«100 ЖАҢА ЕСІМ»: ӘДІЛБЕК ТӘШІМОВ

Әділбек Тәшімов – алты жасынан бері қос ішектің құдіретін бойына сіңіріп, бүгінде ұлттық аспаптар оркестрінің жетекшісі болып отыр. Он жылдай Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» мемлекеттік оркестрінде домбырашы болған.
Әділбек 1984 жылдың 4-наурызында Қызылорда облысында дүниеге келген. Он жасында Шиелі аудандық балалар әуез мектебіне барып, өз музыкалық білімін жетілдіру мақсатында Қызылорда қаласындағы музыка училищесіне оқуға түскен.
Астана қаласындағы музыка академиясының дайындық курсынан өтіп, Шиелі аудандық өнер мектебінде шәкірт тәрбиелеумен айналысады.
Ол өзінің білімін тағы да толықтыру мақсатында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік кансерваториясына түсіп, профессор, халық әртісі Қаршыға Ахмедияровтың класына қабылданған. Оқу барысында КСРО әртісі халық қаһарманы Нұрғиса Тлендиев атындағы фольклорлық этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінде он жылдай жұмыс жасаған. 2018 жылдан бастап «Шиелі аудандық мәдени-шығармашылық орталығы» КМҚК-ның жанынан құрылған ұлттық аспаптар оркестрінің жетекшісі қызметін атқаруда.
Міне содан бері Әділбек бірнеше республикалық байқауларда жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрген шәкірттер тәрбиелеп келеді. Өзі де «Шабыт» халықаралық байқауында жарқын өнерімен танылды және Астана қаласында өткен Н.Тлендиев атындағы байқауда «Үздік орындаушы» номинациясының иегері атанды.