«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ»: ҚАЙЫРЫМДЫ ЖАН
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жалпыұлттық жобасының екінші кезеңі басталды. Оны Ақпарат және Коммуникациялар министрлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесе ұйымдастыруда. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жалпыұлттық жобасының мақсаты-елдің, өңірдің дамуына үлес қосқан, түрлі салада жетістікке жеткен, ұлтымыздың алтын қорына енуге лайықты жерлестерімізді таныту. Жобаға қатысушы үміткердің жасы 18-ден асқан Қазақстан азаматы болуы шарт.
Сонымен, жобаның екінші кезеңіне үміткерлер қатарында жерлесіміз «Ел-арай» қоғамдық қорының директоры Асхат Байдәулетов те бар.
Ол Алматы қаласындағы Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті «Машина жасау» мамандығы бойынша білім алған. Мектеп қабырғасынан бастап қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, студент кезден еріктілерді жинап, қайырымдылық жұмыстарды ұйымдастырумен айналысқан. 2011-2012 жылдары «Болашақ» университетінің жанындағы колледжде оқытушы, 2012-2017 жылдары «АртСтройАзия» ЖШС директоры болды.
2015 жылдың 1 маусымынан бастап «Ел-арай» қоғамдық қорында ерікті болып жұмыс атқарып келеді. Қазіргі таңда қор 7 жоба бойынша жұмыс жасауда. Соның аясында, («Ұмытылмас бір күн», «Салауатты өмір салты», «Несібе», «Өзгеге өмір сыйла», «Біз мектепке барамыз», «Жанұя жанұяға көмектеседі», «Жанұяға жылу сыйла» жобалары) жетім балалар мен қиын отбасылардан шыққан балалар мен мүмкіндігі шектеулі балалардың ой-өрісін арттыратын, әртүрлі жаттығуларға үйрететін, спорттық және ойын-сауық шаралары, танымдық саяхаттар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, өзге де түрлі қайырылымдылық шаралардың өтуіне ұйытқы болып жүр.