БІРІНШІЛЕР
Туған жер қандай ыстық. Шиеліні айтамын. Басқа жанға қайдам, маған солай. Содан болар Шиеліге ән арнап, «Ыстықсың сен маған, көрікті Шиелім!» деп жырладық. Маған дейін де ақындар жырлап, сазгерлер ән жазған, келешекте де солай бола береді. Туған жердің құшағы кең. Оған өмірдегі бар жақсылықты та, жамандық та, қайғы да, қуаныш та сыйып кетеді. Жақсыны әлдиіне алып, жаманды жақсы көрмейді. Қай заманда да солай болған. Елі мен жері үшін қасық қаны қалғанша жаумен соғысып, ерлік көрсеткен батырларымыз қаншама. Сырдария өзенінің орта тұсына орналасқан Шиелі ауданы қай жағынан болса да жұрт назарын аударатын тарихы арыда жатқан мекен. Қазіргі Шиелі кентінің негізі Николай патшаның соққызған Түрксіб теміржолынан бастау алады. 1900-1905 жылдары Шиелі, Бәйгеқұм, Тартоғай, Сұлутөбе стансалары соғылып, жан-жақтан халық жиналып қоныстана бастайды. Орыс патшасының генералы Перовский басқаратын әскерінің отряд бастығы Скоблевтің құрметіне қойылған бұл жер Скоблев болысы атанған. 1917 жылдың желтоқсан айының басында Шиелі Кеңес өкіметі орнады. Ал, 1919 жылы мамыр айында Скоблев болысы Шиелі болысы деп аталады.
1928 жылы болыс Шиелі ауданы болып құрылды, сөйтіп республикадағы 180 ауданның біріне айналады. Бір қызығы Шиелі 1930 жылы Жаңақорған ауданына қосылып, Шиелі қыстағына көшіріледі. 1938 жылы Қызылорда округі облыс болып қайта құрылып, Шиелі Жаңақорғаннан бөлініп шығып, дербес аудан атанады. Бұрынғы Қызылорда ауданынан Тартоғай ауылдық кеңесі қосылып, беріледі. Сөйтіп алғашқы ауданымыздың халқы 19 мың 111 адам болады. Шиелі мен Жөлек поселке атанып, 31 ауылдан тұратын 9 ауылдық кеңесті қамтиды.
Шиелі аудандық партия комитетінің тұңғыш бірінші хатшысы болып Шушанян тағайындалады. Аудан тарихы осы кезден бас¬талады. Осы жылдары Жөлекте «Тигр» артелі мен қазіргі «Алғабас» ауылының негізі №12 ауыл деген атпен серіктестік болып құрылады. Қабырғасы қатая қоймаған, экономикасы қалыптаспаған елді басқару қарт коммунист Шушанян мырзаға да оңай болмаған болуы керек. Бір жылдан кейін бұл орынға бірінші хатшылыққа Федосов деген азамат келіп, елді табаны күректей 11 жыл басқарады. Бұл жылдары Шиеліге орыстар, басқа ұлт өкілдері көптен келіп қоныстанады. Ауданда тұңғыш телефон байланысының желісі тартылады. Аудан басшысы ашаршылық жылдарын бас¬тан кешіреді. Оба ауруынан елде егін егілмей қалады. Халық ашаршылыққа ұшырайды. Дегенмен, хатшының іскерлігі арқасында аудан тұрғындарына көмек беріледі. Шиелі аудандық «Стахановшы» газетінің бірінші нөмірі де Федосов кезінде 1939 жылы жарық көріп, оның тұңғыш редакторы Мәді Молдыстамов болған еді. Бірінші хатшы баспасөз бен өнерге жақсы көңіл бөліп отырды. Осы жылы Нартай Бекежанов Қазақстан Жазушылар одағының екінші съезіне делегат болып сайланған. Ғұмыры ұзақ Федосов қызметін нығайтып кетеді. Шиелінің көп ұлтты аудан атануы – сол Федосов мырзаның кезінен басталып, оның баяндамаларына арқау болған.
