АҒЫБАЙ БАТЫРДЫҢ ҮКІМІ

Сол тұста, нақтырақ айтқанда 1880 жылдары Сырдария облысының Перовск уезіне қарасты Шиелі болыстығына сайлау жүріп, қыпшақ руынан Әлмембет Тұрсынбайұлы мен шұбыртпалы Әйеке Бекежанұлы екеуі болыстыққа таласқан екен. Содан қатты шиеленіс үстінде қыпшақ Әлмембет шұбыртпалы Әйекені жазым етіпті.
Әйеке болса Ағыбай батырдың жақын руласы. Жаман хабар Арқадағы Ағыбайға да жетеді. Жасы шау тартып отырғанына қарамай, батыр жолға шығады. Ұзақ жол жүріп қаралы ауылға ат басын тірейді. Күллі шұбыртпалы «ой, бауырымдап» батырдың алдынан шығады. Келіндер Әйеке болыстың қадір-қасиетін, байлық-беделін, кісілігі мен түсінігін жырға қосып, тыңдаған пенденің сай-сүйегін сырқыратып жоқтау айтады.

Едіреңдеген елге не айтарын білмей Ағыбай батыр үнсіз ұзақ отырады да, «келіндерді шақыр, өткендегі жоқтауды қайта айтсын», дейді. Келіндер сұңқылдап жоқтай жөнеледі. Жанарын жас жуған қарт батыр, «Бұл жоқтауды кім шығарды?» деп ағайындарынан сұрайды. Көпшілік «Бұл жоқтауды Әйекеме арнап қыпшақ Бұдабай ақын жазып берді», дейді. Сонда Ағыбай батыр: «Пай-пай, Әйекемді бір қыпшақ өлтірсе, екінші қыпшақ тірілткен екен, дау осымен бітсін, екі рулы ел бұдан былай байырғы құдандалығын жаңғыртып, тату өмір сүрсін», деп бір-ақ кесіпті.
Ағыбайдың айтқаны – шұбыртпалылар үшін заң. Қайран ер қыпшақ пен шұбыртпалы арасында ушығып кеткелі тұрған дауды осылай басыпты. Әрине қандас бауырының қазасы қанша жанына батса да, кейінгі ел бірлігі одан да қымбат екенін аңғарған қарт батыр осылай үкім етіпті.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