САҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ МҰРАСЫ
Сыр өңіріндегі сақ дәуірінен сақталған ежелгі қалалардың бірі– Шірік-Рабат қалашығы. Шірік-Рабат қалашығы оңтүстік-батысында Парсы елі, терістігінде Ресей мен оңтүстік-шығысында Қытайды жалғастырған Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан. Шаһар сол заманда өмір кешкен халықтардың Хорезм, Парсы елдерімен шекаралық бекінісі рөлін атқарған. Өйткені, бұл елдердің байланысы кезінде арнасы тасыған Жаңадария арқылы жүріп отырған.
Қалашықты алғаш зерттеушілердің бірі С.П.Толстов. Ол Шірік-Рабат қаласын ХІІ ғасырдағы «Инша» құжаттар жинағында көрсетілген Хорезм-Женд жолының бойында, Жендтен 20 фарсах (120 шақырым) жерде орын тепкен Саг-дере мекенімен байланыстырады. Саг-дере – түркі-иран сөздерінің тіркесі, мағынасы «оң аңғар, оң жақ алап» деген мағына береді. Ал Шірік-Рабат Жаңадария өзенінің оң жағалауында жатқандығы белгілі. С.П.Толстов осындай дәлелдерді келтіре отырып, Шірік-Рабат қаласы ерте ортағасырлық Саг-дере қаласы деп тұжырымдайды. Шірік-Рабатта үлкен қамалдар тұрғызылып, қарауыл мұнаралары болған. Ерте кезеңде әскери мақсаттағы маңызға ие шаһардың бірі болғандығы байқалады. Бұл қаланың қорғаныс қабілетін арттыруда пайдаланылған арнайы нысандардың молдығынан да көрінеді. Қазір мұнда ғалым Ж.Құрманқұлов жетекшілік ететін археологиялық экспедиция 2004 жылдан бері археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.
Шірік-Рабат қалашығы қазіргі Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 300, Қармақшы ауданы Көмекбаев ауылынан оңтүстікке қарай 99 шақырым жерде, Жаңадарияның көне арнасынан сол жағалауындағы көлемі 850х600 метр болатын, өзге төбелерден оқшау тұрған табиғи төбенің үстінде орналасқан. Ескерткіш мықты қорғаныс жүйелерімен қоршалған. Төбенің төменгі етегінде қазылған ор бар. Оның бүгінгі тереңдігі 4,5, ені 40 метрге жуық болса, ал одан шыққан топырақтан сыртқы дуал тұрғызылған.
Қала атауы орта ғасырлардан осылай атала бастауы ықтимал. Сөздіктерде түркі дәуірінде қолданылған «шеру» сөзі айтылады. «Шеру – жорық, әскер, салтанат; а) белгілі бір елдің қарулы әскері, жауынгер; б) жортуыл, аттаныс, қарулы қол, жасақ» деген мағына береді (Қазақ Совет Энциклопедиясы. 12 том. Алматы, 1978 жыл). Қазіргі таңдағы мағынасы – топ болып жүру, бейбіт шеруге шығу. Яғни шеру сөзінің шығу төркіні әскери мағынада болған. Сонымен қатар шеру сөзімен түбірлес «шерік» сөзін алып қарайтын болсақ, ол – «(көне сөз) сарбаз, жауынгер, әскер, көп қол» деген мағынаны білдіреді (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы, 2008 жыл).
Бұл нұсқа бойынша «шерік» дегеніміз – әскери бөлім, жауынгерлер тобы. Енді «шірік» және «шерік» сөздерін қатар алып қарайтын болсақ, бір ғана дыбыс айырмашылығы бар. Қазақ тілінде сөздерде дыбыстардың көп өзгеріске ұшырайтыны секілді бұл жерде де «е» дыбысы ауызекі тілде «і» дыбысына ауысуы әбден мүмкін.
Шірік-Рабат қаласының сыртқы үлкен қамалының биік етіп соғылуы және қарауыл мұнараның жиілігі бұл жерде күшті әскери бекініс болғандығын көрсетеді. Сонымен қоса қаланың әскери стратегиялық ролі жоғары болған. Бұл қаланың қорғаныс қабілетін арттыруда пайдаланылған арнайы нысандардың молдығынан да көрінеді. Қамал ішінен жебе ұштарының көптеп табылуы, қамал қабырғаларындағы садақ ататын ойықтармен қатар ішкі атқыштар галереясының орналасуы да қалада әскерлер қосындарының шоғырлануының бір дәлелі. Демек бұл жерде әскери бөлім тұрған. Енді Шірік-Рабат сөзін Шерік-Рабат сөзімен ауыстырып қарайтын болсақ, «қала әскерилер қаласы немесе жауынгерлер тұрағы» деген мағынаға ие болады.
Беляевтың «Поперек Кызыл-Кумской пустыни» атты мақаласында да (Туркестанская ведомость, 1904, №10 и 31) қираған бекініс атауы Шерик-Рабат деп көрсетілген. Каллаур Шерик-рабат, Чиркрабат, Чирик-кала атауларын салыстыра отырып, бәрінің бір мағына беретінін, қала атауының кейінгі кезеңдерде осылай атала бастағанын жазады.
Қала атауының этимологиясының келесі бір түсініктемесі, Шірік-Рабат қаласы атауының шығу тарихы сонау темір дәуірінен бастау алған. Сақ мемлекетімен қатар бір уақытта бірде табысып, бірде шабысып отырған өзі сияқты аса құдіретті Парсы мемлекеті өмір сүрді. Парсылар мен сақтардың арасында мәдени, саяси, сауда-саттық байланыстар зор болған. Осы парсы тілінде көнеден келе жатқан «шәрг» (шәрқ) сөзі бар, Шірік-Рабат атауы аталған ұғымнан шығуы ықтимал. «Шарг» сөзін қазақшаға аударғанда шығыс, оңтүстік-шығыс, солтүстік-шығыс деген мағына береді (Узбекско-русский словарь. Мәскеу, 1959 жыл).
Шаргтан қазақ тілінде өзгеріске ұшыраған шірік сөзі пайда болып, Шарг-Рабат Шірік-Рабат болып өзгеруі мүмкін.
Шірік-Рабат қаласындағы негізгі археологиялық зерттеулердің мақсаты Шығыс Арал өңірінің сақ дәуірі мәдениетінің қалыптасуы мен дамуы және сақ мәдениетінің компоненттерінің кейінгі мәдениеттерде сақталу ерекшелігін айқындау болатын.
2017 жылы қалашықта негізінен үш нысанда археологиялық қазба жұмыстары мен консервациялық жұмыстар жүргізілді.
1-ші нысан. Қалашықтың ішкі бөлігінде орналасқан кесенеге уақытша сақтау, бекіту және тұмшалау жұмыстары жүргізілді. Тұмшаланатын ескерткішке кішкене сипаттама беріп кететін болсақ оның, сыртқы көрінісі төртбұрышты болып келген. Көлемі 10х10 м. Кесене іші төрт бөлмеден тұрады. Ортасы бір-біріне перпендикуляр болатын екі қабырғамен бөлінген. Ескерткіштің сыртқы қабырғасының қалыңдығы 3, биіктігі 1,6-1,7 метр. Оңтүстік және шығыс қабырғаларының биіктігі 0,2-0,5 метр, ішке кіретін ауызы оңтүстігінде орналасқан.
Ішкі бөлмелердің өлшемдері әртүрлі. №1-ші бөлме 300х320 см, №2-ші бөлме 350х350 см, №3-ші бөлменің іші 370х370 см болса, №4-ші бөлменің өлшемі 330х370 см құрайды. Бөлмелерге қатынайтын есіктерінің ені 1-1,20 метр. Қазба барысында анықталғандай, бұл ғимарат жерлеу орны екендігі белгілі болды. Ол, б.з.д. ІІІ ғасырға жататын Шірік-Рабат мәдениетіне тән ескерткіш.
2-ші нысан. Шірік-Рабат қалашығының оңтүстігіндегі ортағасырлық цитадельдің солтүстік-батыс бұрышында орналасқан құрылысқа археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.
Қазба барысында бірнеше мәдени қабат аршылды. Жоғары қабаттан екі құрылыс орны табылды.
Бірінші құрылыс орны цитадельдің солтүстік-шығыс бөлігінде болса, екінші құрылыс орны оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан.
Бірінші құрылыстан төрт қабатты көруге болады. Алғашқыда беткі қабаты алын¬ған соң үлкен құрылыс орны ашылды. Құрылыстың орталығынан шикі кесектерден (40х43х10-12 см) тұрғызылған платформа анықталды. Платформаның төменгі жағы құйылған саздан тұрса, жоғарғы жағын екі-үш қатар кесектермен көтерген. Бұл құрылыс суфалық немесе жауынгерлер алаңы қызметін атқарған болуы мүмкін. Сонымен қатар, сыртқы қабырғаға жақын құрылыстың батыс бөлігінен күйдірілген кірпіштен салынған ошақ табылды. Сыртқы пішіні төртбұрыш, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа бағытталған, ұзындығы 1 метр болатын бұл пештің аузы шығысқа қаратылған. Кірпіштерді қырынан қойған. Сақтал¬ған биіктігі – 20 см. Ішіндегі күл қабатының қалыңдығы 5-10 см.
3-ші нысан. №1-обаға жүргізілген қазба жұмыстары.
Шірік-Рабат-4 деп аталатын обалар тобы қалашықтан солтүстікке қарай 700 метр жерде. Биік емес төбе үстінде тұрғызылған. Олар шығыстан оңтүстік-батысқа қарай тізбек¬телген. №1-оба орталық оба болып саналады. Ал, орталық обаның шығысында үш оба орналасқан, оның біреуі солтүстік-батысында орын тепкен. Аталған обалардың батыс және солтүстік-батыс бөлігінде, төбенің етегінде тағы екі құрылыс орны табылды. Солтүстік-батыс бөлігіндегі ескерткіштің сыртқы көрінісі обаға ұқсас. Ал, екінші құрылыстың қабырғалары жақсы көрініп жатыр. Олардан керамика сынықтары жинап алынды.
Археологиялық зерттеу жұмыстары №1-обаға салынды. Оның диаметрі – 37, биіктігі 0,50 метрден 1,30 метрге дейін, керіш аралас топырақтан тұрғызылған. Ортасы ой ішіне қарай түскен, диаметрі 19 метр.
Алғашқыда қазбаны 20х3 м болатын барлау траншеясы салынып, кейін қазба кеңейтілді.
Атқарылған жұмыстардың барысында алынған дерекнамалық мәліметтер камералық өңдеуден өтті, мәдени-хронологиялық пайымдаулар жасалды. Жұмыстың қорытындылары ғылыми айналымға ендірілуге дайын.
Атақты тарих ғылымдарының атасы саналған Геродот өзінің «Тарих» еңбегінде Сақ тайпалары туралы баяндап, оларды 3 топқа бөлген. «Тиграхауда» – шошақ бөрікті сақтар, «Хаомаварга» – сусын дайындаушылар және «Парадария» – дарияның арғы бетіндегілер. Дегенмен, сақтардың үлкен бірлестік болғандығы тарихтан белгілі. Осы сақ тайпаларының үлкен орталықтағы – Шірік-Рабат қаласы ортағасырларда да халық қоныстанған мекендердің бірі. Қалашық қазақ халқының байырғы ата-бабалар мекені, киелі орын ретінде саналады. Қазіргі таңда қалашықта археолог ғалымдар қазба жұмыстарын жүргізіп келеді және табылған жәдігерлерді облыстық өлкетану мұражайына тапсыруда. Олардың ішінде алтын бұйымдар, сүйектен жасалған бұйымдар, қару-жарақ түрлері мен садақтың жебе ұштары кездесіп отырады.
Қазіргі таңда ескерткіштің құрылысы мен табылған жәдігерлерді б.з.д. V-IV ғ.ғ. жатқызамыз.
2014 жылдан бастап облыс басшылығының қолдауымен бюджет есебінен төрт хандықтың астанасы болған Сығанақ, оғыздардың ордасы – Жанкент, сақтардың бірегей ескерткіші Шірік-Рабат және оғыздар қалашығы Сортөбе, Жент қалашықтарында археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын табады.
Еркебұлан ЕЛЕУОВ,
облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді
қорғау жөніндегі КММ қызметкерлері.