«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ»:ҚАНАТ АРҚАБАЕВ
Талантты әртіс Қанат Арқабаевты көпшілік жоғары деңгейде сомдалған рольдері арқылы ұнатады. Ол қазақ театрының дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының құрамында көптеген туындыларды көпшілікке ұсынды.
Ол 2011 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясын Актерлық өнер бакалавры мамандығы бойынша бітірген. 2014 жылдан бастап Қызылорда облыстық Н. Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында әртіс қызметін атқарып келеді. Қанат Пердалыұлы театрда сахналанған М.Әуезовтың «Қарагөзінде» - Сырым, Т.Ахтановтың «Ант» трагедиясында – Барақ сұлтан, Ә.Тәжібаевтың «Екі дәурен, бір ғұмырында» - Қайрат, Д.Исабековтың «Жүз жылдық махаббатында» - Кәжен, Р.Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» драмасында – Менжинский, С.Жүнісовтың «Қысылғанан қыз болдық» комедиясында – Алтынбек, Алтынка, «Двойник» комедиясында – Шетел азаматы, «Қандыөзек» спектаклінде – Жалқытай, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасында» - Алеко, Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағаш» драмасында – Мақсат, С.Жүсіптің «Адам болып өтейін» драмасында – Мәңгүрт, «Нарком Жүргеновте» - Қанабек, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» пьесасының желісі бойынша жазылған «Ақбаян» спектаклінде – Қодар, Б.Әлімжановтың «Ойнайықшы бір, ойлайықшы бір» комедиясында Тықыр, В.Шекспирдің «Макбет» трагедиясында Росс, М.Қасеновтың «Пай-пай жас жұбайлар-ай» комедиясында Есет және т.б. рольдерді жоғары деңгейде сомдап шықты.
Қанат Арқабаев 2015 жылы театр күніне орай Сырым ролі үшін театрда белгіленген «Үкілі үміт» номинациясымен марапатталды. Ал 2016 жылы Алтынбек ролі үшін «Ең үздік ер бейнесі үшін» номинациясын иеленді. 2017 жылы «27 наурыз - Халықаралық Театр күніне» орай Қазақстан Театрлар ассоциациясының ұйымдастыруымен алғаш рет өткен «Үміт» Ұлттық театр сыйлығымен марапатталды.
Сонымен қатар, 2018 жылы театр ұжымымен Шотландиядада Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» пьесасы желісі бойынша жазылған «Ақбаян» спектаклін сахналап, онда Қодар рөлін сомдады.
Онда театр сыншылары Қанат Арқабаевтың өнерін жоғары бағалап, шетелдік басылымдарда ол туралы арнайы мақалалар жарияланған.