СЫРҒА ТОЛЫ СЫРЛЫТАМ

Жеріміздегі Қорқыт ата, Қармақшы ата, Марал баба, Қалқай ишан кесенелері халықты рухани тәрбие жағынан бағыттап отыратын зиялы адамдардың тарихта болғанын дәлелдейді.
Аудандағы Тағай ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 16 шақырым жерде орналасқан Сырлытам кесенесіне тоқталмақпын.

Бұл ескерткішпен аттас Сырлытам күмбезі атты екінші ескерткіш Қызылорда қаласының батысында «Іңкәрдария» совхозының жерінде тұрғанын ғалым Ә.Қоңыратбаев «Сыр бойында - Сырлытам» атты мақаласында жан-жақты деректер келтіріп жазған (Ертедегі ескерткіштер, Алматы, «Өнер», 1996 ж.). Ә.Қоңыратбаевтың жазба деректеріндегі бұл Сырлытам мазары «Ислам дінінің әсерінде емес, шаманизм рухында салынған. Мазардың есігі біреу, ол құбылаға емес, шығысқа қараған. Оның ішіндегі сегіз мола да шаман салтымен теріскейге қарата жерленіпті. Дөңгелек кірпіштен өрілген екі босағаның арасына орнатылған ою-өрнек үлгілері түрікмендердің қалы кілеміне ұқсас» делінген.
Қазақтың сәулетшісі М.Сембин сәулет өнеріндегі ескерткіштердің кейбір жиі кездесетін атаулардың мағынасын талдап, былай жазды: «Ішкі көріністегі сәндік өрнегімен, қасбеті оюлы терракотасымен қапталуымен Сырлытамды байланыстыру жөн (сырлы–әшекейленген). Қазақстанда осылай аталған кесенелердің бірнешесі бар және олар түрлі аймақтарында орналасқан (Ақмола, Қостанай, Қызылорда облыстары)».
Қармақшы ауданы аумағындағы Қызылқұм ішіндегі Сырлытам күмбезінің ерекшелігі – есігі біреу емес, екеу. Алдыңғы кіре беріс есік батысқа (құбылаға) қараса, артқы есік шығысқа қарай ашылған. Күмбез төбесі жабық. Күмбез қабырғаларынан жарық түсерлік үшбұрышты бірнеше тесіктер ғана жасалған. Есіктен 3 метрдей биік маңдайша доғалданып иіліп өрілген қыштар аспан түстес көк сырмен боялған. Бұл бояу ескерткіш салынғаннан бар бояу деседі. Ескерткіштің батысқа қараған кіре беріс есігінің екі жағында адам қолы жетерлік жерде арабша жазылған жазулар іздері бар.
Уақыт пен адамзаттың әрекеті көне ескерткіштерді аямайды, өкінішке орай бұл Сырлытам кесенесіне де байланысты. Жергілікті ақсақалдардың айтуынша, ХХ ғасырдың ортасында кесененің шатырын «Өзбекторға» сексеуілді дайындау бойынша кәсіпорынның кәсіп еткен трактористері арқанмен жұлып әкеткен. Дегенмен қабырғалары бүтін және аман болып қалды. Ескерткіш қатты қирағандықтан, 2000 жылдардың басында тарих және мәдениет ескерткішіне күрделі қайта құру жұмыстары жүргізілді. Күмбездің, портал мен жерлеу камерасының сыртқы және ішкі қабырғаларының толығымен жойылған бөлшектері қалпына келтірілді, есіктері қайта орнатылды. Кесене қайта қалпына келтірілгеннен кейін өзінің бастапқы түріне ие болды.
Талай жылдар қараусыз, ескерусіз жатқан ескерткіштерімізге еге болып, жәдігерлерімізге жанашырлықпен қарауға Елбасы Н.Назарбаевтың 2004 жылы қабылдаған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы өшкенімізді жандандыруға, жаңа істерге жол ашқан игі бастама болды.
Қ.СӘРСЕНБАЕВА