СЫРДЫҢ ИШАНДАРЫ БІЛІМ МЕН ІЛІМНІҢ БИІК ШЫҢЫ
Жалпы Сырдария ауданы діни ілім, білімнің орталығы екені тарихтан белгілі. Оған осы өңірден ишандардың әулие-әмбиелердің, ғұлама-ғалымдардың көптеп шығуы дәлел. Сейіт қожалар деп аталатын аталардың шежіресінде Басапа, Бабай ишан жайлы кеңірек айтылған. тоқтайық. Айта кететін жайт бұл шежіренің нақтылығына кепіл бола алмаймыз, өздеріңізге белгілі өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап қызыл белсенділердің «қожа-молдаларды» қуған заманда көп шежірелер жоғалып, не мешіттердің іргесіне көмілгені белгілі.
Бізге жеткен деректерде сейдтер шежіресін Басапа ишан 1926 жылы Бұқарадағы Мир Араб медресесінде оқып жүргенде жазып әкелген деген сөз бар. Ол бойынша Әзіретәлі мен Бибіпатимадан таралатын ұрпақтарды Сайдтар деп атайды (көшірген Құрбан қожа Смағұлұлы)
1. Әзірет Әлі
2. hұсайн
3. Зейнилабидин
4. имам Мұхаммед Бахыр
5. имам Жағыпар Садық
6. имам Мұса Кәзім
7. Сайд Ибраhим
8. Сайд Шарип Мұса
9. Сайд Мұхаммед Әли
10. Сайд Аhмад Мулаққан hусайн
11. Сайд Мұхаммед hусайн
12. Сайд hасан
13. Сайд Әли
14. Сайд hусайн
15. Сайд Жағыпар
16. Сайд Мұхаммед Абдулла шаhиди
17. Сайд Мұхаммед hасан Мактуми
18. Сайд Мұхаммед Фсули
19. Әмір Ибраhим
20. Әмір hәмза
21. Әмір Ме еркулал (Сайд Меhеркулал, Мүлкілан әулие). Ол кісінің туған жылы Хижра есебімен 718 жылы.
Басапа ишан жайлы бірер сөз. Өзі діни ғұламалар ортасында дүниеге келіп, сауатын ерте ашып, сол кездегі атақты Дәулет-назар ақынның діни мектебін бітіріп, Бұхара қаласындағы Бұхарама–Шәріф жоғары оқу орнын аяқтаған. Сөйтіп, Басапа Алдабергенұлы 1922 жылы сегіз жасында ишан атағын белгілі Ақ ишаннан алады. Одан кейінгі өмірі қазіргі Ильич атындағы Жалағаш ауданының «Ақарық» кеңшарында балаларды діни оқуға тәрбиелеумен өткен. Осы өңірдің қариялары Басапа ишанның ұлағатты сөздерін жыр етіп айтады екен. 1937 жылы сталиндік озбырлықтың алғашқы құрбандары ретінде ұсталып, Сібір түрмелерінде 1946 жылы лагерьде қайтыс болады. Тоқымбай Махамбетұлы жазған естелігінде бір оқиғаны келтіреді. 1952 жыл. Домалақ көл деген жерде түйеге жеккен арбасы бар екі кісі балық аулап отыр екен. Олар: – «Азат» мешіті осы жерде деп еді, соны білесің бе? – деп сұрайды. Сөйтіп мешіттің орнын көрсетуді өтінеді. Сақалдары беліне түскен екі орыстың мұсылман мешітін қызықтырғанын ерсі көріп, сұрастыра келе әкелі-балалы Иван мен Максимнің Орал өңірінен Басапа ишанның мешітінің орнына бір аунайын деп келгенін біледі. Діні бөлек адам: «Бұл кеңшілікті сенен сұрамаймын, Басапаның өзі берді» деп жа¬уап берген екен. Лагерьдегі дүйім жұрт Басапаның әулиелігіне тәнті болыпты. Әулиені «өз қолынан жерлеген» орыс пен дерек беруші осылай ұшырасыпты. Басапа ишан ұстаған «Азат» мешітінің орны бар. Тағы бір дерек көздерінен алынған «1941 жылы соғысқа аттанған қос ұлы Сәпиулла мен Сайфулла оралмайды. Үлкен қызы Әсиядан немерелері баршылық. Ортаншы қызы Зүбайда 1937 жылы әкесін «халық жауы» деп ұстап әкеткенде екі жасар бала болған. Отбасына түскен қиындыққа төзе білген қыз ел қатарына қосылып, 10-шы сыныпты бітіріп, Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы пединститутының физика-математика факультетіне түсіп, институтты бітіріп, Тереңөзек ауданына қарасты Шаған елді–мекеніндегі №37 ВЛКСМ-ның ХХХ жылдығы атындағы орта мектепке мұғалім болып қызмет етеді. Зүбайданың қызы Жанат жоғары білімді дәрігер. Алматыда тұрады, бақытты отбасында: Әйгерім, Айғаным, Аружан есімді перзенттер тәрбиелеп отыр. Басатаева Тайва ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отыр» деп түйіндейді.
БАБАЙ ИШАН Сырдария ауданының «Болтай» деген жерінде ғасырдан астам уақыттан бері қабырғасы қалқиып, иманымыз бен ынтымағымыздың қалқаны болып тұрған Бабай ишан мешіті, іздеушісі болмаса, даланың құмы басып, жауынымен шайылып, жерден де жоғалып кеткен күні адамның да жадынан өшетін жәдігеріміз.
Жал-жал үйілген топырақ, қалқиып қалған қабырғаның бір бөлігі жүз жылдан астам уақыт бұрын азан шақырылып, намазға ұйыған ел болғанын, шәкірттер дінге бой ұсынып, қасиетті құран ілімін үйренгені жайлы тілі болса айтар ма еді.
БАБАЙ ИШАН МЕШІТІ – Қызылорда облысы, Сырдария ауданы қазіргі А.Тоқмағанбетов атындағы ауылдың «Болтай» деген жерінде 18 ғасырдың соңдарында салынған. Мешіт салуға сол жердің белді азаматтары атсалысқан. Дерек берушілердің айтуынша, мешіт бөлек салынған үш үйден тұрады. Ұзынша келген бір бөлме мешіт аталса (ортасында жал болған деген әңгіме де бар) екінші үй шәкірттердің жатып оқитын үзірі болған деседі. Үшінші үйді қазіргі кезде биік төбе болып қалған Ишанның тұрғын-жайы деп топшыладық.
Мешіт күйдірілмеген қам кесектен салынып, сабан араласқан сылақпен (қалдығы бар) сыланған. Кірпішке жуандығы бармақтай қамыс салып құйылған. Ұзындығы 30 см-дей көлденең өрілген кірпіштер жақсы сақталған, биіктігі 7-8 см. Биік жерде орналасқан мешіттің іргесін бір метрдей көлденең салынған шоммен көмкерген. Қабырғасының қалыңдығы жарты метрдей. Көзкөрген қариялардың айтуынша, оңтүстік пен батысқа қаратып салынған екі терезесі биік орналасып, төбесі доғалданып біткен. Мешіттің батыс тұсында қабырғадан ойылып өрілген, төбесі үшбұрыштанып келген шағын қуысы болған. Мешіттің алдыңғы қас беті (фасад) үйдің арт жағымен салыстырғанда биік, маңдайшасын еңселі әрі шығыңқы етіп өрген. Есігінің екі жағында шағын екі терезесі және мешіт алдында шағын бөлме бар.
Мешіттің ауласына Бабай ишанның өзі отырғызған қара ағаш әлі көктеп тұр. Айналасында тамшы су жоқ, құмның ортасында жалғыз өскен ағаштың діңіне үш адамның құлашы зорға жетеді. Жерден екі метр¬дей биікте бұтақ жайыла бастаған тұсында ағаштың діңінің ішінде үш қарыстай ойық бар. Жаңбыр мен қардың еріген суына толған су қызыл түске боялған, иіссіз. Бәлкім тереңге жайылған тамырына қосымша, өзегіндегі ойықта суға толып нәр беріп, ағаштың бір ғасырдан астам уақытқа дейін қурамай тұрғанын түсіндіруге болатын сияқты. Қара ағаштың түбінен тағы бір ағаш тамырланып, көлбей өсіп келеді. Қазіргі күнде мешіт қабырғасының бір бөлігі сақталған. Бабай ишан мешітінде сауатын ашып, ишанның батасын алғандардың бірі – қазақтың көрнекті ақыны, сол жерде туып–өскен Асқар Тоқмағанбетов. Ақынның: «Бабай мешіті тұсынан өтетін ек, Алла, Алла, Алла деп...» деген өлең жолдары кездеседі. Осы топырақтың түлегі қуғын-сүргін тұсында жазықсыз жапа шеккен зиялы азаматымыз Әбіш Мейірмәновтың елге жеткен шығармаларында Бабай ишан және осы өңірдегі ардақты азаматтардың, әруақты аталардың аты аталады.