Қырқыншы жылы Шиеліге тағы бір орыс ұлтының өкілі хатшылыққа келді. Мамандығы инженер, жер маманы Комаров шамасы Шиелі каналының құрылысына орай жіберілген болар. Комаровтың ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Шиелі каналының 27 шақырымдық бірінші кезеңі 1940 жылы көктемде пайдалануға беріледі. Алға қойған мақсатын орындай алмай, бір жылда Комаров орын ауыстырады. Одан кейін Шиелінің бірінші хатшылығына 1940 жылы Әбен Кенжеғараев тағайындалады. Бұл Кенжеғараев үшін өте ауыр жыл болды. Шиелі каналының екінші кезеңін аяқтау, сұм соғыстың басталуы, соғысқа даярлық, заттар даярлау, әскерге адамдар жөнелту, аудан халқына партиялық рух беру, патриоттық тәрбиені күшейту – бәрі-бәрі хатшының бір жылдық қызметінде орын алды. Кезінде Қазақстан орталық комсомол комитетін басқарып ысылған Әбекең үшін бұл ауыртпалық түк те емес еді. Ол облысқа қызмет бабымен көтеріліп кетеді. Кішіпейіл, қоғамшыл, жұмысқа мығым адам болатын. Орыс ұлтының жарамды жігіттері Ұлы Отан соғысына елін жаудан қорғауға аттанды ма, аудан басшылығына Комаровтан кейін орыс азаматы тағайындалған жоқ. Ғиззат Жүгірәлин ауданды төрт жыл басқарды. Ұлы Отан соғысының қайнап тұрған шағында ауданды басқарған бұл хатшы Шиелінің даңқын Еңбек Ерлерімен шығарды. Осы жылдары жаһан соғысына ауданымыздан 3200 азамат қатысты, 1793-і майдан даласында мерт болды. 1942 жылы «Авангард» совхозының звено жетекшісі Ким Ман Сам 20 гектар күріштің әр гектарынан 150 центнерден өнім алып, оған Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі.
Ал, 1944 жылы Ы.Жақаев 5 гектар күріштің гектарына 172-ден өнім келтіріп, дүниежүзілік рекорд жасайды. Еңбегіне тиісті 106 мың сомды Отан қорғау қорына аударады. Ғ.Жүгірәлин басшылық еткен уақыт қиын болғанмен, аудан өмірінде теңдесі жоқ жаңалықтар болды. Ким Ман Сам да, Ыбырай Жақаев та осы соғыс жылдары КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Соғысқа азық-түлік, аяқ киім, киімдер мен түрлі заттар жіберу – аудандық партия комитетінің хатшысына оңай тимеді. Мінезге бай, төзімді де шыдамды Ғизекең соғысты да бітіреді, өзі де қызметін ауыстырады.
