«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ»: АИДА КЕРІМҚҰЛОВА
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының ІІ кезеңі басталғандығы белгілі. Жобаға Сыр өңірінен ұсынылып жатқан үміткерлердің қатарында ұлттық кодты қалыптастыру жолында өз кәсібін ашқан жеке кәсіпкер Аида Керімқұлова бар.
Қазақтың ұлттық мәдениетінің ең байырғы саласының бірі – қолөнер десек, ол халықтың тұрмыс-тіршілігімен бірге дамып, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келеді. Сол атадан аманат болған асыл өнерді кәсіп етіп, ұлттық өнерді ұлықтап келе жатқан кәсіп иелері аз емес. Солардың қатарында Аида Керімқұлованың аты жұртшылыққа жақсы таныс.
Ол 1979 жылдың 22 сәуірінде Қызылорда облысында дүниеге келген. 2000 - 2003 жылдары Алматы қаласының «Жол Желкен» ЖШС құрылыс компаниясында бас технолог, 2003-2011 жылдары ЖК «Баймұрзаева» мекемесінде есепші қызметін атқарған.
2011 жылдан «ПромКоммерцКА» ЖК басшысы болы жұмыс істейді. 2015 жылдан бастап «Қолөнер» ұлттық нақыш орталығының құрылтайшысы ретінде қолөнершілерді қолдау және насихаттау жұмыстарын атқарып келеді. Мақсаты, Қызылорда қаласы және ауыл-аймақ қолөнершілердің туындыларын нарыққа шығарып, өсіп келе жатқан жастарымызға жат болып бара жатқан ұлттық бұйымдарымызды насихаттап, санасына сіңіру.
Сондай-ақ, «Қолөнер» ұлттық нақыш орталығы көптеген қайырымдылық шараларына белсене қатысып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіп келеді.
Аида Керімқұлованың басшылығымен жұмыс жасайтын «ПромКоммерц КА» ЖК-і 2011 жылы құрылды. «ПромКоммерц КА»-ның ерекшелігі қолөнермен айналысатын, атадан балаға мұра етіп, бүгінгі күнге жеткізе білген өз саласының үздіктерінің басын қосқан орталық.
Бұрын қолөнершілер өз туындыларын базарда, үйлерінде сатып, тіпті рұқсат бермеген орындарды бей-берекет сауда ұйымдастырғаны үшін түрлі қиындықтарға да кездесіп келген болатын.
Кәсіп бастауда осы жағдайлардың барлығын саралай білген Аида Әбдіқайымқызы талантты қолөнершілердің басын қосып, ұлттық нақыштағы «Қолөнер» орталығын ашты. Аталған орталықта бүгінде ұмыт қала бастаған ұлттық туындылар жаңғырып, тұтынушыларға ұсынылуда.
Кәсіпкер келіншек тауарларды жарнамалауда да ерекше тәсілді қолданады. Әлеуметтік желіде тұтынушысына ұсынып отырған әр тауардың шығу тарихын, салт-дәстүрге қатысты маңыздылығын айтып, сипаттап береді.
- Қолөнер» орталығын ашудағы мақсатым ұлттық кодты қалыптастыру. Қазір жаһандану кезеңі деп түп-тамырымызды ұмыта бастадық. Сондықтан да кәсіпті қолға алғанда осы саланы дамытамын деп өзіме сөз бердім. Биыл облысымызда «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп жариялағаны біз үшін үлкен қолдау болып тұр. Қолөнершілер деп жалпылама айтқанымызбен, әрқайсысы бір төбе, яғни ағаш шеберлерінің, зергерлердің, тігінмен айналысатын мамандардың туындылары бір-біріне ұқсамайтын құнды дүниелер. Болашақта осы сала мамандарының да еңбектері еленіп, мемлекет тарапынан субсидияланса тіпті жақсы болар еді, - деді ол.
Бүгінде Орталықта тек қызылордалық шеберлердің ғана емес, сондай-ақ өзге өңірлерде де ұлттық өнімдерді шығаратын қолөнершілердің туындылары бар.