«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ»:СӘБИТ ИБАДУЛЛА
Сәбит Ибадулла – Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ-нің директоры, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Компьютерлік Ғылымдар» кафедрасының аға оқытушысы, жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, PhD докторы.
Сәбит Ибадуллаұлы 1986 жылы 12 тамызда Қызылорда қаласында дүниеге келген. 2003 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіндегі информатика мамандығына оқуға түсіп, оны аяқтаған соң, магистратурада білімн жалғастырған. 2009 жылы Мәскеу қаласына «Өндірістік практика және ғылыми тағылымдама» өтуге ФГОУ ВПО РГАУ – МСХА К.А.Тимирязев атындағы университетіне барып, өз тәжірибесін шыңдап келді.
Еңбек жолын Қызылорда қаласындағы ҚазТрансГаз Аймақ компаниясында жүйелік әкімшісі болып бастайды. Одан кейін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне бағдарламашы болып жұмыс жасаған.
2011 жылдың 15 желтоқсанында Мәскеу қаласындағы Ресей халықтар достастығы университетінің PhD докторантурасына оқуға түскен. 2015 жылы техника ғылымдарының докторы А.И.Дивеев жетекшілігімен ФГБУН РАН «Вычислительный центр имени А.А. Дородницына» диссертациялық кеңесте «Решение задачи синтеза системы управления методом вариационного генетического программирования» тақырыбымен диссертациалық жұмысын қорғаған.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін, жаңашылдыққа жаны құмар Сәбит Ибадуллаұлы бүгінге дейін 40-қа жуық мақаланың авторы. Бұл еңбектері еліміздің ғана емес, Ресейдің ЖАК тіркелген журналдарда, SCOPUS базасында, WEB OF SCIENCE базасында және халықаралық журналдарда жарық көрген. Осындай жетістіктері үшін бірнеше алғыс хаттар мен сертификаттар иеленген ол, 2015 жылғы Қызылорда облыс әкімінің «Сыр үміті-2015» сыйлығын алды.