«ҚЫЗЫҚТЫ ӘҢГІМЕЛЕР ӘЛЕМІ» ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ
Қазіргі таңда жазушылардың шығармаларын оқу азайып барады деген пікір бар. Осыған орай, кітап оқуға оқырмандарды қалай тартамыз деген мақсат қойып, мемлекеттік тілді оқыту курстары аясында қызылордалық жазушылардың және Сыр өңіріне қатысты қысқа нұсқа шығармалардан дайындалған 10 дана кітап жарыққа шықты.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз-конференциясында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов мәлім етті.
- Аталған кітаптар әлемдік тәжірибеден өткен «Домино» әдісі негізінде «Қызықты әңгімелер әлемі» етіп әзірленіп шығарылды. Келешекте мұнымен шектелмей, көрнекті жазушылардың романдарын оқырмандарға ыңғайлап шағын нұсқасын шығаруды жоспарлап отырмыз», - деді Т. Маханов.
Басқарма басшысының айтуынша 2018 жылы 7 ауданда үштілде 21 маманның қызмет ауқымы кеңейген. Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын орындау мақсатында басқармаға қарасты тіл орталығының жұмысын сандық жүйеге көшіру жоспарлануда.
- Мәселен, оқушылар тестке немесе сабақтарына тапсырмаларды онлайн режимде орындайтын болса, осы саланың дамуына қосқан үлесіміз деп білемін. Алғашқы жұмыстары жүргізілуде, нәтижесі жақсы деңгейде»,- деді Т. Маханов.