ЕКІ СОҒЫСТЫҢ КУӘГЕРІ

Мұсахан Молдабаев қарияның фин және Ұлы Отан соғысындағы ерлік істері бейбіт еңбектегі еңбек жолдары кейінгі ұрпақтарға үлге-өнеге болып қала бермек. Оны Шиелі ауданының елді мекендеріндегі тұрғындардың, жас және аға ұрпақ-өкілдерінің білмейтіндері кемде-кем болар.
Кешегі кезеңдердегі қоғамдық өзгерістер Қазан төңкерісінің дүмпуі, алғашқы колхоздастыру, бай манаптардың дүние-мүлкін тәркілеу, ашаршылық және қуғын-сүргін жылдарындағы қиын-қыстау кезеңдер, Карело-Фин, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы отты жылдар т.б. ата-аналарымыздың бастан кешкен қиын-қыстау уақыттары туралы ұрпақтан – ұрпаққа жетіп, естерінен кетер емес.
Қаншама жылдар өткенімен тарих қойнауына сүңгіген майдан даласындағы қиын-қыстау өмірдің дәмін татқан ардагер жауынгерлер ешқашан ұмытпақ емес. Олар кейінгі ұрпаққа бейбіт өмірдің үлгісін тарту етті.
Солардың бірі де, бірегейі Мұсахан Смайылұлы Молдабаев аға 1914 жылы Шиелі өңіріне қарасты «Ақтоған» елді мекенінде дүниеге келген. Балалық балғын шағын өзінің туған ауылында масақ теріп, қозы-лақ бағып жүріп латын әрпімен сауатын ашып ер жетті.
1936 жылы 22 жасында әскер қатарына шақырылды. Қазақша, орысша сауаттылығын, қырағылығын, іскерлігін байқаған командирлері оны Белорусиядағы кіші офицерлер дайындайтын әскери училищеге оқуға жібереді. Оқуын үздік бітірген соң лейтенант атағын алған саяси жетекші (политрук) Ленинград облысындағы әскери бөлімшеге қызметке жіберіледі.
1939 жылы міндетті әскери борышын атқарып, елге қайтайын деп тұрған уақытында Финляндиямен соғыс басталып, атты әскер құрамында кавалерист болып соғысқа қатысады. «Ажалсыз өлмейді» дегендей ауыр жараланбай аман есен елге оралады. Фин соғысына қатысқан жауынгер Мұсекең осы жылдарда Оңтүстік өңірдегі «Мақтаарал» совхоз техникумын (үздік) ауылшаруашылық мамандығы бойынша бітіріп келіп, өзінің туған ауылы «Ақтоған» бөлімшесінің бастығы болып қызмет атқарады. Осы жылдары соғыс басталды. Ұзамай-ақ Мұсахан Молдабаев әскерге қайта шақыртылып, 1941 жылы аға лейтенант шенімен №57 гвардиялық атқыштар полкі құрамында алғаш рет батыс Украина шекарасында неміс басқыншыларымен бетпе-бет кездесті.
Фин соғысында небір жорық жолдарынан өткен, шайқас көрген ысылған жауынгер немістермен соғыста батыл соғысып, ерліктің үлгісін көрсетеді. Калинин майдан далсында жауынгерлік жорық жолдарын жүріп өтіп Ржев, Псков, Воронеж облыстарынның қаншама елді мекендерін жау қолынан азат етті. Ол кісінің Ұлы Отан соғысындағы ерлік жолдарын айқын дәлелдейтін марапат қағаздары мен ерлік істері үшін алған орден, медалдары дәлел боларлықтай.

Сексенәлі РАХАНОВ,
Қызылорда облысының құрметті қайраткері,
Жазушылар одағының мүшесі.