ПРЕЗИДЕНТТІҢ «ЖАСТАР ЖЫЛЫН» ЖАРИЯЛАУ ТУРАЛЫ ҰСЫНЫСЫНЫҢ МӘНІ ТЕРЕҢ - ҒАБИТ ТҰРСЫНБАЙ
Қазақстан халқы Ассамблеясының Алматы облысы бойынша өкілдігі төрағасының орынбасары Ғабит Тұрсынбай Президенттің Қазақстан халқына жолдаған Жолдауына өз пікірін білдірді. Хатшылық меңгерушінің пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаев келер жылды «Жастар жылы» деп ұсынуының мәні тереңде жатыр, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі жастар ертеңгі елдің, жердің иелері. Сондықтан Елбасымыз келер жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынуы бекерден бекер емес. Тәуелсіздік жылында дүниеге келген, жаңаша ойлайтын ұрпақ осы елге-жерге иелік етуде ұрпақтар сабақтастығын ұмытпау керек. Біз елімізді, жерімізді осы жастарға сеніп тапсырамыз, себебі жастар біздің болашағымыз. Сол себепті бұл мәселені тереңнен қозғап, көтеріп отыр», - деді Ғ.Тұрсынбай.
Демек, Қазақстан халқы Ассамблеясының Алматы облысы бойынша өкілдігі төрағасының орынбасары бұл бағыт бойынша бірінші кезекте жастардың патриоттық сезімін, елге-жерге деген сүйіспеншілігін арттыру керек деп есептейді.
«Себебі жақсы білім алуға болады. Білімді жан-жақты, бірнеше тілді үйренуге болады. Бірақ туған елдің, жердің патриоты болмайынша өзінің еліне, жеріне қызмет ете алмайды. Тек жеке басының мүддесі үшін ғана қызмет ететін адамдар болуы мүмкін. Бізге осы мемлекетімізді, тәуелсіздігімізді баянды ететін, ұлы даланың салт-дәстүрін жалғастырып, келешек ұрпаққа жеткізетін елім, жерім деген жастар қажет. Жастармен осы бағытта жұмыс істеу керек деп санаймын», - дейді Қазақстан халқы Ассамблеясының Алматы облыстық өкілдігі төрағасының орынбасары Ғабит Тұрсынбай.
Айта кетсек, бүгін Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауын жариялады. Стратегиялық құжат еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналған.