ЕЛ ҚОРҒАНЫ – ТҮЛКІБАЙ БАТЫР
Түлкібай батыр Жаңатайұлы қазіргі Қызылорда облысы, Сырдария ауданы жерінде ХІХ — ғасырдың 1-ші жартысында өмір сүрген. Батырдың бейіті — Қызылорда облысы, Сырдария ауданында.
Түлкібай Жаңатайұлы батырлығымен қоса елін билеген білікті би болған тарихи тұлға. Елі мен жерінің азаттығы үшін Қоқан, Хиуа хандықтарының басқыншыларымен күрескен. Тегі — Алшын-Байұлы-Алаша-Алтыбас аталығынан. 1830 жылы хиуалықтар, Аққыр тауы маңындағы және Жаңадария мен Қуандария өзендері бойындағы елді басқару үшін Майлыөзек өзенінің жағасында мықты бекініс салды.
Бекіністі Хиуа бегі Қожанияз басқарып тұрғандықтан бекініс те соның атымен Қожанияз қорғаны, Қожанияз бекінісі деп аталып кеткен. Қожанияз қорғаны ХІХ-ғасырдың 1-ші жартысындағы Сыр бойындағы ірі бекіністердің бірі болған. Бекіністің көлемі 6 гектар жерді алып отырған. Бұл территория қазіргі Қызылорда қаласының КБИ ауданының алып территориясымен пара-пар болып келеді. Сыртқы қабырғалары дөңгеленте салынып, шеті Майлыөзек арнасына тірелген. Көне дуалының қалындығы 2 метр, биіктігі 8 метр шамасында болған. Бекініс айналасында терең ор қазылған.
Қожанияз қорғанының дуалының биіктігі қазіргі 3 қабатты үймен тең. 1840 жылы бекініс қоқандықтардың қол астына уақытша қарайды.
Қожанияз қорғанынан онша алыс емес жерде Күмісқорған қорғаны орналасқан. Күмісқорған қорғанын 1818 жылы қазіргі Сырдария ауданының Ақжарма мен Шаған ауылдарының шекарасындағы «Шіркейлі» каналының жағасында қоқандықтар салдырған. Кезінде қабырғалары биік, төрт бұрышты, айналасында қарауыл мұнаралары болған. Қорғанда қоқандықтардың зеңбіректері бар қарулы әскері шоғырланған. Күмісқорған қорғаны, Ақмешіт пен Қуандария арасында қазақ ауылдарына билік жүргізу мақсатында салынған. 1840-шы жылдары Күмісқорған қорғанының бегі-де тағы Нияз болған.
Енді қараңыз қызығы міне осында болып тұр, сонда бұл қалай? Қожанияз қорғанының иесі өзбек елінің қожа руынан шыққан Қожа Нияз болса, Күмісқорған қорғанының бегі-де қоқандық Нияз болып тұр. Түсініксіз жағдай, бұл екеуі бір адам ба, әлде екеуі екі адам, екі Нияз бектер ме? Бірақ маңыздысы бұл емес, маңыздысы екі Нияздың да Түлкібай батырдың қас жауы болғандықтары. Уақыт келе бұл мәселеде зерттеліп, ақиқаты ашылады.
Түлкібай батыр қоқандықтардың осы Күмісқорған қорғанының бегі Ниязға қарсы қол бастайды. Көмекке жерлестері, Сыр бойының батырлары Шөмекедің батыры Тоғанас Бәйтікұлы мен Табынның батыры Бұқарбай Естекбайұлын (1812–1898) шақырады. Осы уақытары Күмісқорған бекінісінің ішінде ме, бекіністің маңайында ма, аударыспақ сайысы өткізіліп жатады. Аударыспақ сайысы қазақ халқының ХІХ-ғасырдағы жекпе-жек спорт түрлерінің бірі. Міне, осы аударыспақ сайысында қазақтың Түлкібай батыры Күмісқорған қорғанының иесі, қоқандық Нияз бекпен сайысқа түседі. Түлкібай батыр Нияз бекті атынан аударып құлатып, оның атын алады, яғни Түлкібай батыр сайыта жеңіске жетеді.
Т.Дайрабай 2005 жылы «Сырдың сырлы сыры» атты кітабының 122-бетінде былай деп жазалы. «Қоқан бегі Нияз Түлкібайға кек сақтап, батырды өлтіріп, ауылын шабады. Осы оқиғадан кейін Шөмекедің Тоғанас батыры келіп, Қоқан бекінісін шауып, Ниязбекті өлтіріп кетеді».
Тағы бір деректе 1847 жылы Қожанияз қорғанын Жанқожа батыр шабалы. Ұрыста Қожа Нияз қолға түседі. Жанқожа батыр Қожа Ниязды кезінде қазақтарға жасаған зұлымдығы үшін қазыққа отырғызады. Сонда Қожа Нияз бекке қазық кірген сайын жаны қиналып жатса да «Қазақ қызыңды с.ейін» деп айтып өлген екен.
Зерттеу жұмыстары кезінде Қызылорда облыстық мұрағатының № 885 қорының 2 тіркеу, 1-ші іс құжатында Түлкібай батырдың қазасы туралы мынандай мәлімет табылды.
