АСЫЛ ДІНДІ АСҚАҚТАТҚАН МАРАЛ БАБА
Күллі қазақ еліне «100 жыраудың Отаны» атымен танылған киелі Қармақшы өңірінде бар саналы өмірін өткізіп, елге танылған атпал жандар аз емес. Солардың бірі- үш жүзге пір болған Марал ишан.
1780 жылы Қостанай облысы, Жетікөл ауданы, Қайранкөл ауылында дүниеге келген Марал баба халқына діни, емшілік қасиеттерімен қызмет етіп, «әулие» деген атаққа ие болған. Қызылжарда бірнеше мешіт салдырып, бала оқытқан. елге Ислам дінін уағыздап, дінсіздікке, имансыздыққа қарсы күрес жүргізген. Халықты оқу-жазуға, білімге үйретіп отырған әулие өз шәкірттерін шығыстың мәдени-ғылыми орталықтарына оқуға аттандырып отырған.
Ал, енді ел арасында баба туралы айтылып жүрген аңыз әңгімелер жайлы айтар болсақ, әулиелік атақ-даңқы Сыр мен Қырға жайылған Марал ишанды көре алмаушылар да болыпты. Атақты әнші Жаяу Мұсаның атын алып қойып, өзін жаяу аттандырған Арқадағы арғын руының атақты шонжарлары Мұса мен Шеген Шормановтар Марал ишанға: «Біздің өз әулиеміз бар. Сен әулие емессің, сиқыр жасайсың, егер әулие болсаң кереметіңді көрсет. Әйтпесе бұл арадан көшесің»,-деп қысым көрсетіпті.
-Сонда, мен не көрсетуім керек?-депті Марал.
-Сені қырық түйеге артылған сексеуілдің астына жатқызып өртейміз, содан аман шықсаң ғана біз сені әулие деп мойындаймыз,-депті Шорман ұрпақтары. Бұл оқиға Сырымбет тауының «Мыңбұлақ» маңайындағы «Тескен су» деген жерде болған екен. Төбедей қырық түйемен жиналған томардың астына жатуға ыңғайланған Маралға, қалпелері:-Жоқ тақсыр, біз жатайық, егер сізге олай-бұлай жағдай болса, біздің қолымыздан ешнәрсе келмейді. Ал, бізге бірдеңе болса, сіз жәрдем етесіз»,-депті. Сонымен, үйілген томардың астына Тұрғанбай, Төртқара атты қалпелер жатады. Оларды отқа өртеп жатқанда Марал Сарыбауыр арғымағымен жанған оттың үстіне 40 аршын биіктікте қалқып тұрған. Үйілген томар жанып біткен кезде әулие дауыстап, қалпелерінің атын атап: «Тұрыңдар»,-дейді. Сол уақытта күл арасынан отқа түскен қалпелер аман-есен шыға келеді. Отты айнала қоршаған қожа, молда, төре, би-шонжарлар «Астағфираллалап» жағаларын ұстайды. Осы көріністі Байұлының алтын руының Сейітжан ақыны былайша сипаттайды:
…Қырық түйедей томар жағып,
Қос қалпесін атты отқа,
Маңына ешкім бара алмады,
От гүрілдеп жанған шақта.
Ұлық-кішік жамағаттар,
Мұны көріп қылды тәуба.
Сарбауыр атпен Марал ишан,
Көк дүниеге көтеріліп,
Найза бойы тұрды сонда...
Сейітжан салдан басқа Марал ишанды Сыр бойы жыраулары Балқы Базар, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет жырға қосқан. 1822 жылы патша үкіметі «Сібір қазақтарының Жарғысы» атты Заң қабылдап, қазақтың ұлттық, діни дербестігінің көрінісі болып табылатын хандықты жоюға кіріседі. Бұған шыдымаған қазақ халқының ұлт-азаттық күресі күшейеді. Кейін Кенесары хан жаппай көтеріліс бастап, орыстарға қарсы шайқасып жатқан кезде Марал ишан Құсмұрын атырабында Ғазауыт соғысын жүргізеді. Бұған ең алғаш себеп-Құсмұрын өңірінде орыстардың қазақтарды еріксіз шоқындыруы еді. Марал ишан 1821 жылы өзін Ресей императорына жолықтыруды сұрап, Орынбор генерал-губернаторы П.Эссенге және Сібір әскери бөлімінің бастығы генерал П.Капцевичке хат жолдаған. Хатында қазақтарды зорлап шоқындыруға, құнарлы жерлерді тартып алуға қарсылық білдіреді.
Кенесары өз хандығының рухани көсемдігіне Марал ишанды шақырады. Көтеріліске қатысушыларға діни басшылық жасау үшін Марал келісімін беріп, хан сарайының Кеңес құрамына кіреді. Кенесары әскерінің бірсыпыра жеңістерге жетуіне, халық алдында беделінің артуына әулиенің көп үлесі болады. Бірақ, кей жағдайда Кенесары ишанның пікірлерімен санаспай, көңілін қалдыра береді. Әсіресе Кенесарының батыр інісі Наурызбай Маралды қатты ренжітеді.
