ЕЛ ЖҮРЕГІНДЕГІ ЕСІМ
Сыр өңірінің бүкіл өсу-өрлеу кезеңін, табанынан тік тұрып, тамырына қан жүгіртіп, ел экономикасы мен мәдениетінің даму тегершінің тетігіне айналуында аудандарды және облысты ширек ғасырдай уақыт басқарып, айрықша із қалдырып кеткен тұлға – Исатай Әбдікерімовтың есімін айтпай өте алмаймыз.
Егін сап, шығыр айдап күнелткен қарапайым отбасында дүниеге келген Исатайдың сауат ашып, хат тануына ағасы Жапардың қамқорлығы бөлек. Елде ашаршылық басталып, бүтіндей бір отбасының мүшелерін жалмап жұтқан тажал аузынан әупіріммен аман қалған бұл жанұя қолындағы малын колхозға өткізіп, өлмешінің күйін кешіп, жалғыз баланы Жаңақорғандағы интернатқа берген. Ашқұрсақ жүрсе де, өзегін талдырмай жарық қоғамға қол іліктірген көпір сынды болды бұл балалар мекені.
Аудандық сотта қызмет істеп жүрген ағасы Жапардың соңына үш әріптің адамдары түсіп, айыбы, «молданың баласы» деп 1938 жылдың қақаған қаңтарында ұстап алып кетеді. Қайран аға сол кеткеннен оралмайды.
Мектептен соң, бір жағынан қуғынға түскен қара тізімнен қара үзіп кетуді ойлаған Исатай Алматы қаласына жетіп, ауыл шаруашылығы институтына оқуға қабылданады. Бірақ қуаныш ұзаққа бармайды, соңыс басталып, қолға қару алып, жорыққа аттануға тура келді.
Ол әскерде Мәскеу, Тула, Калуга бағытындағы майданда шайқасады. Исатай әскерде жүргенде елдегі кәрі ата-анасына екі рет қара қағаз келген. Екеуінде де әкесі естірткелі келген адамдарды үйіне кіргізбей, «менің балам тірі» деп бет қаратпайды. Жүрегі алдамапты. Жараланған ұлі майданнан аман оралды. Келе сала педагогикалық институт пен жоғары партия мектебін қатар оқып, бітіреді.
1957 жылы облыстық партия комитетінің І хатшысы Мұхамедқали Сужиков оған үлкен сенім артып Шиелі аудандық партия комитетінің І хатшысы етіп тағайындайды.
Исатай Әбдікәрімов үшін Шиелі ауданында қызмет атқарған жылдар үлкен өмір мектебіне айналды. Ол өзі туып өскен атамекен мен көрші аудан өмірін салыстырып, өзінше ой түйді. Бұл екеуі оған бір-біріне ұқсамайтын екі түрлі мектеп тәрізді. Екеуінен де қатар білім алып жүрген шәкірт сынды. Облыс көлемінде шиеліліктер күріш өсіру мәдениетін қалыптастыруда жетекші орында тұрды.
1966 жылғы Мамыр Пленумынан кейін Сырдарияның төменгі саласын игеру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіле бастады. Одақта су шаруашылығы министрлігі құрылды. Су құрылыстарын, салатын, жер тегістейтін түрлі мекемелер қанат жайды.
Үкімет қаржы жағынан кенделік жасаған жоқ. Дария бойына екі су торабы, үш көпір түсті. Егіс совхоздары өмірге келді. 200 мың гектардан астам жерге дән себілді. Ыбырай Жақаев, Ұлбала Алтайбаева, Зәкира Ержанова, Хан Леонтий, сияқты еңбек майталмандары осы кезеңдері еңбекте ер атанды. Ал Исатайдың өзі Қазақстан Орталық Комитетіне мүше болып, омырауына орден-медаль тақты.
1962 жылы желтоқсан айында облыс аудандарын ірілендіру басталып, И.Әбдікәрімов Қармақшы ауданы өндірістік басқармасы аудандық парткомының бірінші хаштылығына ауыстырылды. 1965 жылы аудандар қайтадан еншілерін алып, өз алдына отау құрып шыққан мерзімде Исатай Жалағаш ауданының І хатшылығына тағайындалды. Бұл екі ауданды басқарған жылдары Исекең омырауына «Алтын жұлдыз» қадады, екі мәрте «Ленин» орденімен марапатталды. 1963 жылы Қармақшыда жүргенінде республика министрлер кеңесі төрағасы Д.Қонаев жанында тиісті өкілдерімен бірге аймақ тыныс-тіршілігімен танысуға келді.
