«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ»: ӨМІРГЕ ҚҰШТАР ҚАЙСАР ЖАН
Облыстық oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына Қызылорда облысынан үміткер азаматтармен таныстыруды жалғастырады.
Сағатбек Сиюов - «Жылы жүрек жастар» еріктілер тобының жетекшісі, әрі мүгедек жандар арасындағы би байқауларының жеңімпазы.
27 жастағы Сағатбек тағдырдың қатал сынағына түссе де, мойымаған, өмірге құштар жан. Ол мүмкіндігі шектеулі азаматтарға өзі айналысып жүрген арбада отырып билеу өнеріне, облыстық спорттық және түрлі өнер сайыстарына қатысуға үгіттеп келеді. Сол сияқты мүгедек жандардың білімін жетілдіруіне, компьютерлік сауаттылығын арттыруына, бизнес жоспар жасау бағытында түрлі семинар сабақтарға қатысуға қолдау көрсетіп жүр. Қазіргі таңда, «Жылы жүрек жастар» еріктілері облыстағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, олардың өмірге деген құлшынысын арттыруға барынша септігін тигізуде.
Сағатбек өзі мұңдас азаматтармен бірге ең алғаш қол арбада отырып билеуді қолға алып, қазіргі танда облыстың мәдениет басқармасының жетістіктеріне өзіндік үлесін қосып жүр. Қызылордадағы алғашқы «Арбада отырып билеу» өнерінің құрылтайшысы бола білген ол бүгінге дейін бірнеше рет республикалық жарыстардан жеңіспен оралды.
Атап айтар болсақ, Астана қаласында өткен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы биден ҚР чемпионатында «Фристайл груп» санаты бойынша І-орын жүлдегері, Ақтау қаласында өткен «Aktau open 2018» ҚР кубогында «Комби фристайл» санаты бойынша ІІ-орын жеңімпазы атанып, әлем чемпионатына жолдама алған еді.
Еңбекке деген құштарлығының, белсенділігінің арқасында, облыс өнерінің өркендеуіне қосқан ерекше үлесі үшін Сағатбек Қуанышбайұлы облыс әкімінің , «Нұр Отан» ХДП партиясының, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының, Мүгедектерге арналған оңалту орталығы басшысының алғыс хаттарымен марапатталды. Қалалық «Самғау» жастар сыйлығының иегері, Облыстың «Жыл патриоты-2018» номинациясының иегері, «Мүгедектерге арналған оңалту орталығы» КММ-нің мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасындағы «Жыл адамы -2017» номинациясының иегері атанды.