«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ»: ГҮЛНҰР ӘЛИАСҚАРОВА
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асып жатқан жобалардың қай-қайсысы да өзінің мазмұн ауқымдылығымен, идеологиялық маңыздылығымен құнды. Соның ішінде «100 жаңа есім» жобасының алар орны айрықша. Аталған жоба тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, саналуан этнос өкілдерінің тарихы. Оның арасында еліміздің туын биікке көтерген спортшылар мен ақ халатты дәрігерлер, меценаттықпен көзге түскен белді кәсіпкерлер, сондай-ақ ғалымдар, мәдениет пен білім саласында ел аузында жүрген азаматтар бар. Сондай қызылордалықтардың бірі Гүлнұр Әлиасқарова.
Ол С.Лапин атындағы №261 мектептің жоғары санатты мұғалімі. Химия пәнінің білікті маманы әр жылдары «Химия пәнінде дарынды оқушыларға дидактикалық құралдарды қолданудың тиімділігі» әдістемелік оқу құралын, «Сандық есептерді шығару» авторлық бағдарламасын дайындаған.
Гүлнұр Бақбергенқызының жетекшілігімен Ә.Бақберген Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығы және М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік коммуникациялар академиясының ұйымдастырған «Жас ғалым -2018» республикалық ғылыми жобалар байқауында жүлделі 2-орын алып, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дің ұйымдастыруымен «Health sciences» атты І халықаралық конгреске қатысып, «Судың кермектілігі» ғылыми жұмысы үшін дипломмен марапатталған. Шәкірттері Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 75 жылдығына орай химия пәнінен өткізілген сырттай олимпиадасында, Іреспбликалық колледж студенттері мен мектеп оқушылары арасында өткізілген «Үздік жас ғалым» ғылыми жұмыстар байқауларында жүлделі орындардан көрініп жүр. Сонымен бірге білікті ұстаздың шәкірттері «Ақ бота» интеллектуалдық марафонында, республикалық қашықтық олимпиадасында, онлайн конкурстарда жүлделі орындарға ие болған.
Г.Әлиасқарова республикалық www.orleu.kz порталы ұйымдастырған «Жаңартылған білім беру бағдарламасындағы инновациялық әдіс – тәсілдердің оқушылардың білім – білік дағдыларын дамытудағы тиімділігі» тақырыбындағы семинарларға, халықаралық, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, химия пәнін оқытудың жаңа тәсілдеріне байланысты 30-дан астам ғылыми мақалалары жарық көрген.