ТҰЛҒАЛАРДЫ ТҮЛЕТКЕН ӨҢІР

Иә, сарқырап аққан Сырдария үнсіз ғана өз ағынымен ағып барады. Ел басына туған талай күнді, қанқұйлы соғыс пен қуаныштың көз жасы, бәрі-бәрін де ішіне бүккен күйі үнсіз. Табылдының сөзімен айтсақ, осы қырда төбешіктей аналар дүниеге таудай ұлдар әкелді. Ертеректегі Күлтегін жазбаларында да алыптың анадан туатынын айтып кеткен. «Елтеріс қағанның алғырлығы, еліне деген сүйіспеншілігі, Күлтегіннің қанына ана сүтімен сіңді» деген жазуды да оқып едік қой. Қалқан ұстап жауға шапқан Ер Текейдей ұлы бар елді ұлы емес деп кім айтты?! Текей батыр Әз Тәукенің бас қолбасшысы болған. Тарих беттерін парақтап, сарғайған беттерден өткен күннің талай таңбасын көретін бүгінгі ұрпақ бұл мәліметтен де хабардар. Өткенін ұлықтап, батырына құрмет көрсетіп, мерейтойларында ат шаптырып думандаттық емес пе?! Қайсыбір жылы Текей батырдың 350 жылдығын дүркіретіп тойлағанымыз да есте болар. Батырдың ерлігін насихаттап, кейінгі ұрпаққа қалдыруда осы елдің перзенті Мырқы Исаевтың да еңбегі ерен. Көз майын тауысып, зерттеулерін мақалаға айналдырып, Текей батырды текті елдің ту ұстар ұлдарына насихаттады. Рухани мұраны баба жұрттан келешек ұрпаққа мирас етті.

Ешнияз сал, Балқы Базар, Дүр Оңғар, Кете Жүсіп, Жиенбай, Тұрымбет, Омар Шораяқұлы, Тұрмағамбет, Молдахмет Дабылұлының әрісінде қасиет тұнған Қорқыт баба мен Қармақшы ата аудан атын асқақтатып, абыройын биіктетіп тұр. Облыс аумағында атағы жер жаратын Айғожа Ишан, Құлболды Ишан, Марал Ишан болса, сол үштіктің ішіндегі мәртебелі Марал Ишанның осы өңірде жамбасы жерге тиген. Қазақстанның тұңғыш прокуроры Сүлеймен Есқараевтың да кіндік қаны тамған жер. Атақты Сыр сүлейлерінің көшін бастап, тыңдарман құлақтың құрышын қандырып жүрген бүгінгілердің қатарында Бидас Рүстембеков, Алмас Алматов, Арнұр Көшеней, Серік Жақсығұлов сынды өнер иелері бар. Елде ерен еңбектің жарқын үлгісіне айналған Еңбек Ері, Батыр Ана Сәлима Жұмабекованың ізін басып, маңдайы күнге күйіп, еңбектің нанын жеп жүрген тұлғалар жетерлік.
Тың түлетіп, қала салып түздерге,
Барымызды берсек екен ізгі елге, – деп жырлаған поэзия шайыры Шәкизада Әбдікәрімов те қасиетті топырақта туып-өсіп, Қорқыт бабаның әруағы қолдап, биіктен көрінген тұғырлы ел перзенттерінің бірі.
Тарих беттерінде таңбаланып, әр салада өз іздерін қалдырған КСРО батыры Тәйімбет Көмекбаев, Еңбек Ерлері Цай Ден Хак, Пак Чен Ир, Қасымтай Ізтілеуов, Әділбек Хайруллаев, еңбек майталмандары Ерназар Сексенбаев, Қаратай Қуаңбаев, Әбжәми Құрманбаев, Қасым Жүсіпов, Жанділда Бердімұратов, Әзілхан Аманов, тағы басқалар аудан тарихында елеулі еңбек етіп, абыройлы қызмет атқарған.
Құнарлы топырақ тұлғаларды тәрбиелеп түлетудің құтханасына айналды. Бұл күнде Қармақшыдан ұшқан сары ауыз балапандар қанатын көкте қаққан қыранға айналып, туған жерге тағзым жасап жүр. Берекелі бесіктің бүгінге дейінгі тоқсан жылда еңбек еткен тұлғаларын түгендеп шығу мүмкін емес. Өйткені, қасиетті жердің әрбір перзенті өз алдына бір төбе.
«Қармақшы таңы»