«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ»: НҰРБОЛ АППАЗОВ
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы ең соңғы аталған міндеттердің бірі «100 жаңа есім» жобасын көтеру болатын. Бұл әрине біріншіден кімдердің есімі және оларға берілетін баға қандай болмақ деген сұрақтарды туындатады. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы» міне бұл елбасы айтып отырған жобаның ерекшелігі. Аталған жобаның «Ғылым» аталымы бойынша Қызылорда облысынан ұсынылған үміткерлердің бірі ғалым Нұрбол Аппазов.
Нұрбол Орынбасарұлы – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі, химия ғылымдарының кандидаты, профессор. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, мұнай химиясы, органикалық синтез саласындағы ғалым.
Ол мұнай қалдықтарын өңдеу арқылы антибактериалды қасиетке ие заттар, ароматизаторлар, полимерлер тұрақтандырғыштарын алу, күріш қалдықтарын (сабан, қауыз) суды тазалауға арналған сорбенттерге өңдеу, кварцты шыны және оптоталшық өндіруде пайдаланылатын кремний диоксиді және жартылай өткізгіш ретінде пайдаланылатын кремний алу, жергілікті дәрілік өсімдіктерден биологиялық белсенді заттарды бөліп алу және қасиеттерін зерттеу, мұнаймен ластанған топырақтарды қалпына келтіру жұмыстарымен айналысады. 2003 жылы химиялық технология мамандығы бойынша Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің магистратурасын, 2006 жылы органикалық химия мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасын бітірген. 2009 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғағаннан кейін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің инженерлік бейіндегі зертханасында қызмет етіп келеді.
194 ғылыми еңбектін авторы, оның ішінде халықаралық Thomson Reuters, Scopus базаларына, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласын бақылау комитетінің тізіміне енген және басқа да шетелдік басылымдарда 80 ғылыми мақала, халықаралық және республикалық конференцияларда 73 конференция материалдары мен тезистері, 31 ҚР өнертабыс, инновациялық және пайдалы модель патенттерінің, 5 монография және 5 оқу құралдарының авторы. Осы уақытқа дейін ҚР БҒМ Ғылым комитетінің қаржыландыруымен орындалып келе жатқан мұнай химиясы, органикалық синтез, биохимия, экология бағыттарындағы бірқатар ғылыми жобалардың жетекшісі және жауапты орындаушысы болды.
«Инновациялық технология бойынша мұнай құрамды қалдықтарды өңдеу» тақырыбындағы жобасы «Ғылым қоры» АҚ қаржыландыруымен ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобасына гранттық қаржыландыру алып, қазіргі таңда өндіріске енгізу жұмыстары жүргізілуде. 2010-2012 жылдарға Талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның, 2012 жылы Қызылорда облысы «Жас ғалым» номинациясы, 2013 жылға Қызылорда облысы Әкімі стипендиясының, 2014 жылы Ресей Жаратылыстану Академиясынан өнертапқыштықты дамытқаны үшін А.Нобель атындағы медаль, Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2016 атағының, ҚР Білім және ғылым министрлігінен «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, Қорқыт Ата атындағы Алтын медаль иегері. Ресей Жаратылыстану Академиясының профессор ретінде мүшесі. Қызылорда қаласында құрылған «Жас ғалымдар альянсы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі ретінде әлеуметтік маңызы бар жобалар арқылы өңіріміздің қоғамдық өміріне белсенді араласып тұрады.