Шиеліге бірінші хатшы болып келген Иса Иманқұлов соғыстан күйзелген елдің еңсесін көтерді. Егіс көлемін ұлғайтты, мақта, бидай егуді қолға алды, білім беру жүйесіне назар аударды. Аудан мұғалімдері Отан қорғау қорына 100 мың сом ақша жинап беріп, ұлағатты ұстаздар ұлы қолбасшы, генералиссимус И.В.Сталиннен алғыс телеграмма алады. Үш жылдық еңбегі арқасында Шиелі ауданын алға сүйреумен, халқының жадында аты қалды. Аласа бойлы, өте іскер адам еді. Ауданымызға Көмекбай Қаракөзов те қиыншылық кезде бірінші хатшы болып келді. Бұл кісі білімді, ауыл шаруашылығының маманы, Ұлы Отан соғысының ардагері болатын. Қаракөзов басқарған тұстан бастап аудан экономикасы мен мәдениеті алға басты. Қ.Қаракөзовтің ұсынысымен күріштен мол өнім алғаны үшін 13 адам бір жылда Социалистік Еңбек Ері атанады. Мінезге бай қарапайым хатшы еңбек адамдарын бағалаушы еді. Ол кісі басқа ауданға ауысып кетті. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалған Алпысбай Нұржанов бір жыл ғана қызмет етті. Ауданмен, оның шаруашылығымен танысып та үлгермеді. Оның орнына бірінші хатшы болып Әмзе Әлжанов деген өзіміздің «Жиделі» ауылының тумасы отырды. Білімді де білікті, сөзге шешен, қай кезде ұстамды, сабырлы адам болды. Қызметте талапшыл, туралығын айтатын оның өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге Ә.Әлжанов ауданда мал басының өсуіне жағдай жасады. Ауданды үш жылдай басқарған бірінші хатшы Сейдолла Оспанов Тереңөзектің жігіті еді. Облыста бірінші хатшы болды, қызметте қатал болғанымен, адамгершілігі мол, сыпайы азамат болатын, қазір Шымкентте тұрады. Аудан өз деңгейінде қалыпты дамыды, тіршілік тоқтаған жоқ. Комсомол, партия органдарында ысылған жас жігіт жауынгер – коммунист, білімді басшы, жайсаң адам Исатай Әбдікәрімов ауданға партия комитетінің бірінші хатшысы болысымен ауданда күріш көлемін ұлғайтты. Ауданның өрлеуіне ұйытқы болды. Ол Шиеліге күндіз-түні көз ілмей еңбек етті. Қапсағай денелі, сымбатты, қайратты, білімді Исатай Әбдікәрімов Жалағаш ауданын басқарып тұрғанда Социалистік Еңбек Ері атанды.
Байбол Сопбеков ауданды екі жылдай басқарып, облысқа бірінші хатшы болып қызмет ауыстырды. Талапшыл, таза, тік тұрып, тік жүретін. Шиеліде аты аңызға айналған бірінші хатшы Ғафур Мұхамеджанов болды. Көпшіл, бауырмал, биязы, сөзшең, нені болса да ақылмен шешетін келбетті ел ағасы еді, екі сөйлемейтін «Ер асылы – елге қанат» дегендей, өмірден баз кешкенше, облыста басшылық қызметте жүргенде де Шиеліні сүйіп, Шиеліге қызмет көрсетіп өтті. Оның тұсында мал шаруашылығы қарқынды дамыды. Мәдениет пен өнерге мән берді.
1970 жылы Шиелі ауданына бірінші хатшы болып Социалистік Еңбек Ері Орынбасар Бәйімбетов келді. Бірінші хатшылық тағында ең ұзақ отырған осы Орекең болса, Шиеліге сіңірген еңбегі де ауқымды. Жоғары білімді зоотехник, ауданда мал шаруашылығын көбейтумен айналысты. Осы жылдары мал басының өсуі ең жоғары дәрежеге жетті, сексенінші жылдары 187 мың қой, 23 мың ірі қара, 4246 жылқы, 1377 түйе болды. Жаздық мал жайлауы Сарысуда мал суғаратын 37 скважина қазылды.
