«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ»: МАНАТ СМАТОВА
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында жастардың үлгі алуына, заманауи Қазақстанның келбетін танытуға мүмкіндік беретін «100 жаңа есім» жобасының ІІ кезеңіне келесі үміткер қызылордалық Манат Сматова.
Ол Қызылорда қаласы С.Сейфуллин атындағы №4 орта мектебінің жоғары санатты тарих пәнінің мұғалімі. Мектеп бағдарламасында қолданыста жүрген «Тарихи тұлғалар және тарихи кезең» қолданбалы курсы, «Әлемдік тарихтың даму циклдары» таңдау курстарының авторы. Білікті ұстаздың білімді шәкірттері респбуликалық байқауларда жүлде алып жүр.
Қызылорда облысының Қармақшы ауданының Жосалы қыстағында 1956 жылы дүниеге келген. 1981 жылы Шымкент педагогикалық институтын тарих пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. 1985 жылдан бастап №4 С.Сейфуллин атындағы орта мектебінде үздіксіз еңбек атқарып келеді. 1993-1999 жылдар аралығында мектеп директорының оқу-тәрбие істері жөніндегі орынбасары, мектеп психологы қызметтерін атқарған.1999 жылдан тарих пәнінің мұғалімі. Қазақстан Оқу Ассоциациясының мүшесі, облыс әкімі грантының иегері.
Манат Сматованың оқушылары республикалық пәндік олимпиадалардың және ғылыми жоба сайыстарының қалалық, облыстық, республикалық кезеңдерінің жүлдегерлері атанған. Оның 10-сыныптарға арналған «Тарихи тұлғалар және тарихи кезең» қолданбалы курсы және 11-сыныптарға арналған «Әлемдік тарихтың даму циклдары» таңдау курсынан авторлық бағдарламасы 2008 жылдан қолданыста жүр. Сондай-ақ «Тарих – ғасырлар куәсі», «Қазақстан тарихы» пәнінен 9-сыныпқа арналған тапсырмалар топтамасы» әдістемелік оқу құралдарының, «Самғатқан сан қыранды алтын ұя» кітабының авторы. Манат Шамбекқызы Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі және «Қазақстан Ұстазы» қауымдастығының төсбелгісінің иегері.