Орынбор генерал-губернаторына 1853 жылдың 13 шілдесінде генерал-майор Ладыженскидің жіберген хатында былай делінген. «1853 жылы мамыр айында 2000 шаңырақ қазақтар Шеңгел шатқалына бара жатқан кезінде Сырдария бойындағы Киіктөбе шатқалында қарақалпақ биі Лепес 300 қоқандықтарымен аяқ астынан шабуыл жасайды. Қоқандықтармен болған ұрыста Алаша руының биі Түлкібай Жаңатаев қазаға ұшырайды. Қоқандықтар 500 шаңырақ қазақты өзімен бірге, Ақмешітке апарып, олардың аттарын және басқа да малдарын тартып алып, өздерін Көкжиде шатқалына жібереді» — деп жазған.[1].
Есіл Ер Түлкібай батыр елі үшін, жері үшін қоқандықтармен болған ұрыста жау қолынан қаза болады. Түлкібай батырдың артында Баймен атты ұлы қалады. Байменнен Оспан, одан Иманғали, одан Сапар дүниеге келеді. Қазіргі уақытта Түлкібай батырдың ұрпақтары Сыр өңірінде, Алматы қаласында тұрып жатыр.
Сыр бойында Түлкібай батырдың ағайындары Алаша руынан көптеген батырлар шыққан. Түлкібай батырдың ағасы Сасықбалық батырда елді қорғаумен аты шыққан.
Сыр бойында Түлкібай батырдың замандасы Алаша Ботабайұлы Тұрлы батыр әрі мергеннің есімі елге таныс болған. Бұл кісі 1834–1875ж.ж. өмір сүрген. Тегі — Кіші жүз. Алшын-Байұлы-Алаша-Құлтай-Жарақ аталығы. Тұрлы батыр — қазіргі Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Шаған ауылы манайында өмір сүрген. Батырдың бейіті — қазіргі Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Шаған ауылының манайындағы Айдабол деген жерде. Белгісі бар. Тұрлы бабамыз асқан мерген болған. Қасындағы серігі Дербіс Тілеубайдың әкесі екеуі 5–6 түйемен Қарақұмнан киік, құлан аулап, елді асырап отырған. Үстеріне киетіні киік терісін екен. Тұрлының әкесі Ботабай — қазіргі Батыс Қазақстан облысында ХІХ- ғасырда өмір сүрген. Бейіті-де сол жақта. Ботабайдан — Әйтеке, Болат, Қоғаш, Қозғамбай, Тұрлы батыр, Тиянақ, Тоғанақ, Толыбек туады.
Тұрлы өте қайратты кісі екен. Бір күні 7–8 адам құдыққа түскен түйені шығара алмай жатқанда, Тұрлы бабамыз түйені астына арқан алып бір ұшын табанына басып, екінші ұшынан иыққа салып тартып шығарған екен. Найманның бір байы сол құдықты «Тұрлының шеген құдығы» ататқан көрінеді.
Тұрлы — құдық. Қазіргі Қарағанды облысы, Арал Қарақұмының шығысында, Қалмаққырған өзенінің бойында, Ұлытау ауданында орналасқан.
Қарақұмда құлан суға құлағанда ататын орны болған, сол жерді «Тұрлының қара суы» деп атаған.
Тұрлы мергеннің Тиянақ деген ержүрек інісі Сауд Аравия елінде оқып жүргенінде, сол жақта болған бір көтеріліске қатысыпты деген сөз бар.
Ал, енді Тоғанақ, Толыбек деген інілері Сауд Аравия елінде оқып жүріп, Сыр еліне қайтып келе жатқанда, жолда қарақшылардың қолынан қаза болады.
1875 жылы Тұрлы батыр Сыр бойында жолбарыспен алысқанда, бас бармағын шайнатып алып, содан асқынып уланып, Бұқарадан қайтып келе жатқанда жолда қайтыс болған. «Қырық күн аманат» деп шілде айында жолда жерлеп, кейін денесін былғарыға тігіп, сап-сары мейіздей болып жатқан денесін, «Айдаболға» әкеліп, жерлейді. Тұрлы мерген 41 жасында дүниеден өтеді.
Тұрлы батырдың Тұңғышбай (1866-?), Ізімбай (1869-?), Өткелбай (1872–1939), Маңғытбай (1875-?) деген балалары болған.
Ізімбай деген кісі молда болған, мешіт ұстап, бала оқытқан. Қазіргі уақытта — Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Шаған ауылында Ізімбай мешітінің орны қалған.
Тұрлы батырдың үшінші баласы Өткелбай алып тұлғалы, кең иықты, өте ажарлы, бетінен қаны тамып тұрған, қалын қасты, сұсты адам болған.
Өткелбай Шаған болысында ел билеген, Кеңес үкіметі тұсында колхоз председателі болған.
Кенже баласы Маңғытбай өте қуатты, сақал, мұртын әдемі қоятын, орта бойлы келген, сабырлы, өте ізетті, жеті өлшеп бір кесетін кісі еді. Бұл кісі мұрап болған.
Қорытындылай келе, Түлкібай батыр — Сыр өңірінің біртуар перзенті. Қазақта жақсы сөз бар: «Елім деген ұл болса, ұлым деген Халық болады» — дегеніндей Түлкібай батырдың еліне жасаған қызметі, өшпес ерлігі ел есінен ешқашан да өшпейді.
Бақытжан АХМЕТБЕК
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері