АУДАННЫҢ ЕСКІШЕ АТАУЛАРЫ
Төребек Жанболғанов Қармақшы ауданының ескі атаулары туралы "Қармақшы таңы" газетінде өз ойын жақсы білдірген. Қармақшы тұрған жер бір кездері "Қос қорған", "Аша", "Күзер", "Форт №2" болып аталған. Қ.Шыңғысов, Т.Дайрабай, С.Оспан, Д.Сәулебеков, У.Сұңғатов, К.Жұмағұлов, Қ.Нәметшалар Қармақшы туралы зерттеп, ой тастайтын, баспа беттерінде көбірек көрінетін азаматтардың бірі осы – Т.Жанболғанов.
Қоқандықтар қорғанды қосқабат етіп соқса да, Қали Шыңғысов айтқандай қорғанның бір қабатын қоқандықтар, екінші қабатын жергілікті бай Нұрмағанбет соқса да "Қос қорған" атануы қоқандықтардың билік жүргізген 1820-1850 жылдарға сәйкес келеді. Сондықтан, қазіргі кент орнының "Қос қорған" атануы жоғарыдағы атаулардың басы да, соңы да емес. Форт №2 болып атануы орыс әскерлерінің келіп қоқандықтардың қорғанды тастап қашқан уақытынан басталады. Нақтылап айтқанда, қоқандықтарды 1852 жылы "Қос қорғаннан" қуған орыс офицері Бларамберг еді. Тынышбек Дайрабайдың "Сыр перзенттері" кітабында "Қос қорған" ХІХ ғасырдың бірінші жартысында 1819-1820 жылдары қоқандықтар салған бекініс. Ресей офицері Романовтың Орынбор басшылығына жазған хатында: «Қос қорған» саз балшықтан соғылған, ұзын, екі қабырғасы биік, аумағы үлкен, төрт бұрышында қарауыл мұнаралары бар, күзер төбелеріне зеңбірік қойылған. Қорған сырты терең арықтармен қоршалған, оған су жіберілген» деп жазылған. Қорғанды 1852 жылы И.Бларамбергтің әскері шабуылдап, талқандаған. Ол кезде "Қос қорғанда" қоқандықтар бәлендей қарсылық көрсете алмаған. Қарсылық көрсете қоймаған елді мекенге орыстар да қиянат жасамайды. Орыс әскері өтіп кеткеннен кейін қоқандықтар мен жергілікті кейбір кісілер бірігіп бүлік шығарған. Бұл бүлік 1853-1856 жылдар арасында болды. Осы бүлікті бейбіт жолмен шешу жолында жергілікті жердің тұрғыны Тасыр Дайыров көп еңбек етті.
Өңірге қоқандықтар кетіп, орыстар келді. Жергілікті халықты қажетті тауарлармен қамтамасыз ету үшін автомобиль мен пойыздың жоқ кезінде арба мен түйе көліктерінен басқа су жолы пайдаланылды. Кеме тоқтайтын өзен бойынан тік жарлы қолайлы орын таңдалды. Ондай орын Форт деп аталды. Кемеден түсірілген жүктерді "Қос қорған" түбіндегі базарға жеткізудің өзі бір жұмыс болатыны анық. Сол үшін өзен жағалауында "Форт №2" деген атау (базар) пайда болды. Форттың негізгі мақсаты елді сыртқы жаулардан қорғайтын орыстардың соққан бекінісі еді. Қызған еңбек, сауданың қайнаған ортасы «Қос қорған» базарынан «Форт №2» ауысты да, қазіргі кенттің орны біршама уақыт «Форт №2» болып аталды. Форт орындары Ақмешітте Перовск деп аталса, Қуаңдарияда №1, Қармақшыда №2, Қазалыда №3 болып аталып, 1854 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Қай кезде де базардың орнын өзгерту қиынның қиыны. Сол қиындықты жеңіп «Форт №2» базарының жұмыс істеуіне Тасыр Дайыров генерал-майор Фитеноговтың ұсынысымен 1856 жылы Анна лентасы мен күміс медальға ұсынылды. Ол 1860 жылы Ақ патшаның оқалы шапанын киді.
