмұхаммед 8 айлығынан бастап сал ауруына (ДЦП) шалдыққан.
Оның 2011 жылы алғаш рет «Тағдырымның жанары» атты кітабы жарық көрді. Осы жылы поэзия номинациясы бойынша республикалық «Самғау» сыйлығының иегері, облыс әкімінің стипендиаты атанды.
2012 жылы шахматтан мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен облыстық байқаудың жеңімпазы, Астана қаласында өткен халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінде дипломант атанып, республикалық «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» конкурсында «Алтын қауырсын» номинациясының лауреаты, «Әдеби шығармашылық» номинациясы бойынша «Жаншуақ» қоғамдық сыйлығының иегері атанды. Осы жылы Қорқыт Ата атындағы ҚМУ спартакиадасында шахматтан «Үздік ойыншы» номинациясымен марапатталды. 2013 жылы Қазақстандық «КИиЭС» рекордтар кітабына енген Н.Әбілқасым 2014 жылы «Тасжарған» атты екінші өлеңдер жинағын шығарды. Сонымен қатар, осы жылы «Лукойл» компаниясының грантын иеленіп, Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісін кеудесіне тақты.
2016 жылы Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың журналистика мамандығының грант иегері атанған Нұрмұхаммед қазіргі таңда 3-курс студенті. Сондай-ақ, биыл «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аясында кәсіпкерлікті дамыту бойынша грант иегері атанды. Мектеп табалдырығын аттамаса да әріп таныған Нұрмұхаммед әдеби кітаптарға құмар. Зейнолла Шүкіровпен тағдырлас ол өлеңдерін қолымен емес, аузына таяқша тістеп, ұялы телефонға СМС арқылы жазады.