Хан сарайын сағалап, оның қамқорлығын көремін деп келген Марал ишан төре тұқымының әуселесін көргеннен кейін көңілі құлазиды. Сонау жылдардағы Сыр бойы халқының өзіне деген адал жүрекпен айтқан өтініш-тілектерін есіне түсіріп, Сыр өңіріне қоныс аударады. Жосалы қыстағының терістік шығысындағы «Қарабдал» мекеніне көш басын тірейді. Бабаны халық қошеметпен қарсы алады. Марал әулеті осы төңірекке жайғасып, біржолата орнығады.
Бір күні Марал әулие бүкіл елді тамақ беруге шақырыпты. Ығы-жығы жиналған халық «Өзі кедей, жұртқа не берем деп шақырды екен»,-деп таңданыпты. Содан тойшыл халық ишан үйіне келгенде олар ортада іші бос, бірақ отқа асулы 10 тайқазанды көреді. Сонда аң-таң болып тұрған жұртқа Марал баба қарап тұрып, біршама уақыттан кейін екі қалпесін бір жаққа жұмсайды. Көп ұзамай екі жігіт халық алдына 200 киікті айдап әкеліпті. Бағудағы мал сияқты иіріліп бір жерге тұра қалған киіктерді көрсетіп тұрып Марал ишан келген жұртқа:-Осыларды керегінше сойыңдар. Керегінше асып жеңдер, бірақ сүйегін кемірмеңдер,-депті. Жұрт ішіп-жеп болған соң, әулие: -Манадан бері жейтін шөбіңе, ішетін суыңа риза бол. Аллаху акбар!–деп бата берген екен, киіктер дастарқан үстінен өріп-өріп жүре беріпті. Соңынан бір теке ақсандап жүре алмай қалыпты. Сөйтсе, киік етін жеген біреу абайламай киіктің бақайшағын мүжіп қойған екен. Марал баба ақсақ киіктің қасына барып, арқасынан сипағанда әлгі киік секіре жөнеліпті.
Марал баба Сыр бойына келген соң жергілікті халықты Ислам діні жолына түсуге насихаттап, бір жағынан сауатын ашып, мәдениетін көтеруге көп еңбек сіңіреді. Ол осы атыраптарда 7 мешіт-медресе салдырады
Бірде, кете руының бір адамы Қарақұм жайлауынан қайтып келе жатып, атын шылбырына шұбатып қойып, түзге отырыпты. Елеңдеп тұрған семіз күрең иесінің қолы босамай жатқанын сезгендей шаба жөнеліпті. Апыл-ғұпыл атының ізінен жүгірген жолаушы қара көрмей қалады. Елсіз, сусыз жапан дала, түнімелік қасқыры жаудай иек мекен. Жолаушы атты қуа-қуа әбден сілесі қатады. Жаны қысылған шақта ол: «Марал ишан! Сарт болып кетпесең құтқара гөр!»-деп бар дауысымен айқайлапты. Сол мезет ол көз ұшында сексеуіл түбіріне шылбырынан оралып, байланып қалған атын көреді. «А, Құдайлап» атына мініп, жолдан бұрылып, Марал ауылына соғыпты. Сонда Марал ишан: -«Міне, мынаны көрдің бе, атың осыған байланды ғой»,-деп көйлегінің жағасын ағытыпты. Мойнын аттың шылбыры ысқылап, қып-қызыл ғып тастаған екен. 1956 жылы Әлібай ахунның шәкірті Нияз молданың үйіне сәлем беруге Омар мақсұм, Үбайдулла, Дүйсенбек, Ешмағамбет, Қарсақбай, Құрманғали сияқты молдалар жиналыпты. Сол отырыста Марал баба туралы көп әңгіме болған. Сонда Нияз молда бір хикаяны сөз етіпті. Марал бабаның 60-қа таянып қалған кезінде Дәуіт Пайғамбар «Алладан уахи болды, аманат жанын тапсыратын кезі таянды. Өзінің туған топырағына қарай жылжи берсе болады»,-депті. Сонда Марал баба: «Мен Кіші жүздің халқына дән разымын. Осы арада қалуыма Алладан рұқсат болар ма екен?»,-деген екен. Содан кейін Пайғамбар: «Жаратушы иемізден осы арада қалуыңа рұқсат болды. Алланың нұры Кіші жүздің топырағында қалатын болдың ғой. Таңламақшар күнінде пейіштің бір есігі осы сен жатқан жерден ашылады екен»,-депті. Осыны өз құлағымен естіген Нияз молданың ортаншы қызы Фазила апай ол кезде 13 жаста екен. Ал, Нияз молданың кімнен естігені бізге жұмбақ болып қалды.
Қостанайдағы «Әулие көлге» сапар шегіп барған Марал ишан сол жақта 1841 жылдың жазында дүние салады. Үлкен баласы Қалқай ишан мәйітін «Қырық мешітке» жеткізеді. Сонда бабаның көш басы, шаңырақты түйесі – Қара атан бір төбенің басына шөгіп алып, тұрмапты. Әулиені сол жерге жерлеп, кейін үстіне қазіргі үй тамын орнатады.