ЕР ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының бір тармағы, бізден тым алыста қалған қилы замандарда ғұмыр кешсе де, ізгілікті істері бүгінгі күнге өшпей жеткен ардақтылардың өмір жолын ұлықтау болып табылады.
Ер есімі мәңгілік, ел есінде қалады» десек, елі үшін аянбай тер төгіп, қызмет еткен арда азаматтарымыздың есімдері тарих парақтарына алтын әріппен жазылады.
Ұлы Отан соғысының ардагері Бисенәлі Халықовтың атына көше берілді. Ол 1925 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Аяққұм ауылында дүниеге келген.
Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін көптеген марапаттардың иегері атанған. Соғыстан оралған соң, 15 жыл Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы Қарашоқат темір жолында қызмет атқарды. Кейін зейнетке шыққанша Арал темір жолында еңбек еткен.
Артында қалған ұрпақтары барда атамыздың есімі ел есінде мәңгі қалары сөзсіз.
Көше атауын беру салтанатты рәсіміне Б.Халықовтың замандас інілері мен және көше тұрғындары, ұрпақтары қатысты. Алдымен аудан әкімінің орынбасары Рүстем Өтешов сөз сөйлеп соғыс ардагерінің өмір жолы мен шараның мән-мазмұнына кеңінен тоқталды. Шара барысында Бисеналы ағамыздың замандастары да сөз алып, естеліктерімен бөлісті.
Осылайша, қаладағы жүздеген көшелер арасынан Ұлы Отан соғысының ардагері Бисеналы Халықовқа бір көшенің есімі берілді.