«Ел қамын ойлар жақсылар» десек, ойымызға ауданды Сейілбек Шаухаманов басқарған жылдар оралады. Елін, жерін адам қалай сүйіп, қалай құрметтеуді үйреткен бірінші хатшы осы Сейілбек Шаухаманов болды. Халықты ұйытып аузына қаратты. Мекеме басшылары қалай болуы керек, жиналыс¬тарда сөйлей білудің үлгісін де танытқан Сәкең еді. Бірінші хатшы болып істеген бес жыл ішінде қыруар іс тындырды. Жаны нәзік Сәкең ауданда гүл өсіруді бастап, Шиеліні гүлмен көмкерді. Шиеліде көше бойларына арықтар қаздырып, ағаш ектірді. Аудан мен ауылға көше кіреберіс жерлерге жасыл-желек белдеулер жасады. Алаң, бірнеше көше асфальттанды. Демалыс орнына айналған дендропарк, орталық стадион, арнайы дүкендер ашу, ардагерлер дүкені «Ілтипат», соғыс боздақтарына арналған мемориал комплексі С.Шаухамановтың қалдырған қолтаңбасы. Бұл жылдары халықпен жұмыс істеудің, халықпен жүздесудің, оларға жиі-жиі есеп берудің жүйесі қалыптасты. Сондай-ақ, малшылар күні, ашық есік күні, сұрақ-жауап кештері ұйымдастырылды.
С.Шаухаманов Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне қызмет ауыстырып, оның орнына Абдолла Әбенов 40 жасқа толмаған шағында, бірінші хатшы болып отыр¬ды. Аудандағы екі жылдық еңбегінде А.Әбенов өндірісті дамытуға көңіл бөлді. РУ-6 мекемесінің ауданмен байланысын қалыптастырды. Тікелей Мәскеуге бағынышты кен орнының басшылары, аудандық партия комитетіне мұрындарын шүйіре қарайтын. А.Әбенов соны жөнге салды. Осы жылдары Шиеліде тәулігіне 1 тонна шұжық (колбаса) шығаратын цехты іске қосты. Байсалды, тазалықты ұнататын, адамгершілігі мол басшы болды.
Жоғары партия қызметінде болған Машрап Ахметжанов білімді, білікті қызметкер ретінде ауданға бірінші хатшылыққа жіберілді. Еркін Әуелбековтің шәкірті ауданға жариялылықты ала келді. Ол не істесе де халықпен бірге жүрді. Асарлатып, «Бәйгеқұмда» мектеп ғимаратын соқты. Ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы қалыпты дамыды. Өзінің талапшылдығымен, ұстамдылығымен ел есінде қалған партия комитетінің соңғы бірінші хатшысы М.Ахметжанов еді, қоғам өзгерді. 1992 жылы елді басқару жүйесіне әкімшілік енгізіліп, Шиелі ауданының тұңғыш әкімі болып, Жолдасбек Ердешбаев тағайындалды. Бұрын аудандық партия комитетінде, ауыл шаруашылығы басқармасында, көрші аудандарда басшы қызметтерде болған Ж.Ердешбаевқа аудан басқару қиын болған жоқ. Құрылым өзгеріп жатқан өтпелі кезеңде ел басқарған Жөкең, елді еңбекке жұмылдырып, аудан халқын биіктерге жетеледі. Артында зілі жоқ айқайы бар, сөзшең, қарапайым әкім, кейін ауданның ардагерлер кеңесін басқарды. Тұңғыш аудан әкімі болып тарихта қалды. Мұнда келерінде Жаңақорған ауданын басқарған әкім Ибрагим Әбибуллаев парасатты саяси жолын Шиелі халқымен қоян-қолтық бастай бергенде, басқа қызметке ауысып кетті. Бір жыл болса да өзінің елгезек мінезімен, сымбатты келбетімен ел есінде қалған біріншілердің бірі болды.
