АЗАТТЫҚ ЖОЛЫНДА ТУ КӨТЕРГЕН ЕРЕН ЕР

Ол қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, «Өркендеу» ауылына жақын орналасқан Ақтөбе деген жерде 1818 жылы дүниеге келді. Оның өмірі сол тұстағы сан түрлі қиын кезеңмен тұспа-тұс келеді. Әбілқайыр хан Кіші жүзді қазақ жерінің батысына орналастырғанда Әлімнің Кішкене деген аталығын Сырдария бойы, Арал теңізінің солтүстік шығыс бетіне қоныстандырған. Кішкененің үлкен баласы Жиенейден Әлмәмбет, Әлдеберлі елі және Құттықожа деген үш ұл тарайды. Бізге белгілі Сырлыбай хан Құттықожаның баласы.
Бірде Хиуа ханының зекетшілері қарапайым халыққа әлімжеттік көрсетіп кезекті алым-салық жинап, жылқы, сиыр мен қойға қырғидай тиіп әкетіп бара жатып, көзге түскен 14-15 жас шамасындағы Сырлыбайды да ала кетеді.
Еті тірі Сырлыбай жиырмадан жаңа асқан шағында Хиуа шахына кеңесші болады. Жиырма жылға жуық сол елде кіші хандықтың бас уәзірі атанып, хан дәрежесіне дейін көтерілді. Кейін елге қайтып, атақты батыр Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бастаған топқа қосылып, Сыр, Арал бойы қазақтарының патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы 1856-1857 жылдардағы көтерілісінде мыңбасы сайланды. Мұнан кейін Қазалы уезі, Ақтөбе болысында болыс болған Сырлыбай Шабақұлы елді ауызбіршілікке жұмылдырды.

Тарихта қалған Жанқожа, Сырлыбай батырлардың ерлігі кітап болып жазылды. Қаламгер Әбдісаттар Оспановтың «Хан Сырлыбай» атты тарихи романы жарық көрді. Туындыда қарадан шығып хан болған Сырлыбай тағдыры жан-жақты суреттелген. Сонымен бірге кітапта Сырлыбайдың ел билігіне араласқан ұрпақтарының ерлігінен сыр шертіледі.
Сырлыбай Шабақұлы 1898 жылы сексен жасында өмірден озды. Балалары Нұрқожа, Нұрман, Тобжан Түркістан қаласынан арнайы ұста алдырып, кесене тұрғызды. Бүгінде Сырлыбай хан мазары Өркендеу ауылынан 10 шақырым жерде орналасқан. Күмбез XIX ғасырдың архитектуралық озық құрылыс үлгілерінің қатарына енді. 1980 жылы «Казпроектреставрация» институты құжаттарын жасап, қорғау аймағы болып белгіленді. 1997 жылы ұрпағы Бегалы Айтмембетовтің ұйымдастыруымен қайта реставрация жұмыстары жүргізілді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы» делінген. Батыр тұлғаларымыздың ерлігі мен өнегесі бүгінгі ұрпаққа дәріптелуі керек. Халық өзінің тарихын, тегін, ата-бабасының кім болғанын, қандай батырлар шыққанын білуі міндетті.
«Тарихты білмей – келешекті болжау қиын», – деген екен Әбу Насыр әл-Фараби. Сыр өңірінің перзенті, батыр Сырлыбай Шабақұлының туғанына биыл 200 жыл. Сырлыбай батыр сияқты тарихи тұлғалардың қазақ тарихындағы орнын айқындап, жас ұрпаққа жеткізу парыз. Батырдың ғибратты ғұмыры өскелең жастарға өшпес өнеге болып, тарих беттерінде қатталып қалуы тиіс.
Мырзахмет ТОЛЫБАЙ,
зейнеткер.