ШАТТЫҚҚА ТОЛЫ ШАҢЫРАҚ
Жалағаш ауданына қарасты Мәдениет ауылының тұрғыны, 96 жастағы Батыр ана Өтеш Тасжүрекқызы бүгінге дейін бау тоқып, тұскиіз басады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеген кейуана бұл өнерге балалары мен немерелерін баулып жүр. Өтеш ана – 11 перзенттен немере, шөбере сүйген бақытты әже. Жалпы Махановтар отбасы да – Мәдениеттегі үлгілі әулет, шаттыққа толы шаңырақ.
Бұл отбасына барғанымызда қарт ана Елорданың 20 жылдығына арнап бау тоқып жатыр екен. Астанаға өзі жете алмаса да айтулы мерекеден қалыс қалғысы жоқ. Мемлекеттің әр жетістігіне қуанып, бүгінгі бейбіт өмірге шүкіршілік ететін ана ұлттық құндылықты жастарға дәріптеуді мақсат етеді.
Өмірдің ащысы мен тұщысын көрген әже еліміздің бүгінгі күні гүлденіп, өркендеп-дамып, бейбітшілік пен татулықта болуының бағасы аса құнды, әрі аса мәнді екенін өзгелерден артық біледі.
Бұл әулетте «Еңбексіз ырыс жоқ» деген басты ұстаным бар. Асыл анадан өрбіген ұл-қыздардың барлығы ел дамуы жолында қажырлы еңбек етіп келеді. Отбасының ұйытқысы Өтеш анамыздың шаңырағындағы бау-бақшасы да жайқалып тұр. Онда жеміс талының түр-түрі бар. Тіпті жаңғаққа дейін өседі.
– Бұл жеміс ағаштарын әжеміз қолдап отырғызды. Көктем шыға жеміс талдардың түбіне көң салып күтіп-баптайды. Соның жемісі болса керек, жылда мол түйнектеп, өнімді мол беретіні. Әжеміз әлі күнге дейін тұскиіз басып, кілем тоқиды. Жүннен жіп иіріп, одан түрлі үй жасауларын дайындау арқылы кезінде тұрмыстық керек-жарақты қамтамасыз еткен. Тіпті, соғыс жылдары сарбаздарға арнап қолғап, шұлық та дайындапты, – дейді кейуананың ұл-қыздары.
Екі ғасырдың куәсі Өтеш қария шөбересінің тұсауын кесіп, айтулы азамат болсын деген тілек білдірді.
Жақсылық пен жамандықты, бейнет пен зейнетті, қиындық пен қуанышты қатар көрген анаға қарап, қарттықтың ешқашан жаспен өлшенбейтініне, көңілдің қартаймайтынына көзіміз жетті.