Елімізде қоғамдық өзгеріс – жекешелендіру басталған жылдары ауданды «Шалқия» кенішінің директоры қызметінен келген Жарылқасын Тұрабаев басқарды. Аудан әкімі Ж.Тұрабаев өте қарапайым, көпшіл, өзін кез келген адаммен тең ұстайтын, кісілігі жоқ, аңқылдаған нағыз халықтың адамы еді. Қиын-қыстау кезде әкім болған Жақаң аудан өндірісін дамытты. Өліара шақта білікті басшы Шиелі халқына қамқоршы бола білді. Жоқтан бар жасады. Алғаш кәсіпкерлерге жол ашып берді. Ұлтымыздың көсемі, жалынды қайраткер Мұстафа Шоқайдың ескерткішін алаңға орнатты. Жарылқасынның тұсында «Оқшы ата» мешіт-медресесі ашылды. «Тартоғай», «Сұлутөбе» әкімшіліктері аудан құрамына енді. «Оқшы ата» мазаратындағы әулиелерге ас берілді. Академик Шахмардан Есенов есімімен «Көкшоқыдағы» орталық көше аталып, көше басына оның мүсіні орнатылды. 1998 жылы мамыр айының 15 күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шиеліге келіп, орталық мешіт пен М.Шоқай алаңында халықпен сұхбаттасты. Президентпен бірге сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев және аудан әкімі Жарылқасын Тұрабаев болды. Шиеліде көрнекті жазушы Қалтай Мұхамеджановтың 70 жылдығы салтанатты түрде аталып өтті. Онымен берге атақты жазушылар Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Темірбек Медетбековтер келіп, аудан халқымен жүздесті. «Оқшы атада» Бала би шешенге кесене тұрғызылды. Жарылқасын Тұрабаев аудан жұртшылығының жүрек түпкірінде осындай жақсы істерімен қалып қойды. Ауданға әкім болып келген Серікбек Жүсіп бір жылға жетпейтін уақыт қызмет жасады. Басшы болып жерлесіміз Ерлан Мұстафаев келгенде халық одан көп үміт күткен еді. Жеті жылдай бірінші болған Ерлан әліне қарай жұмыс істеді. Арнасы бітіп қалған сағаны тазалап, кейін жаңа арна қаздыртты. Ауданда орта және шағын кәсіпкерлікті дамытты. «Халық айтса, қалып айтпайды» дегендей «Жолы болсын!» деп тіледік. Ауданға Нұрлыбек Нәлібаев аудан әкімі болып келгенде, менің ойыма ақын Аманқос Ершуовтың:
Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар,
Қарасаң аспанда да алалық бар.
Біреуде қарт та болса, шалалық бар,
Біреуде жас та болса, даналық бар, – деген өлең жолдары түсті. Сондай-ақ, Шілменбет бидің «Отыз жас – әр шақ», 40 жас – тер шақ, 50 жас – бел шақ, 60 жас – дер шақ деп басталатын даналық сөзі оралды. Отыз жасында орда бұзып, облыс әкімдігінің аппарат басшысы қызметінен ауданға әкім болған Нұрлыбек Машбекұлы жоғарыда айтып өткен 22 бірінші басшылардың ішіндегі ең жасы, жас та болса құрметке бөленген, халық сеніміне ие болған әкім. Ауданға әкім болып келген күннен бастап Н.Нәлібаев «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» қағидасын жадында ұстады. Шиелі көшелері асфальттанып, абаттандырылып, жарықтанып, кентіміз көрікті де әсем күйге енді. Нұрлыбек Нәлібаев әкім болған тұста ауданның әлеуметтік жағдайы күрт артты. Өнеркәсіп қарышты дамыды. Ауданның өнеркісіп орындары сегіз айда 9 млрд. 889 млн. теңгенің өнімін өндірді. 2001 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 4422 адам жұмысқа тартылды.