«Сахабта отыз үш мың, төрт шадиар, Ғаламның раушаны Расулалла, Атамның пірі едің Тапал ахун, Нұраддин, Зиавид мақсұм, екі Шахзад, Пірлерім ӘмірТемір, Бабай, Паттал, Әбдуәли, Әлиакбар, Әбиболла, Іскендір, Әбілхайыр, Әшен, Пазыл, Қорғайтын келді кезің осындайда Тұқымы Әлилердің қатар өскен, Қалымбет, Әли, Уәйіс бұл заманда Сіздерді жадыма алып зарланамын Қол берер келді кезің қысылғанда, Жарылқар келді кезің, машайықтар..» – Сібір түрмесінен елге жолдаған өлеңдерінде келтірілген есімдерден оның азапты өмірінің рухани сүйеніші болғанын аңғаруға болады. Дүрбелең жылдары Бабай ишан қуғындалып, балалары мен туғандарын жинап, елден ауып кетеді. Одан кейінгі иесіз қалған мешітті мал қораға айналдырмақ болған көрінеді. Алайда қамаған қой бір түнде қырылып қалып, жаңа өкіметтің белсенділері бұл ойынан тез қайтады. Соғыстан кейінгі жылдары мешіттің жайын білмеген кісі мешіттің қабырғасынан кесек алып, үйінің пешін қалапты. Жағылған оттың гүрілінен жан түршігетін дыбыс естіліп, мазасын алған соң, себебін сұрастыра келе киелі мешіттің кірпішін орнына қайта қалап, бір мал құрбандыққа шалған екен.
Соғыс жылдары колхоздың егін алқабынан бидай ұрлаған әйел ауылды таба алмай адасады. Көзге түрткісіз қараңғыда алыстан көрінген жарыққа беттейді. Жақындай келе қараса ауыл шетіндегі мешіттің ішінде жанып тұрған шырақ екен. Сөйтіп әлгі әйел бала-шағасына аман жетіпті. Адасқан жолаушыларға жол көрсеткен мешіттің орнындағы беймәлім шырақ туралы әңгімелер ел ішінде жиі айтылады.
Тағы бір деректерде терезесін бұзып алған кісінің екі көзі соқыр болып қалғаны айтылады.
Рахманберді қожа мешіттің ағашын өрулігіне алып салған дейді. Ишанның күйеу баласы Уәйіс қожа: «Жалғызың жалпасынан түссін демесең, ағашты апарып көпірге сал!» деп, кеңес беріпті. Сол мешіттің ауласында өскен жалғыз түп қара ағашты шапса, қан шығады деген сөзді жиі естиміз. Ишанның қызының келіні, Несібелі: «Көкем қауақпен су тасып көгерткен ағашы» деп, апам айтып отырушы еді дейді. Көшетті отырғызарда, Бабай ишан «Қиямет күнге дейін өссін» деп, серт қылған деседі.
Соғыс жылдары орақ орып жүргендер дәл мешіттің үстінде қазанның көлеміндей нәрседен, бидайдай шашырап, жарқыраған нұр төгіліп тұрыпты. Орақшылар қайтарда жолда өскен шеңгел–жыңғылдар түбінен құлап, жолды жауып тастағанын көзімен көріпті. Қатты нөсер мен жауынның соңынан пайда болған әлгі құбылыс сүт пісірімдей уақыт тұрып, сосын ғайып болыпты. Бұл тылсым жайлы естігендер Алланың нұры (рамазан айы екен) деп түсіндіріпті.
Артында киелі мешіті қалған, қазақ жерінде діни ағарту ісін жүргізіп, сәулелі көкіректерге имандылық нұрын еккен Бабай ишан Жүнісұлы 1857 жылы дүниеге келіпті. (Азан шақырып қойған аты Бабарахым не Рахымбаба) Бұхара медресесін бітірген. Сейіт қожаның тумасы. Арғы бабаларын, аталарын төмендегіше таратсақ: Мақтұмсейіт–Мұханбетәлі–Үмбетәлі–Мәуленберді–Зікірия–Жүніс болып келеді. Жүністен–Бабай ишан, Бөлебай, Әбіш, Әбдіраман, Пазыл, Әбдірайым, ӘмірТемір атты алты шаңырақ тарайды.
Бабай білікті де білімдар, парасатты кісі болған. Қатар жайлаған елде болып қалатын дау-дамайға әділ билік айтып отырған. Бір жылы ошақты мен балталы арасында аты белгісіз сайда өлген тайдың құнын өтеу жайлы тартыс болады. Келісімге келмеген екі жақ билік етуді Бабай ишаннан өтінеді. Сонда Бабай: – Қыз беріп, қыз алысып жатқан ағайынсыздар. Арам өлген тай, иесіз қалған сай үшін араларыңыз ажырамасын, дауды тоқтатыңдар,– деген екен. Тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, ұлағат жөнінде де келелі кеңестер беріп отырған.
«Таздан жарғақ бас туады, Саңыраудан шақырсаң келмес туады» деген сөз де Бабай ишаннан қалған деп біздерге жетіпті. Ишан ауылындағы әрбір отбасының амандығына әрдайым тілеулестік, қамқорлық танытып отырған. Кейде отбасында болатын қауіптен, қазадан құдайы бергізіп, аман қалуды ойлап отыратын көріпкелдігі болған.
Кеңес үкіметі бұл өңірге де табандап, «халық жауы», «қожа-молда» деп елдің алдына шыққан ірілерді қуғындай бастағанда, «жаттың қолында кетпесін» деп, Бабай ишан қыздарын жеделғабыл тұрмыстандырады. Бес қызының кенжесі Үммігүлсімді (Үмбіш) белсенді мұғалім Әбілқайырға ұзатарда: «Қызым жыламассың, орыс молда демесең, қожа көрінеді ғой, Ғайыперен қырық шілтен совет үкіметін қолдап тұр, қанша созыларын Алла біледі» деген екен.
Ұлдары өзге шәкірттермен бірге ислам ілімін меңгерсе, діни сауатты қыздарын өнерге де баулыған. (Бертінде дүниеден өткен Әсия әжеміздің жайнамазы мен таспиғы болған). Жіңішкелігі моншақтың тесігінен өтетін түйе жүннен жіп иіріп, ақ шекпен тоқыған екен, елде қалған қыздарының үйінің іргесінде өрнегі жиылмаған, өнерші болған. Елде үрдіс болмаған жеміс ағашын егу, бақша салып, қауын–қарбыз өсіру Бабай ишан ұрпақтарында болған.
Ел аузынан жазып алған тағы бір әңгімеде Арқадан бір кісі ишанның иығына құндыз ішік жауып, батасын алыпты. Сол елдің серісі Айқожа деген кісі: «Мына шапанды-ай!» деп қызығыпты. Ишан сөзге келместен, «Қызықсаң, ала ғой» деген екен. Айқожаның иығында кеткен ішік жайлы естіп, Ешмұрат деген тағы бір қуақы дереу үйіне барып, тамақ дайындатып, Айқожаның алдынан шығып, «үйге түс» деп әурелепті. Үйге келе иығындағы ішікті шешіп алып, іліп қояды. Тамақты ішіп, шайланып, аттанар алдында қуақы Ешмұрат Айқожаға өзге шапанды кигізіпті. Сонда Айқожа: «Ой Ешмұратжан-ай, күптей болып келіп, сыптай болып шықтым-ау» деп құндыз ішігін қалдырып кете беріпті.
Ишанның ӘмірТемір деген інісінің 13-14 жастағы баласы Темір Жүсіп ақсақал бір естелігін қалдырған екен. Бірде «Әке, бір кереметіңізді көрсетіңізші» десе керек. «Онда, қорықпасаң, балам» деп, сыртқа шығып, қайта кіргенде керемет көрмек болған баласы қорыққаннан тонның астына қалай кіріп кеткенін білмей қалыпты. Сөйтсе, Бабай ишан әскери қару–жарақ асынған, сары ала белгілері бар киім киген, жандарал формасында көзіне көрінген екен. Яғни, басқа бейнеге еніп, көзге өзгеше көріне алатын қасиеті болғанын ұғамыз.
