«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ»: НАҒИША ЕСБОСЫН
«100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихына мән беріп, оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал етудің жаңа мультимедиялық алаңын қалыптастыруға шақырды. Осыған орай аталған жобаның ІІ кезеңіне Қызылорда облысынан үміткерлерді таныстыруды жалғастырамыз.
Нағиша Есбосын – №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицейінің оқытушысы, шәкірттері облыстық, республикалық пәндік, ғылыми жобалар байқауында жүлделі орындардан көрініп жүр.
Ол Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесінде оқып, үздік бітірген. Әр жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰМУ-дың филология факультетінде оқыған. Еңбек жолын мектеп аға пионервожатыйы, Қазалы аудандық комсомол комитетінің хатшысы, №216 Қ.Сәтбаев атындағы мектеп директорының бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ жанындағы «Қабілет» бейімді білім беру лицейі, университет жанындағы қазақ-түрік лицейінде қызметтер атқарды. 2012 жылдан бастап №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицейінде оқытушы.
Ол шығармашылықпен жұмыс істейтін ізденімпаз ұстаз ретінде де, тәрбие жұмыстарының үздік ұйымдастырушысы ретінде де жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Оқушылары білім олимпиадалары мен ғылыми жоба және түрлі байқау, сайыстардан үлкен жетістіктерге жеткен. Облыстық пәндік, ғылыми жобалар байқауларынан, республикалық қашықтық олимпиадаларынан, республикалық «Жарқын болашақ» олимпиадасынан, «Білім-инновация» ҚҚ-ның Қазақстан Білім олимпиадасынан, «Зерде» ғылыми жобалар байқауынан, «Ақберен» байқауынан, Қ.Бітібаева атындағы олимпиададан, түрлі ақындар мүшәйрасынан жүлделі орындар иеленген. Шәкірттерінің еңбегін жоғары бағалайтын Н.Қожаққызы «Жас тілші» үйірмесін жүргізе отырып, өлең, эссе жазуға бейімі бар оқушылардың шығармашылығы бойынша жинақ құрастырды.
Сонымен қатар, «Махамбет өлеңдеріндегі бейнелі сөздер» авторлық бағдарламасының, «Кемел келешекке – тағылымды тәрбие» әдістемелік құралының, «Тәуелсіз ел ұрпақтарына – терең білім, тағылымды тәрбие» көмекші құралының, «Поэзиядағы фразеологизмдер сөздігі» оқулыққа қосымшасының, «Қыздармен сырласу кітабы» мен «Оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдер қоржынынан» жинақтарының авторы. Н.Есбосын мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстарына белсене араласып келеді.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаз 2014 жылы облыс әкімінің грантын жеңіп алып, «Үздік педагог» атанған.