Табандылық танытқан аудан басшысы ауданда «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру» жөнінде республикалық форум өткізді. Оған Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімов, ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы, бірқатар облыс әкімдері, ұлттық компаниялар басшылары қатысты. Аудан әкімдігі ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, танымастай өзгеріп, күрделі жөндеуден өтіп, ауласы гүлзарға айналды. «Даңқты азаматтар аллеясы» аудан орталығына сән берді. Шығыс теміржол өткелі пайдалануға берілді. Ауданның аз мерзім ішінде алға жылжушылығында әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың ерен ісі, күш-жігері сайрап жатыр. Мінезі қатал көрінгенімен, жаны жайсаң, көппен мәдениетті қарым-қатынас жасады. 2013 жылы Шиелі ауданына әкім болып тағайындалған Мұрат Нәлқожаұлы өмірде көргені көп, тәрбиесі терең, бұған дейін басшылық қызметтерде мол тәжірибе жинақтаған, келешегінен зор үміт күттіретін мемлекеттік қызметкер ретінде көзге түсті. «Әке көрген оқ жонар» демекші, облысқа танымал қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевтың ұлы да әке жолын қуған екен дедік. Аз уақыт ішінде аудан халқының құрметіне бөлене білді. Ол елге қарапайымдылығымен, әділдігімен, бірсөздігімен, тез оң шешім қабылдауымен ұнады. 2014 жылдың мамыр айында көрші Сырдария ауданы әкімінің ұзақ жылдар бірінші орынбасары болған, мамандығы инженер-гидротехник, экономист және экономист-бухгалтер, Қызылорда облысы қаржы басқармасының басшысы қызметін атқарып келген Сәрсенбаев Қайратбек аудан әкімі орынтағына жайғасты. Елағасы жасындағы өмірде мол тәжірибесі бар жаңа әкім жатырқауды, елмен ұзақ танысуды былай қойып, бірден іске кірісті. Ол шағын және орта кәсіпкерлікті қолға алды. Екі жылда аудандық бюджет жыл басында 10 млрд. 532 мың теңге көлемінде бекітілсе, жыл қорытындысымен несиелерді қоса есептегенде 14 млрд. 948 мың теңгеге немесе 42 пайызға артты. Ауданның өнеркәсіп орындары 2016 жылы 11 айында 24 млрд. 40 млн. теңгенің өнімін өндірді. Ауданда алғаш, құс шаруашылығын дамыту мақсатындағы жобаларды іске асырды. Индустриялық-иновациялық даму бағдарламасы арқылы томпонажды цемент өндіретін «Гежуба Шиелі цемент» ЖШС құрылысын бастатты. «Көкшоқы» елді мекенінде Ұлы Отан соғысы майдангерлеріне арналған «Тағзым» алаңын соқтырды. Сол жақтан Шиеліге кіреберіс қақпа орнатылды. Аудандық өлкетану музейін ашты. Ы.Жақаевтың жаңадан музей үйі соғылды. Кент орталығында №219 мектептің жаңа құрылысы аяқталды. Жаңадан №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы мектеп пайдалануға берілді. Аудандық кітапхана, білім бөлімі жаңа ғимараттарға көшірілді. Шиелі кентіндегі «Байсары» арығы бетондалып, лоток орнату жұмысын бастады. Аудандық құқық қорғау органдарының жұмысын жандардырды.
«Жергілікті полиция қызметін» құрды. Ауыл шаруашылығына мән беріп, күріш егіннің көлемін 11150 гектарға жеткізді. Соңғы жылы орташа өнім гектарынан 59,2 цн құрады. Аудындық денсаулық сақтау саласына зер салып, 4 дана электрокардиограф, 12 каналдық 1 дана ЭКГ аппараты, 1 дана УЗИ аппараты сатып алынды. Қ.Әубәкірұлы аудандағы басшылық қызметінде өзінің ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетін жан-жақты қырынан танытты.Әрине, ел басқару оңай емес. Артынан сөз ердірмей, соңына игі істер, тұрғындар айтып жүрер жақсылықтар қалдырғанға не жетсін. Еліне етене жақын азаматтар ғана ел басқарады. 