Енді бірер ауыз сөз Бабай Ишанның Ауғанстан асқандағы кезінен болмақ. Тәжікстанмен шекаралас Термез қалсында сәл кідіргеннен кейін, Тәжікстандағы Қорғантөбе қаласынан 3 шақырым жердегі «Сохтмони Вахш» колхозы, Калача қыстағында орналасады. Бұл 1929 жылы. Қыздарының айтуынша қатар тұрған үйлерді жықпастан, бастарына шапан жамылып, бүркеніп, дәрет алғалы бара жатқан секілді біртіндеп елдің арасынан шыққан екен. Артық зат алмай, үйді жықпай көшу себебі «белсенділер» біліп қалып артынан қуып жүрмесін деген екен. Көлік жалдап мініп, Тәжікстанның оңтүстігіне азып-аршып жетеді. Қызыл өкіметтің құрығы бұл жерде де тыныш қоймайды. 1937 жылы екі ұлы Қалымбет пен Әбдуәлиді бір түн ішінде НКВД алып кеткен.
Зар заманның қанды шеңгелінде қосақталып кеткен ұлдарының соңынан көп ұзамай, сол жылы туған жерден топырақ бұйырмай, Тәжікстанда 80 жасында Бабай Ишанның өз әйелінің аты – Зере (не Зөре). Құнанбай қажының жұрағаттары. Ишанның Әсия атты қызының үйіндегі, бұл күндері аудан мұражайында сақтаулы тұрған «Абайдың кітап шкафы» бұл елге Зере шешенің төркінінен келген жәдігер деп бағаланады. Қысқаша тарихына тоқталсақ, 1929 жылдары елден көшерде Тумыш деген кісіге аманат етіп тапсырған. Соғыс жылдары елге келген Әсия әжеміз шкафты қайтып алған. Жақында ҚР Ұлттық комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша Департаментінен мынадай хат алдық.
«... Сіздің арызыңыз бойынша Тәжікстан Респуб¬ликасы Ұлттық Қауіпсіздік Мемлекеттік Комитетіне жолдаған хатымызға төмендегідей мәліметтер алынады.
1.Тәжікстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің Ақпарат басқармасында сақталған №С03305 мұрағаттық істегі деректер бойынша:
– Бабаев Абдали 06.12.1937 жылы Тәжік ССР ХІІК Мемлекеттік қауіпсіздік басқарма «Үштігінің» («Тройка» УГБ НКВД ТаджССР) қаулысымен 8 жылға бас бостандығынан айрылып, сотталған. ҚК бабтары көрсетілмеген. 05.05.1944 жылы Ангар лагерінде қайтыс болған.
2. Тәжікстан Республикасының Қауіпсіздік министрлігінде сақталған №П-4263 мұрағаттық қылмыстық істегі деректер бойынша:
– Бабаев Қалымбет, 1895 жылы Қазақ ССР Қызылорда облысының 49 ауылында туылған. 11.09.1937 Тәжік ССР ХІІК МҚБ «Үштігінің» қаулысымен ТәжікССР ҚК-нің 62 және 58 баптары бойынша ату жазасына кесіліп, үкім 15.09.1937 жылы орындалған.
СССР Жоғарғы Кеңесі Президумының 16.01.1989 жылғы «30-40 жылдардың кезінде және 50 жылдардың бас кезінде орын алған қуғын–сүргін құрбандарына қатысты әділдікті қайта қалпына келтіру бойынша қосымша шаралар туралы» Жарлығына сәйкес, 11.09.1937 жылғы Тәжік ССР ХІІК МҚБ «Үштіктің» қаулысының күші жойылған және қылмыстық іс өндірістен қысқартылып, Бабаев Қалымбет ақталды.
«Үштіктің» қолымен Қылмыстық бабын көрсетпей-ақ Сібірге айдап жіберген–Әбдәли, үш күннің ішінде үкім–жазасын кесіп бір оқтық болған – Қалымбет Бабай ишан ұлдарының тағдырын жетпіс жылдан кейін қолымызға тиген осы құжат арқылы білдік. Сұм кезеңнің адамзатқа қарсы бағытталған зұлым құрсауында қалғандар мен іздеусіз қалғаны қаншама!
Аты Мәшhүр, пір болған Мақтұмсейіт ұрпақтарының жер бетінде қалдырып кеткен іздеріне үңілген сайын үлкен ілімнің кілтін ашқандай әсер етеді. Қожаны қожа атандырып, қазақтың ұйытқысы мен беделі болған қасиеті де осыдан болар...