«Қай уақытта болмасын саудадағы негізгі мақсат ұту, қоқандықтар да, орыстар да сол мақсатта жұмыс атқарды. Осы қулықты түсінген жергілікті халық "Қос қорған", "Форт №2" атауын қойып Қармақшы бабаның халыққа жасаған қамқорлығын аңыз етіп айта бастайды. Қармақшы бабаның ақыл-кеңесі, көріпкелдігі, болжампаздығы, дәрігерлік көмегі, балық ұстап оны халыққа тегін таратып аштықтан алып шығудағы еңбегі атадан балаға, одан кейінгі ұрпақтарға аңыз болып таралды. Сөйтіп қоқандықтар кеткеннен кейін "Қос қорған" атауы қайтадан «Қармақшы» аталды» дейді Қ.Шыңғысов.
Тізе бүгіп қалмайын деп өкініп,
Қоқан ханы салдырады бекініс.
Нұрмағанбет байдың бар-ды қонысы,
Дәулетінің қай кезде де шоқ ісі.
Өз көмегін аямады ол-дағы,
Көрнекті болды қорған қонысы.
Қатар тұрып орын тепкен қос қорған.
Қала орнап, кеніш елді қош болған.
Қасиетті "Қармақшы" аты қайта кеп,
"Қос қорған" аты, міне, бүгін бос қалған.
Бұдан Қармақшы атауы "Қос қорған", "Форт №2"-ден кейін емес, бұрыннан-ақ "Қармақшы" атына ие болғанын көреміз. Сөйтіп "Қармақшы" – "Қос қорған" – "Форт №2" қайтадан "Қармақшы" атаулар Тізбегі шығады. Ал "Аша", "Күзер" "Бірдем" атаулары жоғарыдағы атаулардың бәрінен бұрын болғаны байқалады.
Екі өзеннің қосылған жерінде қармаққа балық көбірек қабатын болған. Жұрт сол жерді "Аша" деп атаған. "Аша" тіршілік пен күн көрістің көзіне айналған. Біреулер "Ашаға" бара жатырмыз десе, екіншілері "Ашадан" келе жатырмыз деуінен Қармақшының ең алғашқы атауы пайда болған. Ал сол екі өзеннің қосылған жерінен төменіректе қыста күзердің болатынын айтсақ, жазда адамдар сал мен қайық арқылы арғы бетке өтіп тұрған. Сол жерді "Бірдем" деп атайды екен. Бұл жердегі тұрғындардың алғашқы лебі өзеннің оң жақ жағалауында орналасқан. Ол атауды жергілікті халықтан гөрі алыстан келе жатқан жолаушылардың "Ашаға" жетсек «бір дем» алып барып әрі қарай кетеміз деген сөзінен "Бірдем" деген атау шыққан. "Аша" – жолаушылар келетін, демалып алуға ыңғайлы орын болған. Кейіннен тұрғын көбейген кезде малға жайылым, адамдарға отын керек болған соң өзеннің арғы бетіне өту керек болды. Мұндай қатынасқа жаздан гөрі қыс мезгілі қолайлы еді. Бұл уақытта мұз жұқа болып қатады да жылым пайда болады. Жылым ауыр жүк көтермейді, сондықтан өзен суының түзу ағатын жылым пайда болмайтын орны таңдалады. Сол жерден мұздың бетіне топырақ, малдың қиы себіледі. Сөйтіп жаз бойы дүре тимеген соны жерге мал жайып алу шарасы іске асырылады. Мұны – "Күзер" деп атайды. Күзер жергілікті халықтың, алыстан келген жолаушыларға да тиімді көпір болған. "Аша" – "Күзер" – "Қармақшы" – "Қос қорған" – "Форт №2" – "Қармақшы" атауларының хронологиялық тізбегі шығады. Бұл өңірдің "Аша", "Күзер", "Бірдем" атауы Қармақшы атаның көзі тірісінде-ақ аталды деп топшылауға болады. Ал, алғашқы "Қармақшы" атануы 1720-1820 жылдарға сәйкес келсе, "Қос қорған" атануы 1820-1856 жылдарға саяды. "Қос қорғаннан" кейін "Форт №2" атануы 1856 жылдардан басталады да көп ұзамай халықтың қалауы бойынша 1928 жылдан бастап қайтадан заңды түрде "Қармақшы" атауына ие болады.
Батырхан ОСТАЕВ,
этнограф