2017 жылы облыс әкімі Қ.Көшербаевтың өкімімен, ҚР Президенті әкімшілігі және Шиелі аудандық маслихатының келісімімен аудан әкімі лауазымына Әшім Оразбекұлы тағайындалды. Киелі Шиелі топырағында аунап, нәрлі суымен сусындап өскен Ә.Оразбекұлы осы жердің төл перзенті. Инженер-құрылысшы, эконономист, тау-кен инженері мамандықтарын меңгерген. Жас кезінен еңбекте шындалып, қай қызметте болмасын өзін танытып келген. Ауыл шаруашылығы басқармасында бас инженер, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, Шиелі кентінің әкімі, №6 кен басқармасы құрылыс бөлімінің басшысы, «Иіркөл» кенішінің бастығы, аудандық мәслихатының хатшысы қызметтерін атқарған, әбден ысылған шағында аудан басшысы тізгінін қолына алды. Халықтың әл-ауқатын жақсартудың негізі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту екені аян. 2017 жылы ауданда 4625 кәсіпкерлік субъектілер тіркеліп, оларда 7646 адам жұмыспен қамтылған. Жаңа әкім Ә.Оразбекұлы өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру бағытында индустриялық-иновациялық даму бағдарламасымен ауданда 3 жобаны іске асыруда. Біріншісі, «Гежуба Шиелі цемент» ЖШС құрылысын аяқтап, өндірісті іске қосу. Екіншісі, «Фирма Балауса» ЖШС «Бала Сауысқандық» кен орнындағы кварцитті ванадий өңдеу және өндіру зауытын қолданысқа беру. Үшіншісі, 2017 жылы өңірлік картаға енгізілген «Таң ЛТД» ЖШС «Күріш және құрама жем өндірісі» жобасын аяқтап, аудан тұрғындарының төрт түлігін көбейтуіне жағдай туғызу болып табылады. Ауданда балық шаруашылығын дамытуды алға қойып отыр. Сондай-ақ, аудан көлемін де жеміс өнімдерін көбейту мақсатында алма бақтарын егу, өсіру, «Аруана» шұбат, «Асылхан» сүт өңдеу цехтар ашып, азық-түлік бағдарламасын жүзеге асырудың жолдарын қарастыруда. Аудан халқын жаппай көкеніс, бау-бақша егіп, одан мол өнім алуға жұмылдыруда. «Керемет» сауықтыру кешенін ашты. Кент орталығында балаларға арналған ойын-сауық алаңдары салынды. Туризм саласын дамытуға ауылдарда пәрмен берді. Мінезге бай, сабырлы мәдениеті жоғары, іскер, білімді де білікті әкім, жиырма төртінші аудан басшысы Әшім Оразбекұлына Шиелінің 90 жылдығын атап өту, мерекелеу бұйырыпты. Туған жердің тумасы үшін мұны сәттілік, бақыт, қуаныш демей, не дейміз?! Бірінші болу мансап емес, олар туған жеріне, еліне, Отанына адал қызмет ететін мемлекеттік қызметкерлер.
Ия, Шиелі 90 жаста. Осы жылдары ауданымызда бірінші басшылықта болған, ел басқарған азаматтардың атқарған істерін еске түсірдік. 90 жыл – тарих. Біріншілердің көбісі қазір өмірде жоқ. Бірақ, жарқын өмір жолдары кейінгі ұрпаққа өнеге болып қала береді. Оларды еске ала отырып, рухтарына бас иеміз. «Өліге иман, тіріге салауат» деп көзі тірі бірінші хатшылар мен әкімдерге Шиелі халқының ыстық ықыласын білдіреміз. Біріншілерге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілейміз. Олар – Шиелі ауданының қалыптасуы мен өркендеуіне, экономикасы артып, мәдениетінің дамып, әлеуметтік жағдайының өсуіне өз үлестерін қосты, тер төгіп, еңбектерін аямады. «Ұлым дейтін ұлтың болмаса, ұлтым дейтін ұл қайдан болсын» дегендей, Шиелі ауданының жасампаз халқының арқасында осыншама қоғам қайраткерлері өсіп шықты. Олардың Шиелі халқына сіңірген еңбектері мәңгі жасайды. Данышпандар өз ғасырында туады, өзге ғасырда әйгілі болады. Бұл – рас сөз.
Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.