ТЕҢІЗБЕН ТАҒДЫРЛАС ТАЛАНТ
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер бағдарламасын қолға алуды ұсынған». Бағдарлама ел есінде сақталған біртуар перзенттері арқылы жас ұрпақтардың туған жер тарихын тануына ықпал жасайды. Міне, жазушы Сайлаубай Жұбатыровтың есімі де өзі туған Аралмен тығыз байланысты.
Елімізде осы экология тақырыбын қаузайтын жазушылардың қатары сирек. Өзекті тақырыпқа қалам тербеп жүргендердің бірі де, бірегейі – Сырдың талантты тумасы, Арал перзенті Сайлаубай Жұбатырұлы. Теңіздей тебіреніп, тылсым табиғатпен тілдесіп, орамды ойларын оқырманмен бөлісіп, еселі еңбегімен елге танылған жерлесіміз белгілі қаламгер Сайлаубай Жұбатыров 70 жасқа толып отыр.
Осыған орай Арал аудандық мәдениет үйінде жазушымен кездесу кеші өтті.
Кездесу кеші жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы шағын деректі фильм көрсетілімімен басталды.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жазушының шығармашылық жолына тоқталып, еңбек жолында Арал теңізінің экологиялық мәселесін көтере білген бірден-бір азамат екендігін айта келе, мерейтойымен құттықтап, сый-сияпат табыс етті.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат хатшысы Дәуренбек Мәденов мерейтой иесіне өзінің ізгі лебізін білдіріп, алғыс хат табыстады.
Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Алдажар Әбілов жазушы шығармаларының ерекшеліктерін, теңіз бен адам тағдыры сынды бірнеше мәселелерді бір шығармада ұштастырып, оқырман қауымға жеткізудегі шеберлігін айтып өтті. Сондай-ақ, Арал топырағынан шыққан белгілі тұлғалардың өмірі мен шығармашылық жолдарына тоқталды.
Жазушы кеш соңында барша тілектес жақындарына, кеш ұйымдастырушыларына ризашылығын білдірді.
Шығармашылық кеште Сайлаубай Жұбатыровтың әріптестері мен замандастары, жақындарының жылы лебіздері айтылып, концерттік бағдарламаға ұласты. Осылайша теңіз тебіренткен талант 70 жылдық мерейтойында туған жерінде ерекше құрметке бөленді.