– Димаш Ахметұлы, уақытыңыз жетсе, осы маңдағы шаруашылықтарды көрсеңіз деп едім. Аудан мен ауыл арасындағы жол жағдайы мәз емес, көпір жоқ, телефон орнатылмаған. Соның бәрі еңбекшінің шымбайына батып отыр. Сол ауыртпалықтарды көріп шықсаңыз деп едім, – деп елдің қиын жағдайын жасырмай, қайта жәрдем жасауына шынайы бағыт-бағдар түзген Исекеңнің жанашырлығы бұл аймақтың бағын жандырды. ІІІ Интернационал колхозына барар жолда паром күтіп, жаңбыр астында қалу, одан әрі ми батпақ жолмен шаруашылық пен шаруашылық арасына сағаттап әрең жету мехнаты ахуалдың бәрін толық білуге нақты жұмыстарға жол ашты. Демекең сол сапарда қасына еріп жүрген Қазақ ССР автомобиль жолдары министріне дария үстіне пантон көпір тұрғызуға, ауданда жол құрылысын бастауға тапсырма берді. Қаржысын шешуді өз мойнына алды. 1965 жылы Сыр бойына тағы жолы түскен Д.Қонаев өзі салдырған үлкен трассаның бойымен біраз шаруашылықты аралап, өзі салдырған көпірді көрді. Бұл кез Дінмұхаммед Ахметұлының Республика басшылығына келген кезі болатын.
Міне, Исекеңнің, Қармақшы, Жалағаш аудандарымен біте қайнасқан он жылы осындай жемістерге толы болды.
1972 жылы қарадан туып хан болғандай, кедей шығыршының баласы облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалды.
Ол кезде Қызылорда артта қалыңқырап тұрған, үлкен кәсіпорындар жоқ, экономикалық әл-ахуалы кейіндеп қалған өңір болатын. Сол кезге дейін өнім бермеген темір-бетон бұйымдарын және кірпіш шығаратын заводтарды қайта жобалап, кеңейту қолға алынды. Үй құрылысы жабдықтарын шығаратын комбинат жұмысын бастады.
Сол кезеңдері Арал проблемасы асқынып тұрған кез болатын. Теңізге су құятын Әму мен Сырдарияның сағасын бойлап, мақта мен басқа да ауыл шаруашылық дақылдарын көптеп егу туралы Мәскеу жарлығы күшінде тұрды. Теңіз табаны құрғап, балықшылар кәсіпсіз қалды. Су орнынан ұшқан тұз айнала ауаны улап, өсімдіктерді күйдірді, экологиялық ахуалды ауырлатты. Осы ауыр жағдайды Бас хатшыға жеткізуді мұрат тұтқан Исекеңнің Леонид Ильич Брежневтің қабылдауына жазылып, елдің арызын жеткізгені де есте. Арал проблемасы шешіліп тасталмаса да аймақта өндіріс орындары көптеп ашылуына қозғау салынды. Мемлекеттік жоспарлау комитеті мен бірнеше министрліктен өкілдер келе бастады. Күріш машиналарын жасайтын завод іске қосылды. Кейін қолдан-қолға тимей, колхоз-совхоздар кеңінен пайдаланған «ЖРК-5» жаткасы сол заводтың алғашқы қарлығаштары еді.
Исекең облыстың экономикасын ілгері бастыруымен қатар Сыр өңірінің өнері мен мәдениетінің өркендеуіне көп қамқорлық жасаған тұлға. Әбділла Тәжібаев, Зейнолла Шүкіров, Асқар Тоқмағамбетовтермен сыралғы дос болды. Әуелбек Қоңыратбаев рухани ағасындай еді, көп кеңесіп, көп ақыл алып отырды. Зейнолла 50 жасқа толғанда, құттықтап барып, «Волга» автокөлігі кілтін тарту етті. Мәдина Ералиева сынды әнші қызын, әкесі өмірден өтіп кеткен, өзі шиеттей көп бала тәрбиелеп отырған күрішші анасының үйінде кездестіріп, тікелей қамқорлығына алды. Алдымен музыка училищесінде, одан соң жоғары оқу орнында білім алуына ағалық қамқорлығын аямады. Мадина аға аманатын қалай ақтап шыққанына бүкіл ел куә.
Асыл азамат 1978 жылдың қыркүйек айында Республика бас хатшысы Д.Қонаевтың тікелей ұсынысымен Қазақстан Орталық Комитеті Жоғарғы Кеңесінің Президиумының төрағалығына тағайындалды. Ол кезде Кеңестердің қоғамдық ұйымдарға ықпалы өте тегеурінді роль атқаратын еді. Сондықтан да Исекең бұл қызметте де бетбұрысты қадамдарға барып, ел-жер, халық мүддесі үшін тағдыршешті мәселелерді шешуге қол жеткізді дей аламыз.
Қызылордаға әр жолымыз түскенде күннен-күнге жасарып, жайнай түскен, кезінде қазақтың қара шаңырағы болған шаһарымызға мақтана көз саламыз. Өткенсіз бүгін жоқ. Барша игіліктердің түп тамырында туған жері үшін бар қажыр-қайратын жұмсаған Исатай сынды ағаларымыздың асқар таудай еңбегі жатыр. Біз соны ұмытпасақ екен.
Мұзарап МАХМУДҰЛЫ,
Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы.