«КҮЙГЕНТАЙДЫҢ» ҚҰПИЯСЫ

Елді осы таңбаның қандай мағына беретіні қызықтырады. Бәлкім арыстаннан түйені қорыған адамды бейнелеген шығар. Болмаса, ұрпағының нардай алып, арыстандай айбатты болғанын қалаған шығар. Не десекте, мұның ақиқатына үңілген тарихшылардың пайымы сан түрлі. Қастерлі мекеннің таңбасына байланысты түрлі аңыз-әңгіме ел аузында қалған. Соның бірін Ұлы Отан соғысының ардагері, марқұм Әбіләзім Абыловтан көзі тірісінде жазып алған едім. «Сенің бабаң Байболат өз заманында Қоңыраттың белгілі биі болған», – деп бастады әңгімесін абыз ақсақал. Қарияның сөзіне қарағанда ол өте ілімді, сөзге шешен, бай-бақуатты болыпты десе-ді. Күндердің күні оның ұрпағын «бай-кулак» деп кәмпескелеп, жазбаларын өртеп, туыстарын тергеп, бауырларын өлім жазасына кесіп жатыпты. Сол кезде Байболат алты сандық алтынын Күйгентауға жасырып, тірі қалған жалғыз немересімен қыр асып кетіпті. Уағы келгенде ұрпағына елде тыныштық орнаған заманда, атадан-балаға берілер мирасқа ие болсын деп, жасырған жерін былай жұмбақтап кетіпті. «Намаздыгер уақытында Күйгентайдың таңбасына бұлақтан шағылысқан нұр төгіледі. Таңбадан шыққан сәуле Мешітті жарқыратады. Мешіттің күмбезінен төгілген сәуле Байболаттың байлығын көрсетеді» деп айтып кетіпті.
Бабаның айтқан өсиетімен мирас іздеп осы маңға келгенімен, нұрлы сәуле көрінбеген. Себебі, Кеңес заманында бидің ұрпағы елге оралуға қорыққан. Кейіннен еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін, Күйгентай көп өзгеріске ұшырап, тау формасы бұзылғандықтан, табу мүмкін болмапты. Бұған себеп, бидің байлығын көздеген жандар көп болыпты. Соның бірі Қаратауға зерттеу жұмыстарын жүргізуге келген орыс ғалымы Лев Бергтің құлағына бидің жасырып кеткен байлығы туралы хабар тисе керек-ті. Өзінің қызметтік бабын пайдаланып, шатқалдың шаңын аспанға шығарып, тау жынысын жарылғыш құралмен жарып, Байболаттың таудағы жасырын мешітінің де күл талқанын шығарып, қазынаны таба алмай кетіпті. Осындай ауыр зардаптан, Күйгентайдағы көне таңбалардың көпшілігі бүлініп, кішкентай бөлігі ғана аман қалған.
Қаншама зардап көрген көне таңба әлі де тыныштық тапқан жоқ. Тауға саяхаттап келушілер осы таңбаның үстіне қою бояумен есімдерін жазып, бүлдіріп жүр. Мұны көрген сайын, өскелең ұрпақ рухани жаңғырудың орнына рухани азғындап бара бара жатыр ма деген ой оралады.

Иә, Күйгентай таңбасының құпиясы тылсым табиғатпен үндесіп, сырын ішіне бүгіп тұр. Тарихи жәдігердің жұмбағын шешуді тарихшылардың еншісіне қалдырайық.