КИЕЛІ МЕКЕННЕН НӘР АЛҒАН ТАУ ТҰЛҒАЛАР

«Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр» дегендей, тарихын білмеген туған жердің қасиетін қайдан түсінсін. Елдің ауызбіршілігін арттырып, ынтымақтастықты сақтап, дүйім жұртты бір ауыз сөзімен басқара білген датқа, болыстарымызды, елге жау шапқанда қашуға емес қаруына қарай ұмтылған батырларымызды, әр күнін Алла жолына арнаған әулие әмбиелерімізді бүгінгі ұрпақ білуі тиіс.
Біздің өңірде де өмір сүріп, елге қалтқысыз қызмет еткен жандар, Алаштың тұлғалары баршылық. Осы киелі өлкенің суын ішіп, топырағын басып жүрген соң елі үшін еміреніп қызмет жасаған азаматтардың есімдерін ұмыт қылмай ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіміз керек.

Осыған орай еліміздегі «Қазақстанның киелі орындарының географиясы» анықталған еді. Солардың ішінде ауданымыздың іргесінде орналасқан «Оқшы ата» кесенесі де бар. Осы секілді тарихымыздан сыр шертетін орындарымыз жайында бүгінгі өскелең жастарға түсіндіріп, әлі де зерттеуді қажет ететін орындарымызды жаңғыртсақ нұр үстіне нұр болары анық.